Өлеңдері

"Қазақ" құтты болсын!

1913

Дүниеге келді бізден бір талапты ұл, Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл. Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап, А, құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл. Үмітті Орынбордан бала туды, Қолына жарық сәуле ала туды. Мақсаты: қараңғыда жүрген халқын, Ойлайды тура жолға қаратуды. Күтіп ем туа ма деп көзім сүзіп, Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп. Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң, Тірілді өлген үміт қаным қызып, Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай, Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай, Жақындап жан шығарға шөлдегенде Құмартқан сусын бейне жұтылғандай. Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым, Бес-алты подписчикті тауып алдым. Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып, Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым. Табармын шамам келсе тағы жолдас, Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас. Үмітті жаңа туған жас баланы, Ағайын қырғыз-қазақ, түгел қолдас! Ойлама газет бізге не керек деп, Газетсіз ел жаны жоқ өлгенге есеп! Көл болар көп түкірсе деген қані Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?..

"Қазақ" құтты болсын! — Шәкәрім шығармалары | Shakarim