Шәкәрім танымындағы ұғым мәдениеті
Өнер сөздің жанын өлтірмейді, өрістетеді,
ғылымда басқаша, ол – белгілі бір сөзге мазмұн қосып, ұғым жасайды. Ұғым -
субстанцияның мәні. Ғылымның сапасын, оның ұғымдар жүйесі айқындайды. Ұғым
қалыптастыру барысында сөздің пайда болу себептілігін қатты ескеріп, сөзді
қисынымен пайдаланбаса тілдің құты қашады. Тілдің құтын қашырмай, сөздің
қадірін түсірмес үшін ғылымға сол ұғымды қалыптастыратын мәдениет қажет.
Ұғым мәдениеті – жауапкершіліктің
көрсеткіші. Ұғым мәніне бойлау үшін ұғым мәдениетінің қажеттілігіне бір мысал
келтірейік. Отандық ғылымда, нақты айтсақ, қазақ өнер философиясы мен
мәдениетінде әсемдік пен сұрықсыздық, асқақтық пен құлдыраушылық
деген ұғымдар қолданылып, қалыптасқан болатын. Кейінгі жылдары философия,
культурология (мәдениеттану) бойынша бағдарламалар, оқулықтар жазылып, осы
саладағы әлем классиктері еңбектері қазақ тілінде жақсы сериялармен жарық көре
бастады. Соларда жоғарыда аталған, әсемдік пен сұрықсыздық ешқандай дәлелсіз,
бірінде әсемдік пен тұрпайылық, екіншісінде әсемдік пен ұсқынсыздық, үшіншісінде
әсемдік пен ақымақтық т.б. болып беріле бастады. Соның бірінде құлдыраушылық
ұғымы тіпті арсыздық деп алынып, оған: «Арсыздық – зат пен құбылыстың эстетикалық құндылығын бейнелейтін қоғамдық мәні
жағымсыз категория» деген дефиниция берілген. Арсыздық тек адам бойында
кездесетін «дерт» екенін ойламаған. Ал, әлем классиктері аудармасының көбінің
тілі жансыз, сондықтан мәні өлі болып шыққан. Өкінішті.
«Сөз Алладан шыққан бу...» дейді Шәкәрім.
Сөздің жаны қайдан бастау алатынын өлшеулі ақыл танымайды, бірақ сезінеді. Сөз
– жанға қатысты феномен. Тіпті, сол
сөзді бедерлейтін таңбаның өзі Жаратушыдан деген таным бар: «...вначале был
знак и его устное описание – слово. Это были эмблемы Бога и имена Его»(1,10).
Сол таңба сөзінің өзіне, яғни, таңба ұғымына қазақ ерекше ықылас қойған, мәніне
жеткен, маңызын түсінген. Тіршілікте көп салада, кеңтарапта пайдаланған.
Мәселен, шекарадағы мекеме атауына жұмысына харекетіне қатысты бабаларымыз
таңба ұғымын қолданған. Оны орыс, т.б. дерек көздері растайды: «Таможня (от
тамга), гос. учреждение...», немесе «Тамга (тюрко-монг.) - знак собственности (тавро), имевший распространие...», т.б. (2,1178). Таңба
ұғымын философия, мәдениеттану, логика, лингивистика, психология және семиотика
салалары қарастыратыны белгілі. Тек, өкініштісі, жоғарыда аталған контексте
таңбаның орнына кеден ұғымы берілген. Айналымға солай түсіп кетті. Неліктен?
Тарихи таным тұрғысынан қалай түсіндіреміз? Ойланатын мәселе.
Қазақ ғылымы мен мәдени-философиялық таным
жүйесіне ұғым мәдениеті бүгінде аса
қажет. Тәуелсіз Ел болған кездегі ұғым жүйесіндегі «алаңғасарлық» абырой
әпермес әрекет. Қазақтың мәдени-философиялық санасына сырттан таңылған антропологиялық апат кезеңінің өзінде
ұлттық танымда ұғым мәдениетінің төрінен көрінген екі тұлға болды.
Бірі – халық Қажы деп құрметтеген Шәкәрім,
екіншісі Ахаң деп аялаған – Ахмет Байтұрсынов.
Ахмет
Байтұрсыновтың ұғым мәдениеті басы ашық мәселе. Бір өзі – бір ұлттың Ғылым
академиясы. Қазақ филологиясының ұғым жүйесіндегі еңбегі өлшеусіз. Ал, Шәкәрім
болса қазақ мәдени-философиялық ұғым жүйесін қалыптастыруға өз шығармашылығында
саналы түрде мақсаттап барған. Шығармашылығында деп отырғанымыз, философиялық
трактатында ғана емес, өнерінде, әсіресе, поэзиясында бейнелі
мәдени-философиялық жүйе құрған. Осындайда Мартин Хайдеггердің «Болмыс(барлық),
ақынның тілінде көрініс табады» деген сөзі есіңе түседі. Шындығында адам мен
екі дүниенің тұтастық болмысын (онтологиялық антропология) сезінетін ақындықта
құдырет бар. Осы құдырет Сократтың сұхбат өнеріндегі сияқты, Шәкәрімнің
философиялық лирикасында (әсіресе, антропологиялық философия) дарындылықпен көрінген.
Сократтың өнері – философия, философиясы –
өнер болатын. Шәкәрімнің поэзиялық антропологиясындағы алтын желі –
адамдық қасиет те сол ағындағы даналыққа құштарлығымен ерекшеленеді. Адамдық
қасиет адамда о баста бар, бірақ оны азғындау арқылы жоғалту мүмкіншілігі де
бар екені ақын поэзиясында көрініс тапқан:
«Еріншектен – салақтық, Салақтықтан – надандық. Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық...». Еріншектік – адам бойына енсе зорайып өсе
берер жағымсыз сипат. Асқынса салақтыққа айналып, түбі емделмейтін надандыққа
жеткізеді екен. Ал, өз кезегінде надандық адамның адамдық болмысын толық
теріске шығаратын, адамшылығын іштен жоятын, адам бойындағы талай кесапатқа жол
ашып беретін әлеуметтік індет. Олар
адамдықтың басты жауы, денеге бір кірсе шықпайтын, еселеп өсетін дерт екенін
Шәкәрім көркем философиясында анық ашып көрсеткен. Көркем философияда ұғымдар
жүйесін қалыптастыру арқылы адам метафизикасына бойлаған. Шәкәрімнің
философиялық лирикасында насихат бар, бірақ, ол поэзияда кеңестік идеология
тудырған «үгіттік насихат» емес, ар іліміне негізделген адамдық (гуманистік)
насихат. Поэзиядағы насихат-метафора кісілік биіктік пен ақындық аңсардың
нәтижесі. Шәкәрімнің философиялық лирикасында субстанция мен акциденцияның
бірлікте көрініс табу феноменін көркемдік-эстетикалық, мәдени-философиялық,
діни-теологиялық ұғымдар байқатады: ақыл, ақиқат, абырой, ажал, ар, адамдық,
әдеп, әділет, рахым, ынсап, ұждан, ұят, сабыр, сақтық, мән, бейіс, ғашықтық,
махаббат, насихат, құштарлық, құмарлық, көңіл, жан, тән, өмір, тіршілік,
жаралыс, жаратылыс, т.б. Шәкәрімде осы ұғымдардың
әрқайсысы түрлі реңкте қолданылып тұтас жүйе құрайды.
Сол ұғымдардың бірі, ақылдың
қолданылуына, ақын шығармашылығында көрініс табуына, яғни Шәкәрімнің ұғым мәдениетіне тоқталайық. Шәкәрім ақыл ұғымын түрлі контексте, кеңтарапта қолданған: жанды ақыл, ақылды жан, таза ақыл, арлы
ақыл, ақыл көзі, толық ақыл, терең ақыл, аз ақыл, анық ақыл, арақ ақыл, мас
ақыл, ақыл құсы, сау ақыл, ақыл – нұр,
хайуандар ақылы, саяз ақыл, ақылды зат, азат ақыл, мол ақыл, шын ақыл,
ақыл-айна, өз ақыл, еркін ақыл, жайлы ақыл т.б. Шәкәрім ақыл туралы
«Пайғамбар қыл ақылды», «ақылдың шолғыншысы - ойқұмарлық», «ақылыңа сынат»,
т.б. тіркестерді жиі қолданады, оның статусын көтереді. Демек, Шәкәрім ақылдың
мәнін ашуға аса күш салған. Ойқұмарлықтың өзі ақыл емес екен, ол оның
шолғыншысы екен. Шәкәрім анықтаған ақылдың әрбірі жеке зерттеуді, танып білуді
талап етеді. Алдымен, ақылдың өзіне, зерттелу тарихына тоқталайық. Дін мен
философияда, ғылымда ақыл көп қарастырылған, өрістете зерттеліп жүрген ұғым.
Адамзат ойының түйіні, ғылымның танымы, діннің сенімі – ақыл адамның негізгі сипаты, маңызды
қасиеті дегенге келеді. Адамның ақыл арқылы әлемді тануға ұмтылысын философияда
рационализм деп атаса, ал метафизикалық рационализм деп сол ақылға деген
сенімді айтады. Адам танымының кеңістігі ақылмен шектелмейді, сезімдік таныммен
өзгеше өріс табады. Ақыл мен сезімнің үндескен жерінде Жаратушы, Жан және әлем
идеялырының жүйелік принциптері қалыптасады. Онтологиялық деңгейге көтеріледі.
Философия тарихында ақылды танудағы ізденістер толастаған емес: ақыл – абсалютті шындық, ол – барлық(болмыс),
өмір оның айнасы деген панологизм; ақыл адамның сипаты, қасиеті деген
натурфилософтар, грек тілінде қолданылған «Нус» ұғымы да ақыл туралы, бүкіл
ғалам «жанды» дейтін діни-философиялық сенім мен танымның да ақылмен байланысы
бар.
Шәкәрімдегі ақыл ұғымының мәні ерекше, берілу тәсілі аса
өрісті. Мәселен, «Үш анық» философиялық трактаты: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді...» деп
басталады. Шәкәрім ақыл деп қоя салмай, «бас көзі», «ақыл көзі» дейді және
адамның ақиқатты ақыл көзімен көретінін анық айтқан. Бұл кездейсоқтық емес,
Шәкәрім танымының бастауы, тұтас Ар ілімі концепциясының негізі – ақыл көзі.
Кейіннен, осы еңбекте, өзінің жаралыс, жаратылыс, жаратушы, жан, ұждан сияқты
адамзат баласын толғандырып келе жатқан мәселелерге ақыл көзімен(жүрек көзімен)
жету туралы сырын ашады. Бәлкім, Шәкәрімнің ақыл көзі Абай айтатын өлшеусіз ұлы
ақылды тануға ұмтылған сыр-айнасы болғандықтан да ақиқатты танитын жол деп
сенімді айтып отыр. Қалай болғанда, ақылға ерекше мән берілген. Шәкәрімнің осы
ойы философиялық лирикасында жалғасын тауып жатады: «Ақылдан ойға сыр тарап, Үміттің
шамы жанған күн. Жар есіркеп бер қарап, Нұрына жүрек қанған күн».
Шәкәрімнің ақыл көзі – антропологиялық
философияға, теологияға әкелген ұлттық танымдағы концепткатегориясы. Шәкәрімнің
«Үш анық» философиялық трактатында ақыл ұғымына ерекше орын берілгені, осы
ұғымды жүйелі әрі түрлі контексте қолданғанынан байқаймыз. Мәселен, Шәкәрім
барлық тіршілік иесінің өсіп-өнуге қам қылатынын айтып, бұл – барлық
таласы екенін, яки жаратылыстың
берік жолы екенін айтып келіп, былай дейді: «Сондықтан барша адам шамасына
қарай, қай бірі өзі үшін, қай бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық
бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады».
Сөйтіп, толық адамның ғылыми дефинициясын береді. Толық адам барша адамзатты
ойлайды екен. Толық адам болудың негізгі факторы «барша адам үшін жақсылық бақ іздеу екен». Толық адам ақылдың
қарауында болуы да бір белгі екен. Осы еңбегінде Шәкәрім сау ақыл ұғымын да қолданады. Және ерекше мән беріп қолданады. Сау
ақыл ноқтасыз және науқассыз болуы керек. Сау ақылдың үнемі қозғалыста,
ізденісте болатынын да аталған екі жол туралы ой толғағанда атап өтеді: «Бұл
екі жолдың түбі қайдан шыққанын тексерсе, адамдардың біз һәм әлемдегі барша
нәрселердің қайдан бар болғанын, мұны кім жаратқан деген ойынан шыққан. Неге
десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды және адам жаңа бір нәрсені көрсе
мұны кім жасаған, бұл неге керек демей қоймайды? Сондықтан жаратушыны іздеп
әркім әртүрлі ой жүргізген». Ақылдың
субстанциялық түпнегізбен бірлігін, соған ұмтылысын ашып көрсетеді. Шәкәрім
осы еңбегінде екі жол туралы білімділер сөзімен таласқа түсіп, қорыта келіп өзінің тұңғыш ойы екенін айтады. Басқа біреудің ойымен
үндес шығуы мүмкін екенін де, реминисенциялық
табиғатының болуын да теріске шығармайды. Қорытындысында, «Барлықтың түп себебі
жаратушының білім, құдырет шеберлігінде өлшеу жоқ» деп айтып келіп, Жаратушының барлығы туралы өз ойын толық ашу,
дәлелдеу барысында ақылға қатысты «есті ақыл, естінің ақылы» ұғымдарын
қолданады: «Біз естінің ақылын, күштінің қуатын, ұстаның шеберлігін ісінен
танимыз. Менің ойымша, бүтін барлықтың бәрі, бізді осындай болмақ жолды салған
түп жаратушының білім, құдырет шеберлігінде. Өлшеу жоқ деп бізге секунд сайын
айғайлап тұр: Бізге дүние түпкі сырын, Көрсетіп те айтты ғой. Елемеді оны біздің,
тіпті өзімшіл мисыз ой» деп көркем философиямен тұжырымдайды. Шәкәрімнің осы
еңбекте Жанды – субстанция,
ақылды соның акциденциясы ретінде қарастыратын сәті бар: «Жан менің айтқанымдай
баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда
біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның
жоғалуына еш дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның
бірінен бірі артылатын қасиеттерін анықтап бөліп айтпай бәрін де бір жан деп
келдім. Жан әр түрге түседі. Мәселен, инстинкт-сезімді
жан, сознание-аңғарлық жан, мысль-ойлайтын жан, ум-ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады». Яки, ақыл
субстанцияның өзі емес, субстанцияның қасиеті болып тұр, және ақылды жан бір ұғым болса, онда
субстанция. Шәкәрім ақыл туралы ойын Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылмен ұштастырып түйіндейді: «Аңғару, ойлау
ерікті хайуанның бәрінде бар. Бірақ олардың да бірінен бірі есті, бірінен бірі
шебер, оны теріп жазбасақ та әркімге белгілі. Адамның күйі сол хайуандардан
есті болмаса да, толық терең ақыл
адамнан шығады. Бірақ сол адам да табиғаттан
шебер емес». Табиғат – Шәкәрімде
мәңгілік ұғым. Шәкәрімнің ой түйіні осы жерде байқалған. Ол толық терең ақылдың
тек адамнан шығатыны, солай бола тұра адамның өзі табиғаттан (Жаратушыдан)
шебер емес. Ар іліміне негізделген, имандылыққа, ұжданға шақырар ең дұрыс жол
мұсылман жолы екенін де осы еңбегінде атап айтқан: «Адам атаулыны бір бауырдай
қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа
түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да
бір түрлі жан тіршілігі бар».
Ақыл
ұғымы көркем шығармада қалай
көрінісі қандай? Шәкәрімнің
философиялық лирикасында, жалпы көркем философиясында да ақыл ұғымы жүйелі әрі
түрлі контексте мол қолданыс тапқан. Солардың ішінде ерекше орын берілгендері – таза ақыл мен жанды ақыл. Таза ақыл мен
жанды ақыл ұғымдарын қалай қолданған, соларды мысалға келтіріп барып, ой
қорытайық: «Бар ғылымның түп атасы, Таза ақылмен ойлану». Шәкәрім таза ақыл
ұғымын бұдан да басқа оншақты өлеңінде келтірген. «Осы әлемде барша барлық,
Жанды ақылдың табысы». Шәкәрім ақыл ұғымын барлық қырынан тексеріп, оның
сипатына терең барған. Соның басты бір қабаты осы таза ақыл мен жанды ақыл.
Қасиетіне, болмысына қарай анықтаған осы екі
ұғымды Шәкәрім жай ғана келтірмей жүйемен берген. Оның әрбірі жеке-жеке
санаға салып өлшеуді талап етеді. Мынаны айтып отыр деп шолақ қайыруға келмейді.
Контекстен бөлек алып қарастырсақ та түп негізі тереңде екенін байқаймыз. Біз
оған екі сілтеме келтірейік. Бірі, Шәкәрімнің өзі келтірген сілтеме: «Құранды оқы нанбасаң». Екіншісі,
Ғарифолла Есімнің «Жаралыс басы - қозғалыс» өлеңін талдау барысындағы айтқан
ойына сілтеме: «Шәкәрім жанды ақыл дегенде ақылдың генезисі туралы айтып отыр.
Ақыл қайдан шықты немесе қайдан пайда болды дегенде, ол оны жаннан шығарған,
содан барып «жанды ақыл» деген түсінік қалыптастырған».(4,46). Осыдан белгілі
болды, бар ғылымның түп атасы таза ақыл ойлану, соған сынату екен. Әлемдегі
барша барлық та, еш нәрсе бос қалмақ емес, бәрі мейлі шөп пен топырақ жанды
ақылдың табысы екен. Шәкәрім неге Құранды оқы дейді, бәрі жанды ақылдың табысы
дейді, ақылдың генезисі қай жерде? Абай айтатын өлшеусіз ұлы ақылдың өзі ме,
жоқ әлде содан нәр ала ма? Шәкәрім, осылай ой
жарысына өріс ашады, таным көкжиегін көркем философияда кеңейтеді. Шәкәрім адресатты қашан да ақылға бағыттап
отырады: «Пайғамбар қыл ақылды, Сол табады мақұлды». Мұсылман әлеміндегі
пайғамбардың статусын білетін данышпан, ақылды сол дәрежеге көтеріп отыр. Ал,
қандай да ұғымды түпкілікті қарастыруы Шәкәрімнің ұғым мәдениетінің анық
көрінісі.
Әдебиеттер:
1. Сулейменов О. ЯЗЫК ПИСЬМА.
Взгляд в доисторию – о происхождении
письменности
2. Большой энциклопедический
словарь. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: «Большая Российская энциклопедия»; СПб.: «Норинт», 2001. – 1456 с.:
ил.
3. Даль, В.И. Большой
иллюстрированный толковый словарь русского языка: современное написание: ок.
1500 ил. / В.И. Даль, - М.:
Астрель: АСТ: Хранитель, 2006. – 348,[4]
с.:ил.
4. Есім Ғармфолла. Данышпан Шәкәрім. – Алматы: Атамұра, 2008. – 336 бет.