Мақалалары

Абылай хан мен Қалдан ханның сөйлескені

Алғаш Әбілмансұр ханның қалмақ пен қазақ соғысқанда жекпе-жекте «Абылайлап»
шауып, қалмақтың Чарыш деген батырын өлтіріп, Абылай атанып, хан болғаны
халыққа мәлім шығар.
Чарыш – қалмақтың Қалдан ханына күйеу екен. Қалдан «Чарышты Абылай өлтіріп,
хан болыпты» дегенді
естіп, қаһарланып, «Абылайды ұстап әкел» деп 20 мың ғаскер аттандырыпты.
Абылай ел шетінен қарауыл қарап, Ұлытауда ұйықтап жатқан жерінде қалмақтың
қолы ұстап алыпты. Абылай қолдан жөн сұраса, бір ғана өзі үшін аттанған қол
екенін білген соң, күтінбеген елді шаптыртып қайтемін деп: «Мен – іздеген
Абылайың», – депті. Қалмақтың қолы Қалданның тапсырған Абылайын тапқан соң елге
тимей қайтыпты. Бұл мәнді ел естіп, Әбілхайыр ханға хабар жеткізген соң, Әбілхайыр
жәрдем сұрай Орынбордағы Неплюев деген генералға: «Біз орысқа қарағалы жүр
едік, менің інім Абылайды Қалдан ұстап әкетті, осыған жәрдем қып, босатып бер»
десе, Қалданнан сұрата Миллер деген майорын жіберіпті.
Қазақтан тоқсан кісі сұрай барса, Абылайды арық атқа жайдақ мінгізіп,
сауыт-сайман кигізіп […] айналтып,
жетектетіп қойған екен. Сұраушылар жиылған соң, Қалдан Абылайды алдына шақыртып
алып: «Мен сені Чарыш сықылды батырдың орайына өлтіргелі отырмын, не арманың
бар?», – депті. Абылай айтыпты: «Үш арманым бар: 1) мен аң сықылды жосып жүрген
қазақ деген халыққа хан боп едім; бір жерге қала салып, ірге тепкізе алмай
жосыған күйінде қалдырам-ау деп арман қыламын». Қалдан «жөн» депті. 2) мен
Чарышты қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім, сен аты қалмаққа сауын айтып
әскер жібергенде, мен дін мұсылманға хабар айтып, Чарышша майданда өлмей,
қапыда ұйықтап, ұстатып өлдім-ау деп арман қыламын». Қалдан «жөн» депті. 3) мен
төрт атадан жалғыз едім, балам жоқ еді, мен өлсем тұқымым құрып кетеді-ау деп
арман қыламын» дегенде, Қалданның басы төмен түсіп кетіп, қалмақша «Мен де үш
атадан жалғыз едім, бұ-дағы менің Көбегенім сықылды екен ғой!», – деп баласын
көрсеткенде, Абылай: «Алдияр!» – депті. Қалдан: «Неге қуандың?» десе, Абылай:
«Мені балаңа теңедің, балаңды өлтіресің бе?», – депті.
Қалдан: «Жарайды, отыр!» – дегенде, олай-бұлай жан-жағына жалтақтап тұрса,
босағада қол-аяғы құлыптаулы, аң аулап жүрген уақ Өтегенді ұстап алып, байлап
қойған екен. Өтеген еңбектеп келіп жауырынын тосқанда, Абылай көтін қойып
отырды.
Қалдан Өтегенге: «Мұның қалай?» десе: «Мынау тұғырсыз жерге қонбаған ақ
сұңқар еді, мен алтын тұғыр болсам, аз ба!» – депті.
Қалдан кигіз, көрпе салғызып Абылайды отырғызып: «Еліңде қой көп пе?» –
десе, Абылай: «Көп», – деп жауап береді.
Қалдан: «Қой – ұры, қойшы – өтірікші» деген, ауыл үйдің арасынан ұсақ
жанжал, берекесіздік қалмайды десеңші», – депті. «Сиыр көп пе?» – десе, Абылай:
«Көп», – депті.
Қалдан: «Қазақтың баласы айранға сүйеніп, еңбекке еріншек, ақымақ болады
десеңші», – депті.
«Қазақ егін сала ма?» – десе, Абылай: «Жоқ, егін салмайды», – депті.
Қалдан: «Адам егін салып, жер емшегін ембей, жерге бауыр баспайды, әлі де неше
төңкерілерсің», – депті.
Абылайдың алғашқы арманын, Қалданның долбарын естімеген ел жоқ, бірақ іске
асырған да адам көрінбейді. Әрне іс бастаушыдан бір болса, қостаушыдан екі деп
білуге болады-ау.
Қазаққа Абылайдан өкіметті хан болды ма? Алғашқы хан болғандағы арманы –
қала салғызбаққа 70-ке келгенше 70 үйдің басын бір жерге қоса алды ма?
Елі білмей, өзі білген ер – дарияның жүзіндегі жаңқадай ағынға амалсыз
айдалып жоғалады тағы.

Абылай хан мен Қалдан ханның сөйлескені — Шәкәрім шығармалары | Shakarim