Ардақты Сәбит бауырым!
ХIІ/11 де жазған хатыңызды жаңада ғана алдым. Бүгiн Аягөзге жүрмек
адамнан осы хатты асығыс жаздым. Қолымда барынан біраз ғана жазбамды жiбердiм.
Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайлақ әңгiмесi», «Қазақтың түп атасы», 25
жасымда жазған «Бозбала мен кәрiлiк», 32 жасымда жазған «Баламен айтысып
жеңiлгенiм». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзіңіз пошта қаражатын
төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған: «Қазақ айнасы», «Еңбік-Кебек»,
«Қалқаман-Мамыр» деген өлеңдерімді әрбірінен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр)
дана бастырып, елге таратып едім. «Қазақ, қырғыз қалмақ түрік» шежіресін де бір
мың бастырып таратып едім. Соларды балаларға іздетіп, шежіренің бір жыртылып
қалғаны табылып: бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған да сөздер бар
болғандықтан, көшіріп жатырмын түзетіп. «Әділ-Мария» деген романымның көшірмесі
Алма-Атадағы осынан барып қызметте тұрған Бағдәулет Құдайбердіұлында бар шығар.
Оның тұрағы Алматыда, Лепсинский көшеде № 63. Сол балада: Американың Бичер-Стоу
деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағайдың балағаны» деген
қазақшаға аударғаным бар шығар. Бірақ, оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Бұл
екеуін де бір баламыз өлең де қылып еді, табылса менің сөзше жазғанымды
бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесін өзіңіз білесіз. Қолымда «Шын бақ әңгімесі» деген
пьесаға аударуға лайықты бір романы болса да, басқа кісі оқи алмастық черновой
болғандықтан көшірмей жіберуге болмайды. Және Пушкиннің «Дубровский» деген
романын қазақша өлеңге аударып, ана бір жылы Семейде бастырылып еді. Ол үйде
бар еді, мына адамнан жіберуге болмады, бұлардан басқа да аудармаларым, өлең сөздерім
бар. Бірінші, уақыт тығыз болып, 2 інші 45 жасымнан бергі өлең сөздерім
философия жағына салынып, «об отвлеченного вопроса объективное рассуждение» болғандықтан, «үкімет басуға рұқсат қылмас
және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба» деп жібермей қалдым. Себебі: жан
сыры, жаралыс сыры, дүниедегі тамам шатақ діндер туралы жазылған.
Қырықтан аса бергенiмде: «Жан не? Дiн не? Барша әлем қалай жаралған?
Адамға жаратушы жағынан не өзiнiң ар, ынсабы жағынан салынған мiндет бар ма?
Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адам бұл
өмірде не қылған жөн?» деген сияқты ылғи дене сезiмiмен сезiлмей, iш жаққа:
әдетiне, дiнiне, нанғанына, құмарына бұрылмай
ойлайтын ноқтасы – таза ақылмен ғана бiлетiн iстер туралы: дiн ғалымы, ғылым
ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кiтап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін
тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен: «пәлен пайғамбар, түгілен философ,
профессор айтты» дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса
да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам.
Мақтанып кеттім. Мақтан емес, іздегенім тамам адам пайдасы болғандықтан ақыл
айтқан хақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін.
Міне, осыны айтып отырғанымда адамшылық арым: «барша
адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге
жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің?» деп еркімді билеп: «Жан сыры,
жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім.
Әттең, дүние, осыны құры қазақша ғана басып
қоймай, орысшаға жақсы переводпен (смыслын) переводтап, ғылымды азаматтың бірі
еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма
еді? Тірі күнімде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың
қабыл алғанын біліп өлсем, армансыз болар едім. Бұл «Жан сыры, жаралыс сыры»
басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтінем. Лажы болса қолжазбаларымның
бәрін қайтарып отырарсыз.
Тағы бір тілегім: менің қай жазбам басылса да,
басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан 50 данасын жіберсеңіз
екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшін. Қайсысы басылса да, «Мұтылған»
деген атыммен басылғаны жөн болар еді.
Бір сөзім: менің кейбір өлеңдерім қазақтың бұрынғы
өлең, жырларының әнімен айтылмайды. Әрқайсысының өзім шығарған әні (мотиві)
бар. Әнді хатпен ұғындыруға болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілікті үкімет
басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан қолда қаражат, баста бостандық қалмай
тұр. Хош! Бақытты болыңыз!