Мақсұд
Бір Алла, бергеніне сансыз шүкір, Қалған жоқ зая болып қылған пікір. Бітірдім түрік, қазақ шежіресін, Болса да кемшілікті, қисық бүкір. Елім-ау! Неге ерініп тек жатасың, Ғылымға бір кіріссең дән татасың. Қалжың емес, қам үшін жаздым мұны, Білсін деп кейінгілер түп атасын. Атаны атағанмен білім артпас, Сөйтсе де білген адам құры жатпас. Қыбырлаған қиыннан шығар деген, Қозғалмасаң қолыңнан кісі тартпас. Жазғанда мақсұтым көп менің тағы, Қазақтың қараңғы еді артқы жағы, Мұны оқып ата жөнін біліскен қазақ Артымнан дұға қылсын дедім-дағы. Құр шежіре демеңіз мұның өзін, Ойлаңыз ғибрат алып әрбір сөзін. Берекелі күн қандай, бұ күн қандай, Соған салып қараңыз ақыл көзін. Бұрынғы бір кісідей тату жандар, Билеген талай елді есті хандар. Көре алмай бірін-бірі күндеймін деп, Не болды соның арты, байқасаңдар. Құлақ сал алаңдамай анық сөзге, Кім кейін, кім ілгері көрер көзге. Артыңды оқып, алдыңа көз жіберсең, Ел бар ма есер, епсіз бізден өзге.