Мақалалары

Шәкәрім тіліндегі морфологиялық көрсеткіштердің стильдік қызметі

Шәкәрім шығармалары тілінің морфологиясы дегенде, ең алдымен, стилистикалық
мақсатта тілдік тұлғаларды қолдану ерекшеліктеріне назар аудару қажет. Көркем
шығарма тілінде сөздер ғана емес, морфологиялық тұлғалар да белгілі бір
стильдік, көркемдік қызмет атқарып тұрады. Шәкәрім тілінде сөз тудырушы
тұлғалар да, көркемдік мақсатқа қызмет етіп отырған. Тілде бірқатар сөз
тудырушы жұрнақтар атауыш сөз жасаумен бірге, экспрессивті-эмоционалды мағына
да тудырады. Шәкәрім тілінде -сын, -сін етістік тудырушы жұрнағы арқылы
жасалған сопысын, оқсын сияқты т.б.
сөздердің жағымсыз экспрессиясы айқын болып келеді. Өйткені -сын,
-сін жұрнағы жорта жасалған амал-әрекетті білдіреді. Сопысыну – сырт қарағанда діндар сопы сияқты амал жасағанмен, шын
мәнінде имансыз, екі жүзділігін паш етеді. Сол сияқты ақсын – көрер көзге адал болғанмен, нағыз арамды әшкерелейді. Шәкәрім
де жалғаншының бет пердесін сыпыру үшін де осы сөздерді қолданған.
Мысалы, Мақтанады жетілген кісімсініп,
Қулыққа қалыппын деп қатты ысылып. дегенде, кісімсін сөзінің де жағымсыз экспрессиясы -сін жұрнағының жалғануынан туып тұр. -сы, -сі жұрнағы арқылы жасалған сөздердің де жағымсыз
коннотациялық мағынасы бар. Осы жұрнақ арқылы жасалған: бұлықсы, қылықсы, толықсы сияқты т.б. сөздер де стильдік мақсатқа
қызмет етеді. Бұл жұрнақтың да семантикасы -сын, -сін жұрнағына ұқсас. Адамның жасанды қылық, әрекеттерін
көрсетеді. Қазақ тілінде сын есім тудыратын өнімді жұрнақтардың бірі -ғыш, -гіш болып табылады. Бұл жұрнақ
арқылы жасалған сөздер бір іске, әрекетке бейімділікті білдіреді. М., білгіш, тілалғыш, айтқыш сияқты т.б. Шәкәрім
осы жұрнақты пайдалана отырып жағымсыз мағыналы: көргіш, сезгіш, мейірім бергіш сияқты экспрессоидтар жасайды. Бұл
сөздердің коннотациялық мағыналары мәнмәтін ішінде барынша айқындала түседі.
М., «Ысылған ерте сезгіштер, Алыстан
қарап көргіштер», Еліне мейірім бергіштер. Осы жолдардан ақынның оқыған
пысықтардың елдің берекесін қашырар әрекетіне деген жек көрініш сезімін
аңғарамыз.
Шәкәрімде сын есім тудыратын -сыз
/-сіз жұрнағы да өнімді қолданылады. Әрі бұл жұрнақ арқылы сөзжасау белгілі
бір стильдік мақсаттан туындап жататыны байқалады. Мысалы, «Жайдары күлдіргіш, қалқалам, Ұятсыз, әдепсіз салқам. Өлеңде -сыз/-сыз жұрнағының қолданылуы
жағымсыз әсерді күшейткен. Шәкәрімнің «Қош!» атты өлеңінде -сыз/-сіз жұрнағы ұйқас түзуге қатысқан: «Бір жол бар келгісіз, Қайта өмір көргісіз. Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз». Ақын -сыз/ -сіз жұрнағын
қолдану арқылы жоқтыққа, болымсыздыққа назар аудартып тұр. Тынымсыз, ғылымсыз, білімсіз сияқты зат есімдерге жалғану арқылы
белгілі бір қасиет, сапаның жоқ екенін білдірсе, тыюсыз деп қимыл есімімен келгенде болымсыздық мағына тудырған. Ал,
келгісіз, көргісіз сөздерінде -ғы/-гі қимыл есімінің көне түріне
жалғанғанда да ерекше мағына берген. «Бір
жол бар келмейтін, Қайта өмір көрмейтін» деп болымсыздық жұрнағын немесе келусіз, көрусіз деп те қолдануға
болушы еді. Дегенмен Шәкәрім келгісіз,
көргісіз тұлғасын таңдап алу арқылы заманадан көңілі қалып тұрғанын да
білдірген. Жалпыхалықтық тілде «қайта
көргісіз болып бет жыртысу» сияқты
қолданыста көргісіз сөзтұлғасында
шешімнің үзілді-кесілділігі мен көңіл қалу сияқты мағыналар бар. Қазақ
тіліндегі -дай/-дей жұрнағы сын есім
тудырады. Әрі стильдік тұлға ретінде теңеулік құрылым жасаушы жұрнақ болып
табылады. Шәкәрім шығармаларында да -дай/-дей
теңеу жасауда өнімді қолданылады: иттей,
қойдай, сұңқардай, арыстандай, айдай, балдай, дариядай т.б. Шәкәрімде осы
жұрнақтың -ғандай, -гендей күрделі
жұрнағының құрамында қолданылуы бар. Қазақ тілінде бұл жұрнақ болжалдық,
салыстыру мағыналарын да білдіреді. Шәкәрім бұл тұлғаны көркемдік мақсатқа орай
жұмсаған. М., «Кәрілік – шал деген бір
ат қылғандай, Айнадай ақылыңды тат қылғандай. Жеңілді ауыр, алысты жақын қылып,
Бір туысқан жақынды жат қылғандай.» Мәтінде -ғандай тұлғасы салыстыру мағынасын ғана беріп тұрған жоқ. Сонымен
қатар лирикалық кейіпкердің кәрілікке мойындағысы келмеген, басына түссе де
сенгісі келмегендей ішкі арпалысын да аңдатады. Сын есімнің салыстырмалы
шырайын да стильдік мақсатта қолданады. М., «Құлағын киер тымақтың, Мойны бостау шырақтың». Өлеңде бостау салыстырмалы шырай тұлғалы сын есімді мысқыл тудыру үшін
алған. «Қасқыр, түлкі, бөдене» атты өлеңінде:
«Тойғанда тұрпайылау мінезім бар, Өкпе
қылма ойынды шынға балап» деп қасқырдың өз мінін өзіне айтқызады. Тұрпайылау оспадар қылығын майдалап
тұрған қасқырды әжуалау үшін жұмсалған. Шәкәрім шығармалары тілінде тағы бір
ерекше стильдік қызметімен көрінетін морфологиялық тұлға етістіктің -мақ/-мек жұрнағы болып табылады. Бұл
жұрнақ Шәкәрім тілінде қолданылу жиілігі жағынан да, тіл тарихы тұрғысынан
қарағанда да, стильдік қызметі тұрғысынан ерекшеленеді. Шәкәрім тілінде -мақ тұлғасы бірнеше қызмет атқарады. Қимыл
есімі ретінде -у жұрнағының орнына
қолданылғанда ерекше стильдік жүк арқалап та тұрады. -мақ/-мек жұрнағы -у
тұлғасы сияқты шаққа қатысы жоқ мағына да білдіреді: сөйлемек, айтпақ, күлмек, ішпек, жемек сияқты т.б. Сонымен бірге әр
уақытта болып жататын амал-әрекеттерді білдіріп, ауыспалы шақтық мағынада да
жұмсалады. М., Тән сезіп, құлақ естіп,
көзбен көрмек, Мұрын иіс тіл дәмнен хабар бермек. Осы жолдарда -мақ жұрнағы амал-әрекеттердің тұрақты
өтіп жатуымен бірге, анықтығын, тұжырымдылығын да білдіреді. Сол арқылы ақынның
белгілі бір іске анық көзі жетіп, ақиқат ретінде хабарлап тұрғанын танимыз. -мақ үшін септеулік шылауымен келгенде мақсаттылық мағына күшейе түседі.
М., «Жан талпынар талайды көрмек үшін,
Әр сырын дүниенің білмек үшін». Қазіргі қазақ тіліндегі әдеби нормаға сай
мақсатты келер шақтық мағынада да қолданылып отырады. Ш.-де «Анық пен танық»
сияқты бірқатар өлеңдері -мақ, -мек жұрнағының
ұйқас құрауымен жазылған. Шәкәрім тілінде шартты райдың -са, -се тұлғасы да ұйқас құрауда жиі қолданумен бірге, тілек, арман
мағынасын білдіріп тұрады. М., «Әлемді
түгел мен көріп, Ешкім мені білмесе. Мұқтажым, нәпсім жоқ болып, зияным жанға
тимесе». Лирикалық тұлғаның арман-қиялының көрініс беруіне -са/-се шартты рай тұлғасы өз үлесін
қосып тұр. Дәл осы өлеңінде қарсылықты сабақтас құрмалас құрамында
қарама-қайшылықты да білдіруге қолданады: «Шынды
біреу жоқтаса, Жазасызды ақтаса, Адалдықты мақтаса, Арсылдап оны қамаса». Ұйқас түзуге қатысқан -се/-се тұлғалы баяндауыш қызметіндегі етістіктердің қолданысына
назар аударсақ, алдыңғы үш жолда айтылған ойға соңғы жолда айтылған ой қарсы
мәндес болып шыққан. Бұл жерде ақынның қарама-қарсы мағынада шартты рай тұлғалы
етістіктерді қолдануы әдейі стильдік мақсаттан туған. Шәкәрім өмірде болып
жатқан жақсы-жаман істердің барлығына сырт бақылаушыдай салғырт қарайтынын
аңғартқысы келген. -са/-се жұрнағы
қалыпты тілдік қолданыстағы шарттастық мағынасымен де келеді: «Елтірі мен теріні Жақсы қылып илесек, Әрі
берік, әрі жылы Жыртылмайды сүйресек».
Жыраулар поэзиясында дәстүрлі қолданылатын -ар/-ер есімше жұрнағы қазіргі әдеби нормадағы сияқты болжалды
келер шақ мағынасын білдірумен бірге, әрдайым тұрақты болып жататын қимыл-әрекеттерді
де бере алады. Шәкәрім тілінде де -ар,
-ер, -(ма)+с есімше жұрнағы осы
мағынада келіп бастауыш қызметінде келген субьектіге әрқашан тән болатын
амал-әрекеттерді көрсетеді. М., «Еріншек
таза жүре алмас, Кірі-қоңын жуа алмас...» немесе «Тұрайын десең жатқызар, Буынды сүйтіп қатқызар» -ар/-ер жұрнағына
мәнмәтінде тән болып келген әрдайым болып жататын ауыспалы шақтық мағына әдеби нормада -а+ды көсемше жұрнағы арқылы беріледі.
Шәкәрім ол тұлғаны білмей тұрған жоқ. Немесе қалыптасқан дәстүр ыңғайымен ғана
қолданбаған. -ар/-ер жұрнағының
баяндауыш тұлғасы ретінде келгендегі ой екпінін және тұжырымыдылығын білдіру
сипатына орай таңдап алған.
Шәкәрім тілінде -ып/-іп көсемше
тұлғасы да стильдік қызмет атқарады. Ақын құбылыс динамикасын, ұласпалы
жалғастығын білдіру үшін -ып/-іп көсемшесін
пайдаланады. М., «Кейде ақырын сыбырлап,
Жиілеу басып, жыбырлап, Әкетер алдап ойды ұрлап». Өлеңде ескі жырдың
құрылымдық ерекшелігін, әсерін беруде -ып
көсемшесінің қызметі ерекше. М., «Бағылан
етіп балқытып, біріне-бірі же десіп, Шаттанысып, шалқысып, Кем-кетігін теңесіп».
Өлеңде іс-әрекеттің барлық құбылып, түрленген күйін дәл бейнелеп суреттеуде
-ып көсемшесі маңызды қызмет
атқарған. Бағылан етін жеп, шалқып әңгіме дүкен құрып отырған топ көз алдыңа
келеді. Кейіпкердің ішкі сезімі, психологиялық ахуалын беруде де -п
көсемшесі таптырмас стильдік құрал болып шыққан: «Шырайың қашып, Асығып-сасып» сияқты т.б. Бейнелеу етістіктеріне
жалғана отырып -ып көсемшесі
экспрессивті портрет жасауға да қатысады. М., «Сәнқойлар» атты өлеңде: «Шедірейіп, шекиіп, Қасын керіп кекиіп,
Қолдан пішін жасаған, біреу келер секиіп». Сыртын түзеп сыланған сәнқойдың
бейнесі көз алдымызға келеді. Әрі барша боямасымен, жасанды қалпымен көрініп,
әжуа, мысқыл тудырып масқара болады. -ып
көсемшесінен басқа тұлғамен келгенде, экспрессивті-эмоционалды әсердің солғындары
сөзсіз.
Шәкәрім тілінде ма/ме (ба, бе, па,
пе) сұраулық шылауы да стилистикалық тұлғалар қатарынан орын алады. Бұл
тұлғаның қызметі де ұйқас түзумен шектелмейді. Шәкәрім ма, ме демеулігі арқылы риторикалық сұрау қойып, айтылар ойдың
эмоционалдық әсерін күшейте түседі. М., «Жетпісті
қудың жеттің бе, Барша жаннан өттің бе? Тағдырың жазған ақ өлім, Құтылып одан
кеттің бе?» Ақын сұрауында жауап та дайын тұр. Сұраулық шылау ақынның
философиялық, әлеуметтік лирикасында кеңінен қолданылған стилистикалық тәсіл
болып табылады. Сондай-ақ ойға қозғау салып, ақылға жүгінуге шақыру үшін де
сұраулық шылауды қолданған: «Жан деген
не, Мүлде өле ме, Шын жоғалып сөне ме?» Сол арқылы өмір сырына бойлап
ойлануға шақырады. Үгіт-насихат сарнында жазылған өлеңдерінде өз ойын оқырманға
тура қарата айтқанда бұйрық райдың екінші жақ жекеше және көпше түрлерін
қолданады. Бұл өз кезегінде айтылар ойға көңіл аудартып, әсерін күшейте түседі.
М., «Бостандық таңы атты, қазағым,
көріңдер, Алға ие басшының соңына еріңдер». Бұйрық райдың екінші жағын
кейде өзіне қайрат-жігер беру үшін де пайдаланады: «Шошыма, ойым, шошыма, Келмейді жындар қасыма...» Ой жан иесі
ретінде алынып тұрғанмен, ақын сөзі өзіне арналған. Бұйрық райдың екінші жақ
сыпайы түрі кейде тарихи мағынасында, яғни көпше түрді білдіріп те жұмсалатыны
байқалады. Мысалы, «Сөгілуші, сөгуші,
Біздің сөзді тыңдаңыз, Ызалы уды төгуші, шатты-бұтты қылмаңыз» Осында -ыңыз
тұлғасы сыпайылық үшін емес, сөздің сөгілуші мен сөгушіге қатар арналғанын
білдіру үшін әрі сабырға шақыру мақсатында қолданылғаны байқалады. «Ойбайлап шабу мақұл ма?» өлеңінде -ыңыз жалғауын кекесін тудыру үшін де пайдаланған: «Чиновник ісін қылмаңыз, Әділет жолын
тыңдаңыз. Қорқытып елді қойсаңыз, Тез түзеліп, жылдам тол!» Соңғы жолдың
бұйрық райдың екінші жақ анайы түрде келуі ойымызды растап тұрғандай.
Шәкәрім тілдік тұлғалардың стильдік қызметін көркемдік мақсатқа барынша
пайдаланғанын көреміз. Белгілі бір жақ көрсеткіштерінің қолданылуы да ақын ойын
аңғартуға қызмет етеді. Мысалы, «Мақтан
үшін мал жима, жан үшін жи» өлеңінде тыңдаушысына өз сөзін тікелей орнып
екінші жақ бұйрық райда қолданады: «Егін
сал, не сауда қыл, малыңды бақ». Ал әр кез үшін баршаға қажет істі айтқанда үшінші жақ ауыспалы шақ
түрін таңдап алады: «Қол өнер өзің өлсең
бірге өледі, Сонда –дағы қалғандар үйренеді». Сонымен бірге -мақ/-мек есімше тұлғасы мен жіктік
жалғаудың бірінші жақ көпше түрі де жұмсалған: «Талаппен адал істі істемекпіз». Ш.-нің шығарманың өн бойында
екінші жақ тұлғасын қолданып келіп, бірінші жақ көпше түрге ауысуы кездейсоқ
емес. Сол арқылы өзінің адал еңбек істеп, ақ жолды таңдағандармен бірге
болатынын аңғартады. Ал мақсатты келер шақ алдағы уақытта тыңдарманын бірігіп
дәл осы еңбекпен дәулет іздеуді мақсат етуге үндейді. Шәкәрімде шақ
көрсеткіштері де мақсатты түрде таңдалып алынып отырады. Мысылы, «Бір ханның кеудесіне жара шыққан»
өлеңінде ақын оқиғаны үшінші жақтан баяндап отырады. Бірінші шумақта -ып+ты танық өткен шақты қолдану арқылы
оқиғаның өткен заманда болып, аңызға айналып елге кең таралғанын аңғартуды
мақсат еткен. Екінші шумақтан бастап -ды/-ді
жедел өткен шақ тұлғасын пайдаланып баяндауға анықтық пен деректілік сипат
береді. Сол арқылы оқиғаны өзі көріп тұрғандай суреттеуге мүмкіндік алады. Шәкәрімге
дейінгі поэзияда белгілі бір морфологиялық тұлғалар ғана стильдік қызмет
атқарып келді. Шәкәрім морфологиялық тұлғалардың стильдік мүмкіндіктерін
барынша мол пайдаланып отырған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Сыздықова
Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: Санат, 1995.- 208 б.
2.
Сыздықова
Р. Абай шығармаларының тілі. Алматы: Ғылым, 1968.- 334 б.
3.
Серғалиев М. Сөз сарасы.
Алматы, 1989.- 200б.
4.
Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай
поэзиясының тілі. Алматы: 1960.- 364 б.
5.
Қоңыров Т. Қазақ теңеулері.
Алматы: Мектеп, 1978.- 192 б.
6.
Аханов К. Тіл білімінің негіздері.
Алматы: 2002.- 664 б.

Шәкәрім тіліндегі морфологиялық көрсеткіштердің стильдік қызметі — Шәкәрім шығармалары | Shakarim