Аудармалары

Дубровский әңгімесі

1924

Бұл «Дубровский» әңгімесін жазған орыстың атақты ақыны Пушкин өзі төре тобынан шыққан болса да заманындағы алпауыттардың мінезін, тұрмыс салтын, жүрек қалпын ақындық айнасына түсіріп кеткен. «Дубровскийді» оқығанда ойға келерлік саяси тартыс жаңада ғана туып, тапқа бөліну жаңада ғана шыққан нәрсе емес, тұрмыс дүниесінде ерте басталған; құрдастықты аңсау, зорлыққа, қара күшке қарсы тұру елге ерте біткен мінез. Осы «Дубровский» әңгімесінен көрінеді: орыстың алпауыттары болған, топтап мұжық ұстап, ойына келген айуандықтың бәрін істеген. Мұжық арасында наразылық тұқым қуалап ұлғайған, өскен. Кейде мұжықтардың өз арасынан, кейде кедейленген алпауыттар арасынан дарақы байлардың мінезін көтере алмай қарсыласушы кісілер шықса, құлдың бұғауы батқан мұжықтар көңіл қостығын білдіріп көмегінде болған, таяғын соққан, адамға адамша қарамай айуан есепті көрген алпауыттар ереуілшілерден жегідей жиреніп, жек көріп, жабыла соңына түскен; ереуілшілердің мал-мүлкін талаған, басын әуреге салған; өз табынан шыққан соттарды, әкімдерді сатып алып, аузына қаратып дегенін істеген; атаққа құмарланып кімнің шені үлкен, орыны жоғары болса, сондаймен жақын жүріп дүниесі түгіл әлпештеген қыздарын да тартуға тартқан. Құлдығындағы мұжықтардың еңбегі түгіл өзін сатып, жиған байлықты мақтанға, мастыққа, дарақылыққа жұмсаған; адамдық, әділдік дегеннен сәулесі болмаған; ұрыссам да, ұрсам да, тартып алсам да, кісі өлтірсем де – малым бар да пәле жоқ деген адамдық тезінен ауа жайылған қара күшке қарсыласқан Владимир Дубровский сықылды сабаздар шықса, мұжықтар соңынан еріп бүлік шығарған; алпауыттардың мүлкін өртеп, кейде өзін де өлтірген. Ондайларды алпауыттар талаушы деп атаған. Бірақ ол кездегі еңбекшілер бірлесіп іс қыла алмай арқасын аяз қысқандықтан шыдай алмай, тиіп-қашып талан-тараж жасағаны болмаса, құнарлы жұмыс істей алмаған. Ол жұмыс – байларды төңкеріп тастау. «Дубровский» әңгімесін ақын Пушкин жазғаннан кейін 100 жыл шамасында жарыққа шығып отыр. Әдебиет дүниесінде біздің қазақ халқының өмірін сүгіреттеп мұра қалдырса, оны біздің ақын Шаһкәрім «тілін майда, жүрекке жылы тигізіп» өлеңмен қазақшаға аударса, үміт бар. Бізден де ақын шығып халқымыздың қалпын, салт, мінезін жазар деген. «Дубровский» ерте жазылған екен. Жазушының бастыруға қолайы келмей, қолжазбамен ел арасына тарап жүрген. Сондай бір қолжазба комиссияның қолына түсіп кімдікі екенін білген соң, жазушының өзінен нағыз жазбасын алдырып жаңа жазумен көшіртіп ғана баспаға берді. Жазушының өз жазуында қате болмаса комиссия мінеп, түзеген жоқ. Семейдің губерналық қазақ баспа жұмыстарын қарайтын комиссияның төрағасы Шаймардан Тоқжігітов. Комиссияның мүшесі – Имам Әлімбеков. Хатшы үшін – Сәбит Дөнентаев.

Дубровский әңгімесі — Шәкәрім шығармалары | Shakarim