Өлеңдері

Бақанас, Байқошқардың көп сабазы

1931

Бақанас, Байқошқардың көп сабазы Жиып ап қыран бүркіт, жүйрік тазы, Еңбекші ұйым болмай, аңшы болып, Ойда жоқ бидай менен шөптің азы. Аңшылық – біраз күндік көңіл назы, Мұныңа болар ма екен ақыл разы. Көп ел жүр малын қойып, жанын тілеп, Махшарда құрылғандай тас таразы. Сендерге батпайды оның қайғы-назы, Боп жүрсің айдын көлдің қоңыр қазы. Таусылып аздан кейін азықтары, «Шығар, – деп зарлап жүрме, – қашан жазы?». Аңшылық әуелінде қандай тәтті, Еркіндік, кім жек көрер салтанатты. Бұл күнде қоңлы тұғыр табылса да, Аздан соң желдіктерсің жауыр атты. Айтпаймын сөгейін деп азаматты, Дей көрме: «мұны осы шал неге шатты». Салынбай біржолата аң қуғанға, Еңбек пен ескере жүр қанағатты. Толғанып ақын айтар әрбір затты, Сөзімнің іші жұмсақ, сырты қатты. «Алпыс жыл аңшы болып алжыған шал, – Дейсіңдер, – бізге айтады насихатты». Ойласаң, біздің заман мұнан жат-ты, Ол дәурен ойран болып, құмдай батты. Жұмысы бұл уақыттың – адал еңбек, Заманың көтермейді бұл саясатты.

Бақанас, Байқошқардың көп сабазы — Шәкәрім шығармалары | Shakarim