Өлеңдері

Иесіз қорада

Жапанда жалғыз жаттым елден жырақ, Көп іші болмаған соң маған тұрақ, Жасымнан сүйген өмірім – оңашалық, Қартайып, алжып тұр ғой деме, шырақ! Ешкімге тезегімді тер демеймін, Ет асып, шай қайнатып бер демеймін, Жұмысты әлім келген біреуге артып, Құлданбақ азаттарды жөн демеймін. Қалса да халқым білмей өлгенімді, Дағдырға байқадың ба көнгенімді, Кез болып кезіп жүріп өз басыма, Айтайын бір азғана көргенімді. Мен биыл жалғыз жаттым, елден қалып, Жүргем жоқ ит жүгіртіп, бүркіт салып. Аулақта ойға келген өлең жазып, Қонушы ем еріккенде елге барып. Кетуші ем құлып салып елге кетсем, Барушы ем отын алып, қайта жетсем. Жатушы ем бірнеше күн жапа-жалғыз, Өлең мен жыр жазуды талап етсем. Бір күні барып едім иесіз тамға, Келіпті екі кісі осы маңға. Тамақ қып ұн, майымды жеп кетіпті, «Аңшы ма, әлде кім?» деп қалдым таңға. Жүр едім сол екеудің ізін шалып, Гепеудің солдаттары келіп қалып: «Қашқынмен хабарласып жүрсің ғой», – деп, Әкетті Байқошқарға ұстап алып. Ар қарай Байқошқардан бара жатып, Арқар деп, қараңғыда бір қойды атып, Тимеді ешбір оғы тоқтысына, Солдаттар төрт атса да тарсылдатып. Қойы екен Миғраждың иесіз кеткен, Оқ тиіп саулығына қаза жеткен, Қой менен екеумізде түк жазық жоқ, Күнәміз – еркін өмір талап еткен. Мені олар Бақанасқа алып барды, Бастыққа жайымды айтып хабар салды: «Аламын ертең жауап шайдан кейін, Бір үйге қондыр, – депті, – кәрі шалды». Айтмырза солдаттармен келген бірге: «Тамақтан, – деді маған, – үйге кір де». Әріннің үйіне әкеп қонақ қылды, Деді де: «Ертең жолық командирге». Сол үйде әбден тойып тамақтандым, Жайланып жылы тамда жатып қалдым. Таң атып, шайға қанып алғаннан соң, Командир шақырған соң, соған бардым. Ол менен жауап алды кідірмей-ақ: «Жансың, – деп, – нағып жүрген жеке саяқ?». Босатты, біраз жауап алды-дағы, Ұққан соң өмірімді бастан-аяқ. Қой өлді, төрт атса да тоқтысы сау, Немене шын кездейсоқ емей мынау? Толық ерік шын адамда жоқ екенін Ойласаң, осы сөзден байқарсың-ау. Қайтер ем сонда мені қойса жауып, Жалғанмен құтылғам жоқ айла тауып, Шынды айттым, шынға нанды, шын – сүйенішім, Жұғар деп аққа пәле қылман қауіп! Қорама анау келген екі кісі, О да екен гепеулердің шолғыншысы, Таба алмай жаман тамды, түнде аш жатып, Кез келіп, тамақтанып кеткен ісі. Дүниенің кезі билер көп жұмысын, Мінеки, кездейсоқтан көрген ісім, Дағдырдың толқынымен ағып жүріп, Айтайын көргенімнің екіншісін!

Иесіз қорада — Шәкәрім шығармалары | Shakarim