Мақалалары

Абайдың бір өлеңі жөнінде

Абайдың ақындық өнер
туралы, ақындар туралы өлеңдері әдебиетке, оны жасаушыларға үлкен жаңашылдықпен
бірге биік талабын ала келді. Әуезовтің: «Ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты
туралы қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын өзге де жырлаушы, жазушы болмаған»,-
деген пікірмен келіспеу қиын.
Абайдың ақындық туралы,
өлең туралы ойларын сөз еткенде, алдымен ауызға оралатыны – «Өлең – сөздің
патшасы» деп басталатын өлеңі. Абайдың
ақындық туралы жазған өлеңдерін, оның ақындарға арнауынан бөліп қарау мүмкін
емес. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» деген ақындыққа арналған өлеңінде Абай
өзі ұстаз тұтқан қазақтың ауызға ілінер деген үш ірі ақынын таңдап алып, өлеңдеріне
сын айтатыны белгілі. Өлеңге қойған талабы биік Абайдың сынына жарағаны –
Бұхар, Дулат, Шортанбайлар. Байқасаңыз, бұлар Абайдың жанына жақын, ақындық
өнері жетпегенмен деңгейлес ақындар -
сынға ұшырап отырғандар. Ендігі жерде «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де
түзел» деген қағиданы ту еткен ақын қасындағы шәкірттеріне сынды мейілінше
күшейте түседі.
«Мен жазбаймын өлеңді
ермек үшін» деп басталатын өлеңінде «сөзімді тасыр ұқпас» деп талапты жас
ақындарға салмақты ескерту жасайды.
Сөз айттым «Әзірет Әлі,
айдаһарсыз»
Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала
қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп
Болсын деген жерім жоқ жігіт
арсыз.
Бір шумақ өлеңінде үш
ақынды, өзінің ең талантты деген үш шәкіртінің өлеңдерін сынаған. Өлеңге
анықтаманы Турағұл Абайұлынан тыңдайық: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген
өлеңді Шаһкерім қажының жас күнінде кәрілікті жамандап, алпыстан аспай өлейік,
кәрі ит, жат деп, былшылдап шат деп айтады деп, бозбалашылықты мақтап,
«Шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып» деген өлеңі болған. Көкбай
молданың «Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты» деген өлеңі болған. Әріп деген сыбан,
өлең жазғыш жігіт «Зияда» деген өлең жазған, қызды мақтамақшы болып
суреттегенде көзі гауһар, иегі алтын деп, осы сықылды алтын тастарды түсіне
қарамай сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, құбыла көрсетпекші
болып жазып еді. Ол өлеңге Әріп кектеніп, Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты
деп өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды Біржанның Арғын емес, Керей екенін
білмепті (Құнанбаев Т. Әкем Абай туралы.
–Алматы, 1993). Сөз болып отырған ақындардың бәрін көріп, қасында жүрген
Турағұлдың айтқанынан артық айта алмаспыз. Олай деп отырғанымыз, кейінгі
жылдары кеңестік заманда тиым салынған тақырыптарға жол ашылып, соның ішінде
Шәкәрім шығармашылығы жайында да айтарлықтай мөлшерде зерттеулер жазылып
жатқаны анық. Зерттеулердің көп болғаны әрине жақсы, ал әйтеуір тың тақырып деп
Шәкәрімдей аса күрделі тұлғаға екінің бірінің қалам жүгірте бергені де – аса
абырой әпере қоймайтын іс. Республикалық «Абай» журналының 2006 жылғы 1, 2
сандарында А.Омаровтың «Шәкәрімнің өмірбаяны» деген атпен көлемді мақаласы
басылды (қараңыз: Абай, 2006, №1, 52-66
б., №2, 39-63 б.). Мақалаға толық талдау жүргізіп, баға беру біздің
мақсатымыз болмағандықтан, жоғарыдағы Абай өлеңіне қатысты айтқан автордың
ойына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Автор
бір сөзінде: «Бізше Абай өлеңіне бірден бір себепкер, жалғыз түрткі жас Шәкәрім
болған», - деп сол ойын дәлелдеуге тырысады. Автордың пайымдауынша «Бұл сөзді
тасыр ұқпас, талапты ұғар», «қыңыр келмей» т.б. Абай сөзінің бәрі тек Шәкәрімге
арналған да «Әріп пен Көкбай ақынның Шәкәрімге қосақтала сыналуы тек бүркемелеу
айласы» деп тұжырады. «Өлеңі бар, өнерлі інім» деген Абай сөзі жалқылық
мағынада, яғни, Шәкәрімге арналған «өнерлі іні» де «өлеңі бар» да Шәкәрім», -
деген сияқты Абай сөзін өз әлінше тек Шәкәрімге қаратылғанын дәлелдеуге біраз
сөзін жұмсаған. Өлеңдегі «сәнқой, керім-кербез жігіт» Шәкәрім екен де, ал Әріп
пен Көкбай жасында сәнді киініп, серілік құрмапты. Есіңізде болса, Көкбайға
«Әсемсіп, сәнсіп» дейтін Абайдың өзі емес пе? Абай дәл осы өлеңді жазғанда үш
ақынды да сынап отыр. «Анауысын негізге алған, мынауысы тек фон» десек, Абай
ойына қиянат болады. Осы арада Абай сыны қай шәкіртіне қаратыла айтылды деген
емес, ұстаздың сынын қай шәкірт қалай түсінді деген мәселеге тереңірек үңілсек
өлеңнің табиғаты ғана емес, тағылымдық қасиеті де ашыла түсер еді. Өлеңді әр
ақын өзіме деп қабылдағанына дау тумауы қажет. Әріптің Абайға кектеніп, бұл
арада ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер кегі, «Біржан-Сара айтысында» Абайды
жамандауын еске алыңыз. Ескерте кетейік, Әріп Абайды Сара аузымен
жамандағанымен, Біржан аузымен асқақтата ақтап алады. Ал, Шәкәрім «Жастарға»
өлеңінде қателігін мойындайды. Ақынның осы өлеңіне жазба әдеби тілдің аясында
пікір айтқан тілші ғалым Р.Сыздықова: «Абайдың «Сөз айттым Әзірет Әлі
айдаһарсыз, Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз» дегені Әріп пен Көкбайды сынаған
үй ішілік, ошақ басылық сөздері емес, программалық тезисі: Әзірет Әліні
айыптауы – ислам дінін уағыздаған мазмұнды жырламағаны, осыдан барып
творчествосының негізгі тақырыбы діни болмағандықтан, «алтын иек қыз» тәрізді
шағатай әдебиетінінің сөз саптауын қолданбағаны»,- деп Абай жаңашылдығының
кезекті бір астарына үңіле біледі (Абай
және қазақтың ұлттық әдеби тілі. –Алматы, 2004).
Айтайық дегеніміз,
Абайдың анық айтып тұрған түсінікті сөзінің астарынан балама іздеп, басқаша
«ойлантып қою», немесе «Абай мына тұста былай айтпақ болған, осыны меңзеп тұр»
деген сияқты жалаң философияға бару кейінгі әдебиетшілерді адастырады. Дұрыс
тұрған сөзді майішекше айналдырып, Көкбай мен Әріпке айтылған сынды бүркемелей
берсең, ертең өзі әрі тарт та, бері тарт болып жүрген Бұхар, Дулат,
Шортанбайларды сынауын Абайдың аузынан алып тастамасымызға кім кепіл.
Мағынасы нәзік
түсініктерге зәру астарлы сөзі бар да Абайдың, төбеңнен қос қолдап ұрғандай қып
анық айтатын сөзі бар. Соңғысына еш анықтаманың да, түсініктің де қажеті жоқ.
Осы өлеңді себеп еткен А.Омаровтың «Сонымен аға ақын мен іні арасындағы (Абай
мен Шәкәрімді айтады Е.Б.) ортақ бағыт, осы негізде қалыптасатын шынайы рухани
туыстық 1887 жылға дейін болмаған десек қате емес»,- деген пікірі жеті жасынан
Абайдың қойнында жатып, тәрбиесінде болған Шәкәрім мен Абай арасындағы рухани
байланысты жоққа шығаратын тым ұшқары айтылған.
Абай мен Шәкәрім арасындағы
рухани байланыс туралы тамыры тереңге кететін тақырыптың тек көбігі ғана
сыпырылды десек қателеспейміз. Екі ақын арасындағы рухани жақындықтың бір куәсі
– Абай сыны.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт
арсыз, -
деген шумақтың соңғы түйіні:
Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның –
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Байқамай шал боп қалмаңдар!-
деп аяқталатын Шәкәрімнің
«Кәрілік туралы» өлеңін нысанаға алған. Басқа екі шәкіртке сияқты Шәкәрімге де
бұл сын оңай тимеген. Көкбай жырын жоғалтып тынса, Әріп басқа шығарма жазып
ұстазынан «өш алғандай», қарымтасы қайтқандай болады. Ұстаз сынының Шәкәрімге
қаншалықты әсері оның «Жастарға» деген ұзақ өлеңінде айқын көрінеді.
Осы арада бір ескеретін
жай Шәкәрімнің ұстаз сынынан қорытынды шығарып өз ойын ортаға салған осы
«Жастарға» өлеңі ақын жинақтарында 1879 жылы жазылған деп келтіріліп жүр. Яғни,
Абай сынына дейін («Мен жазбаймын...» өлеңі 1889 жылы жазылған) он жыл бұрын жазылған
болып шығады. Шәкәрімнің «Жастарға» өлеңіндегі әлгіндегі сөздер Абай сынына
қатысты айтылған десек, онда Шәкәрім шығармасының 1979 жылы жазылуы логикалық
жағынан мүмкін емес. Екіншіден, өлеңнің табиғаты 21 жастағы бала Шәкәрімнің
емес, отыздан асқан Шәкәрімнің сөз сұлбасына келеді. Яғни, өлең Абай өлеңінен,
1989 жылдан кейін жазылған деген болжам айтуға болады. Демек, Абай сынаған
«Кәрілік туралы» өлеңімен «Жастарға» өлеңі бір жылда жазылған деуге негіз жоқ.
Шәкәрім өлеңдерін бізге жеткізуші Ахат Құдайбердіұлы: «Жастарға» өлеңін Шәкәрім
он тоғыз жасында жазған» деп көрсетеді (қараңыз:
Менің әкем, халық ұлы – Шәкерім. // Жұлдыз, 1992, №11 ). Дегенмен, «1878
бен 1904 жылдарда жазған өлеңдері енген»,- деп Ахаттың өзі атап көрсететін
Шәкәрімнің «Қазақ айнасы» кітабына (Семей:
Жәрдем, 1912) «Жастарға» өлеңі енбеген. Сондай-ақ, А.Құдайбердіұлының
сөзіне сенсек «Жастық туралы» деген өлеңі де 1879 жылы жазылған, яғни, Абайдың
атақты сегізаяқ үлгісімен жазылған өлең «Сегіз аяқтан» он жылдай бұрын жазылған
болып шығады. Кейбір зерттеушілер Абай өлеңінің кейін жазылғанын тілге тиек
етіп: «Сегізаяқтың атағын шығарған Абай болса да, негізін қалаған Шәкәрім болуы
ықтимал»,- деген болжам айтады (қараңыз:
Елікбаев С. Шәкәрім өлең өрнегі. // «Шәкәрім – Ұлы Абай дәстүрін жалғастырушы
және дамытушы» тақырыпты республикалық ғылыми-теориялық конференция
материалдары. -Семей, 1998). Бұл тұрғыда ғалым Ш.Сәтбаеваның төмендегі
пікірімен де санасқан жөн: «Ақынның баласы Ахат Құдайбердиевтің көрсетуі
бойынша, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы», «Жастарға» деген ұзақ өлеңіне 1879
жыл; «Жаз келер» деген өлеңіне 1880 жыл қойылған. Мұның өзі шартты сияқты.
Басқа өлеңіне жыл қойылмаған, жыл қойылмау, әрине, ақынның творчестволық
эволюциясын зерттеуді, толысу жолдарын анықтауды қиындататыны сөзсіз. Ақын
туындыларының кейбірінің жазылу мерзімін тек басылған жылдарына қарап оны
шартты түрде анықтауға болады» (Лирикалық
өрнектер сыры.// кітапта: Шәкәрімтану әселелері. 2-к. -Семей-Новосибирск,
2006). 1988 жылы шыққан ақынның қос жинағында да бірізділік жоқ. «Жазушы»
баспасынан шыққан жинақта (құраст.
М.Жармұхамедов, С.Дәуітов) «Жастық туралы» деген өлеңнің аяғында 1879 жыл
деп көрсетілсе, «Жалын» баспасынан шыққан жинақта (құраст. М.Мағауин) осы өлең
1883 жылы шыққан деп көрсетілген. Сондай-ақ, екі жинақтағы бастапқы бес-алты
өлеңнен басқасының жылдары көрсетілмегенін ескерсек, Шәкәрім шығармаларының
жазылған жылдарын анықтау мәселесі аса маңызды шаруа болып қала бермек.
Өйткені, ақын шығармаларының хронологиясын жасап алмай, Шәкәрімнің шығармашылық өмірбаяны туралы сөз қозғау мүмкін
емес екендігін салиқалы зерттеушілердің ұғынар кезі жеткендей.
Ал, Абай өлеңінің 1880
жылдардың соңында жазылуы анық. Өйткені, өлеңдегі Әріптің сынға іліккен
«Зияда-Шаһмұрат» қиссасы 1884 жылдың он бесінші сәуірінде жазылып біткен. Бұл
туралы қиссаның соңында:
Қолыма ұстағаным қалам
болды,
Көңілім бұл дүниеге алаң
болды.
Мың сегіз жүз сексен
төртінші жыл
Апрельде он бесінші тәмәм
болды, - деп жазылған.
Жоғарыда сөз болған
Абайдың үш ақынды сынағандағысына қайта келейік. Сондағы Көкбайдың сынға
ұшыраған өлеңі – Әзірет Әлінің айдаhармен алысқаны туралы шығарма. Турағұл
Әріптің «Зияда – Шаhмұрат» дастанын да өлең деп атағандықтан, Көкбайдың бұл
шығармасы аталуына қарағанда оқиғалы дастан болуы мүмкін. Мүмкін дейтін
себебіміз Көкбайдың айдаһармен алысқан Әзірет Әлі туралы шығармасы бізге жетпеген.
Бізге белгілі дастандарында, өлеңдерінде бұндай сюжет жоқ. Көкбайды көрген,
Абай туралы көп деректер алған М.Әуезовтің өзі: «ертеректе айтқан дін
сарынындағы бір қиссасы»,- деп бұл шығарманы нақты атамайды (Абай Құнанбаев. –Алматы, 1995). Демек,
бұл шығарма Әуезовтің қолына түспеген. «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласында
жазушының: «Одан қалған жазбалардың саны өте аз ғана. Жас кезінде, Абай
уақытында айтып, жазып жүрген өлеңдерін өзі көп ұқыппен жинамаған»,- деген
пікірі біраз нәрсені аңғартады (Әуезов М.
Абайтану дәрістерінің дерек көздері. –Алматы, 1997). Көкбайдың «қисса» деп
аталып жүрген «Мың бір түннің» сюжетінен алынған «Ғадыл патшаның қиссасы»,
«Һарун Рашид патшаның қиссасы» деген туындылары ақын жинақтарына енген (қараңыз: Жанатайұлы К. Шығармалары:
өлеңдер, айтыс-қағыстар, қисса-дастандар. /Құраст. Ж.Әубәкір/. -Алматы:
Информ-Арна, 2001., Жанатайұлы К. Абайдан сабақ алдым бала жастан. /Құраст.
С.Қараменде/. -Алматы, 2005). Қ.Мұхамедханұлы ақын шығармаларының ішінде
бұл қиссаларды атамайды. Ал, Көкбай қиссаларына тоқталған зерттеуші Ж.Әубәкір
қиссаның қай жылдары жазылғандығын көрсетпеген (қараңыз: Әубәкір Ж. Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын. –Алматы,
2002). Сірә, жазылған жылы белгісіз. Біздің пайымдауымызша Көкбай ақын
қисса жазуды ақындық сапарының басында қолға алса керек. Абай сыны Көкбайдың
ақындық бетін басқа жаққа, шынайы өмір бедерін беретін шығармалар жазуға
бұрғаны айқын. Бұл құбылыс Әріптің шығармашылық жолына да тән. Бұдан шығатын
қорытынды «Әзірет Әлімен алысқан айдаһар» туралы діни тақырыптағы шығармасы
Көкбайдың жас кезінде жазылуы ықтимал. Абай сыны шәкірттеріне үлкен ой салып,
әлгі шығарманың ел арасына таралмауына Көкбайдың өзі себепкер болған, сол
себепті бұл шығарма ақын шығармаларының ішінде аталмайды деген болжам айтамыз.
Көкбай ақын ұстаз сынын осылайша оң
қабылдаса, «Мұнда жоқ алтын иек, сарыала қыз» деген сөзді Әріп алғашында кек
алғаны белгілі. Шынында да «Зияда-Шаһмұрат» жырына үңілсек сұлу қыздың сипатын
асыл тастармен көмкерген жолдар жетерлік. Жырдағы Қорлы мен Ғайын – қос сұлуды
Әріп төмендегідей суреттейді:
Ұжымақтай сезіледі қойындары,
Бағында бұлбұл сайрап ойындары.
Інжуден отыз тісі, ерні-лағыл,
Ақ тамақ, алтын иек мойындары,-
деген қыз келбетін Абай
сыны дөп басқан. Абай сынына ұшыраған Көкбай ақын қиссасының тағдыры бізге
белгісіз болып қалса, Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» деген қиссасы басқа да
қиссаларымен бірге Қазан қаласында 1890-1912 жылдар аралығында дүркін-дүркін
алты рет кітап болып басылған.
Абай екі ақынның
қиссашылдық халін сынағанда сол кездегі қазақ ақындарына жаппай келген осынау
бір нәзиралық үрдіске, қиссашылдық науқанға қарата сын айтқан. Тек Әріп,
Көкбайлар ғана емес, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы біршама ақындар
қисса жазып, Қазанда кітаптарын бастырып, кітаби ақындар қатарын құрады. Әріп
қиссалары сол кездегі қазақ қиссаларының ішіндегі елеулісі болды дегенімізбен,
жеке ақын шығармашылығында ондай биіктен көрінген жоқ.
Осы қиссаға қаратыла
айтылған Абай сынын кек алып, «Біржан-Сара айтысын» жазып, онда Абайға қатты
тиетін сөздер де айтады. Бірақ Әріптің бұл кегін Абайға қарсы қоюға болмайды.
Бұл құбылысты (әрекетті) өнер адамдарының қарымтасы, шәкірттің ұстазға деген
арты жоқ ашуы деп ұққан жөн. «Сара-Біржан айтысын естігенде, Абай: «Әлгі сар
сайтанның сөзі ғой»,- депті дейді»,- М.Әуезов жиған бір естелікте (Шығармаларының елу томдық жинағы. 27-т.
-Алматы, 2007).
«Біржан-Сара айтысы және
Әріп» туралы тақырыпты бұрын да бірнеше рет қозғағандықтан (қараңыз: Ердембеков Б. Әріп ақын. –Алматы: Информ-Арна, 2001),
бірден айтыстағы Әріптің Абайға қатысты айтқан сөздеріне келейік. Айтысты
мұқият оқыған адамға байқалатыны Әріп Абайды Сара аузымен жамандаса, Біржан
аузымен ақтап алып отырады. Мәселен, Сараның:
Ел аспас Серікбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қадірі барлығынан.
Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес
Бүлінді бар Тобықты паңдығынан.
Наймандай Арғын қайда қоңыр
майда,
Ел тоқтар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақтан өнері асқан ер болғанда
Бағланы Жігітектің кетті қайда,-
дегеніне Біржан:
Ыбырайға тамам елің Найман
жетпес,
Зейіні түпсіз дария көзің жетпес,
-
деп алып,
Дос көрген олар заһит ғалымдарды,
Алдында атасынан тағылым бар-ды.
Момынға жәбір-жапа қылмасын деп
Жіберген жер аударып
залымдарды...
Абайдай тумас кісі сөзге зерек,
Құр мақтан артын бақпай неге
керек,-
деген жауап қайтарады.
Сара аузымен айтылатын Найман Серікбай қажы – Сыбан елінде көп жыл болыс
болған, егде тартқан шағында Меккеге барып қажы атанған адам. Әріптің «Найман
Серікбай қажыға» деген арнау өлеңі де бар. Бұл арада Абаймен салмақтастыра
салыстыруы – елінің игі жақсысы ретінде жоғары бағалағаны. Өйткені, Тобықтыда –
Өскенбай, Құнанбай болса, Қаракерей-Мұрында – Серікбай атақты. Серікбай –
ертеректе Құнанбай ауылына бірнеше ұрыс салып, барымта қылған азулы адам.
Кейіннен бітісіп, Құнанбаймен құда болған Абаймен жақсы араласқан. Абайға
Тобықты елі қамшы көтергенде, бірінші боп Абайдың құнын жоқтағанның бірі.
Қалай дегенде де,
ақындыққа баулуы биік меже, қатал сыннан бастау алып, өлеңге әуес жастарды
құдіретті сөз патшасымен ширықтыра сынап, ширата сілкіп жарата түсуінде Абайға
ғана тән өзгеше тәрбие жатқандай. Сөзімізді түйіндесек, Абайдың ақын
шәкірттерін сынауын тек жеке бір адамға айтылған сөзден әлдеқайда өрісі кең,
бүкіл қазақ өлеңіне бағытталған нағыз ақындық өнердің талабы деп қабылдасақ
қана Абай сынын өз мәнінде ұғына аламыз.