Өлеңдері

Иесіз қораға екінші барғанда

Қораға сенбі күні тағы бардым, От жағып, шай қайнатып, отын жардым. Ұдайы күні-түні боран болып, Елсізде екі күндей жатып қалдым. Күрсініп, күрілдеп тұр мұңлы боран, Дегендей «сорлы шалым, кебінге оран». Қақпаға сирек шарбақ пана болмай, Қар болды шошала мен тамам қорам. Ақ қырау үсті-басы қоңыр аттың, Қар басты аққан көзін тас бұлақтың. Атымды суғара алмай, қарлатамын, Тапжылмай сол қорада үш күн жаттым. Шарбақты қара жіппен тартып байлап, Ішінен пішен тығып, қойдым жайлап, Атымның үстін сүртіп, пішен салсам, Оқыранып, су сұрайды «ағатайлап». Сөйлестім сол атпенен біраз ғана, Бар ғой деп айуанда да ақыл-сана. «Шыдай тұр біраз күнге, жануарым, Барармыз, күн ашылып, елге жаңа». Ол айтты: «Мен шыдармын қарласам да, Неше күн Байқошқарға бармасаң да. Ішетін ыстық қылып отының жоқ, Боранда таба алмассың қармасаң да». «Әкелгем әнеу күні жіпке тағып, Жартысын шолғыншылар кеткен жағып, Қалдырдым күнге сенбей, біраз отын, Сақтанбай, көп жағайын оны нағып». «Ей, ием! Елсіздегі сен бір кәріп, Тағы боп, жапан дүзде жүрсің арып. Қуарып қу далада жатқаныңша, Боранда жылынсаңшы елге барып». «Бұл боран кетірді ғой елдің күйін, Киіп ап, малын жайлап, жыртық киім. Қысылып жүрген шығар әбігер боп, Барудан пайда шықпас жалғыз тиын. Оларға осы боран – ауыр қонақ, Бармаған күн ашылмай болар жөн-ақ, Қыспенен «мені күт» деп бірге қыспай, Жатамын өлсем-дағы, сөзім – сол-ақ!».