Өлеңдері

Өртейiн деп отқа көмдiм

Өртейiн деп отқа көмдiм, От жүрегiм жанбады. Жанды апарып жарға бердiм, «Пара ғой» деп алмады. Жан, тәнiмдi, иманымды – Асылымды бойдағы, Аямадым жиғанымды, Сонда да көз салмады. Жар қараса, тiрiлушi ем, Қарамаса, мен – өлiк. Рахым етiп қылмады-ау ем, Ендi үмiтiм қалмады. Сөйтсем, онда сыр бар екен, Байқамаппын мен оны. Қосылайын өлсе деген, Амалы екен – алдады. Өлiп едiм, жар бiрiгiп, Бiр бейiстi таңдады. Ләйлi, Мәжнүн қарсы шығып, Ерулiктi қамдады. Тiрiлiкте қосылысқан, Шын жар емес, ойнас ол. Ондай асық – шынға дұспан, Ол бейiске бармады. Жар сипатын бiлсеңiз де, Нәпсiң өлмей, деме жар. Айла, алдау сөзiңiзге Шын хақиқат қанбады. «Сен – Жарым» деп алдаған еп, Тиедi оқ боп кеудеңе, Өкiнедi уайым жеп, Кiм аныққа нанбады.