Өлеңдері

Қатты ауырғанда

1930

Жасымда аңда жүрген жақта, Азаттық өмір сүрген шақта, Шаттанып жүрдім шалықтай, Оңаша өмір сүргенім-ай! Елсізде еркін жүргенім-ай! Қайғырмай, қажып қамықпай. Жиырма жетінші февральда Ентелеп келдім иесіз тамға, Жатуға жалғыз жалықпай. Іш ауру болып науқастанып, Үш сөтке ұдай ішім жанып, Құр терім қалды қабықтай. Тілімде – тәубә, жүректе – иман, Тілекті тілеп ойға сыйған, Жалындым хаққа жабықпай. Иманымды үзбей жаттадым-ай, Тыпыршып тыным таппадым-ай! Қайраңда қалған балықтай. Жапанда жалғыз жатқаным-ай! Аурудан азап тартқаным-ай! Тәңіріме жайым мәлім-ай! Дәрменім қалмай тұруға да, От жағып, денем жылуға да, Мұздай боп қатты-ау тәнім-ай! Ішімді бұрап, өртеткені-ай, Жанымды көзге көрсеткені-ай, Азайып кетті-ау әлім-ай! Қырынды менен қан өткені-ай, Әлісін әлі және өткені-ай, Таусылып тамыр қаным-ай! Ішегім шаншып тұрғанын-ай, Тым қатты шөлдеп тұрғаным-ай, Сусынға тағы жарымай! Төсекте жатып қалғаным-ай, Тұрайын десем, талғаным-ай, Бастырмай екі саным-ай! Ұстауға қолдан әл кеткені-ай, Аяқ пен белден жан кеткені-ай, Қалмады қуат дәнім-ай! Өлімді арман көрмедім-ай, Қиналмай бірақ өлмедім-ай, Қайтейін, қайран жаным-ай!