Өлеңдері

Шыннан өзге Құдай жоқ

Шыннан өзге Құдай жоқ, Анық Құдай – Шын Құдай. Ұқпай қалма алаң боп, Шын болмаса, кiм Құдай? Бұрын шын бар, бүгiн шын, Ертең шын бар – үш бөлек. Керегi жоқ бұлардың, Бұзылмайтын шын керек. Шын махаббат қылуға, Шын сабырың жете ме. Көрiнген әрбiр сұлуға Көңiлiң толқып кете ме? Олай болса, таза ақыл, Әулиелiк сенде жоқ. Баянсызға бәрi – құл, Жынданбаған пенде жоқ. Әулиедей асықтың, Қасиетiн былғайсың. Қылығын қылып жастықтың, Бiр қалыпта тұрмайсың. Әлде сайтан, әлде жын, Бiрiн тастап, бiрiн мiн. Адам емес – айуансың, Неге тұрсын сенде шын?