Аудармалары

Алты әңгіме

Алты әңгіме оқуға жайың бар ма? Ұсындым жаңа өспірім ғалымдарға. Әншейін бос сөз демей, ғибрат ал, Ой жібер ішкі сырын пайымдарға. Алдыңғы біз ел жедік обал демей, Зарлады талай момын, талай кедей. Нәпсі, мақтанға алданба, қарақтарым, Үміті кім бұл елдің сендер емей. Орыс, қазақ – адамның бәрі бірдей, Ешкімді алалама оны білмей. Кем-кетікке болысу – ар міндеті, Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей. Жаныңды аяй көрме жардамынан, Сүйткенде арың шығар арманынан. Әйтпесе бұл өмірің артық емес, Тәніңді топырақ басып қалғанынан. 1. АСАРХИДОН – ЛАЭЛИ (Л. Толстойдан) Ескі заманда Асурия патшасы Асархидон Лаэлидің елін шауып, қалаларын өртеп, бастығы Лаэлидің өзін, тамам жақсы кісілерін ұстап алып, батырларын өлтіріп, Лаэлиді абақтыға жауып қойды. Асархидон қымбатты төсегінде жатып, ертең Лаэлиді қандай қиын азаппен өлтіруін ойлап жатыр еді, бір дыбыс шыққан соң көзін ашса, қасында бір бурыл сақалды, өткір көзді, шалдау адам тұр екен. Сол шал айтты: – Сен Лаэлиді өлтіртемісің? Асархидон: – Өлтіремін. Бірақ қандай қинаумен өлтіртетінімді ойлап жатырмын,– деді. Шал: – Сен өзің Лаэлисің, өзіңді өзің өлтіртесің бе? Патша: – Жоқ, мен Асархидонмын! Шал: – Олай емес, сен Лаэлисің. Бірақ өзіңді Асархидон деп ойлағансың. Патша: – Неге? Мен алтын төсегімде жатырмын. Лаэли абақтыда. Ертең мен оны қандай қинап өлтірген қызығыма қара! Шал: – Жоқ, сен Лаэли дегеніңді өлтіре алмайсың! Патша: – Оның он төрт мың батырларын өлтіргенде, оның жалғызын өлтіре алмаймын ба? Шал: – Сен ол он төрт мың кісінің біржола жоқ болып кеткенін неден білдің? Патша: – Өз көзімше өлтірттім. Шал: – Бұл да саған ғана солай болып көрінген. Анығында, сен оларды қинай алған жоқсың, өзіңді өзің қинадың. Ешкімнің жанын да жоғалта алған жоқсың. Патша: – Бұл сөзден түк білгенім жоқ. Шал: – Білгің келе ме? Патша «білгім келеді» деген соң, шал бір шылапшынға су толтырды да айтты: – Осы суға түсіп отыр-дағы, мен мына бір кесе суды басыңа құя бастағанда, басыңды суға бір тығып ал, сонда не көрер екенсің, – деді. Шалдың айтқанын істеп, басын суға тығып еді, өзіне-өзі бөтен біреу сықылданып, қасында бір сұлу қатынымен төсекте жатқан сияқтанып көрінді. Сонда қасындағы қатыны айтты: «Сүйікті ерім, Лаэли. Сен кешегі көрген бейнеттерден қиналып, әбден шаршап, көп ұйықтасаң да оятпадым. Залда тамам уәзірлерің күтіп тұр, тысқа шық!» – деді. Асархидон өзін мүлде Лаэли деп біліп, киініп залға келген соң, уәзірлер бас ұрып амандасып, әрқайсысы өзіне лайық орындарына отырды да, үлкен уәзірі айтты: «Асархидон антұрғанның осынша қор қылғанына шыдауға болмайды, қазір дайындалайық та, соғысайық», – деді. Өзін-өзі Лаэли деп біліп отырған Асархидон ол сөзді мақұл көрмей: «Асархидонға бітім қылайық деп елші жібер», – деді. Өзі аңға шығып кетті. Ол күні құлан атып келіп, кешке уәзірлерімен әңгімелесіп, кәнизәк-қыздарын билетіп, сауық салып, ертең және аңға шығып, бір ұрғашы арыстанды өлтіріп, екі баласын тірі ұстап алып келді. Сүйтіп, күндіз аңға шығып, түнде сауық салып Асархидонға жіберген елшісін күтіп, неше жұмалар өтті. Бір айдан соң елшісі құлақ, мұрнын кестіріп келді және «алым төлеп, сый бермесең, өзіңді де осындай қыламын» деген Асархидонның хатын әкеліп берді. Өзін Лаэли деп отырған Асархидон уәзірлерін жиып, ақылдасып еді, жау Асархидонға өзінен бұрын аттанып барып соғысуды ұнатқан соң, әскер жиып алып аттанды. Жеті күн өтіп, сегізінші күні бір судың бойында екі жақтың әскері қарсыласып, басында бұлар жеңсе де, аяғында жау жеңіп, өзін бас қылып, қанша батырларын кісендеп алып, оныншы күні Нейнува қаласына апарып, әлгі Лаэлимін деген Асархидонды абақтыға жапты. Сонда бұл Лаэли болып отырған Асархидон ертең өзін жау Асархидон қанша қатты қинаса да, білдірмей шыдамақшы болып, көңілін бекітті, сүйтіп жиырма күн абақтыда жатқанда жақын туысқандарын, батырларын алып келіп, көз алдында бірінің тірідей терісін сойып, бірінің қол-аяғын кесіп, бақыртып жатса да шыдап, пішінін бұзбады. Бір күні екі жендет келіп, екі қолын артына байлап, қып-қызыл қанның ортасындағы кісіні артынан шаншып өлтіретін темір сояу қазықтың қасына алып келді. Сол қазыққа артынан шаншып аузынан шығарған өзінің бір жолдасының денесін алып тастап, қазықты босатқанын көріп, «енді мені де соған шаншады-ау» деп тұрғанда, екі жендет мұның бар киімін шешіп, өзін қазыққа қарай апара жатқанда: «Апырмай! Мен Асархидон емес пе едім, Лаэли емес едім ғой! Бұл түсім болса керек», – деп, қанша тырысып оянайын десе де болмады. Және «Лаэли де – сен, Асархидон да – сенсің» деген бір дауыс естілгендей болды. Аяғында қаншама жалынса да оған қарамай жендеттер қазыққа шанышпақ болған соң шыдай алмай: «Ойбай, өлдім!» – деп бұлқынып, басын көтеріп алса, баяғы шал кеседегі суды мұның басына құйып та болған жоқ екен. Асархидон: – Уһ! Қанша көп бейнет тартып жазаландым! Енді болмаса өліп едім, – дегенде, шал айтыпты: – Не айтасың! Мына бір кесе суды құйып та болғаным жоқ. Бір секундтың ішінде сонша көп бейнет көруге бола ма? Бірақ осы бір секундта не көрдің? Бағанағы менің «Лаэли өзіңсің» деген сөзімнің анық екенін білдің бе? Ол түгіл, аңда жүріп атып алған құландарың мен арыстандар да сенің өзің екенін білдің бе? Сен «тіршілік жалғыз менде ғана, жалғыз маған ғана керек» деп білесің. – Жоқ, олай емес! Ол ой – өтірік! Алдау. Ол өтірік, алдауды көзіңнен алып тастап едім, барша жан иесіне қылған зұлымдығың аяғында өзіңе келетінін көрдің. Тіршілік пен рахат жалғыз саған ғана керек емес, тамам жан иесіне де керек. Бірақ сен жалғыз бір өзіңе тиген үлесің – тіршілігіңе ғана иесің. Сол тіршілікті жақсы өткізуге әм соңыра пайдасын көруге жалғыз-ақ жол бар. Ол жол жалғыз ғана өзіңді жақсы көріп, өз пайдаңды ғана ойлаумен табылмайды, барша жан иесіне шын жаның ашып, шын махаббат етумен табылады. Енді ұқтың ба? – деді де, шал көрінбей кетті. Асархидон түні бойы ойланып, ұйықтамай, таңертең Лаэлиді қалған жолдастарымен біржола босатып, достасып, сый беріп қайтарды да, Сарданипал деген баласына патсалығын беріп, өзі жаяу ел аралап жүріп: «Адам басқа біреуге, тіпті, барша жан иесіне қылған жаманшылығы өз басына істегені болады екен, оны көзім көрді, – деп зарлап, – ешкімге зұлымдық ете көрмеңдер», – дейтұғын болды. 2. ҮШ САУАЛ Бір патса: «Үш түрлі нәрсені күні бұрын білген адам бақытты болар еді, – деп, – соны тауып берген кісіге көп сый беремін», – деп жариялапты. Ол үшеуі: бірінші – «Қай істі қандай уақытта істеген жақсы?». Екінші – «Ең керекті кісі кім?». Үшіншісі – «Ең керекті іс не?». Бұл хабармен неше түрлі халық, көп жандар жиылып, әрқайсысы бір сөз айтты. Мысалы, кейбірі: «Күн сайын, жұма, ай сайын қылатын істі күні бұрын реттеп жазып қою керек», – деді. Кейбірі: «Онан түк пайда жоқ. Немене кез боларын қайдан білуге болады? Өйтіп орынсызға әуре болмай, ең керекті іс кез болғанда алды-артын байқап, әбден ойланып іс қылу керек», – деді. Кейбіреулері: «Жалғыз патса қанша ойлағанмен, қате қылуы мүмкін. Ондай іс кез болғанда, білімділерді жиып кеңесу керек», – деді. Кейбіреулері: «Кей істе үйтіп кеңесуге уақыт тар болады. Онан да күні бұрын ғайыпты білетін сиқыршы, бақсылар айтып, соның ақылымен болуы керек», – деді. Патсаның «Ең керекті кісі кім?» дегеніне де әркім әр түрлі сөз айтты. Мысалы, біреулер «уәзір» деді. Біреулер «молдалар», біреулер «доктор», кейбіреуі «солдаттар» деп, әрқайсысы әр түрлі сөйледі. «Ең керекті іс қай іс?» дегеніне де әр түрлі айтылып, кейбірі «оқу» деді, кейі «соғыс үйрету», кейі «Құдайға құлшылық қылу» деді. Сөз әр түрлі болып, патса ешкімге сый да бере алмады, ойын да шештіре алмады. Сол қалаға жақын маңайда бір асқан ақылды тақуа адам бар еді, тастың үңгірін үй қылып, уақытымен ғибадатын етіп, ағаш егіп жатушы еді. Біреу ақыл сұраса, дұрыс айтып беруші еді. Бірақ аса сәнді киімділерді жолатпаушы еді. Патса сонан ақыл сұрамақ болып, құба-төбел киініп, жаяу барса, ағаш егетін шұқыр қазып жатыр екен. Ақыл сұрай келген үш сөзін айтып еді, тақуа ханның ол сөзіне жауап қайырмай, алақанына бір түкіріп, күрекпен топырағын лақтыра берді. Аздан соң тақуаның шаршағанын біліп: – Күректі маған беріңіз, мен біраз болысайын, – деген соң: – Рахмет, шырағым! – деп күректі берді де, демін алып отырды. Патса екі шұқыр қазып шаршаған соң, сұрай келген сөзіне жауап сұрап еді, тақуа: – Сен шаршаған шығарсың, енді мен болысайын, – деп, күректі сұраса да бермей, патса тағы екі сағатқа шейін жер қазады. Күн батуға таянып, әбден шаршағанда қолындағы күректі тастады да: – Ақсақал! Менің сөзіме жауап берілмейтін болса, мен қайтайын, күн кешкіріп қалды, – дегенде, тақуа: – Ана бір кісі жүгіріп келеді. Соның кім екенін білейік, – деді. Патса қараса – бір қолымен бүйірін басқан бір жаяу. Патсаның алдына келді де, жығылып, өлерше болып жатты. Қараса, бүйірінен қан саулап тұр. Патса жарасын сумен жуып, белбеуімен таңып, азар дегенде қан тыйылды. Аздан соң патса мен тақуа көтеріп үңгірге кіргізіп, төсекке жатқызды. Жаралы тынымдап ұйықтай бастаған соң, патса әрі төтел қазып, әрі қан жуып шаршағандықтан, босағаға сүйеніп тіпті қатты ұйқыға кетті, жаздың қысқа түнінің өткенін де білмей қалды. Күн шыққанда оянып, жаралыға қарап еді, ол да патсаға қарап тұрды да, нашар ғана дауыспен: – Ей, патша, кешіңіз, – деді. – Мен сені танымаймын, нені кешейін? – Сіз менің әкемді өлтіртіп, бар малымды алғансыз. Сол кегімді алуға сіздің қайтқаныңызды тосып жүргенімде, солдаттарыңыз жолығып жаралап кетті. Егер сіз жарамды таңбасаңыз, мен өлі кісі едім. Осыдан жаным қалса, осы жақсылығыңыз үшін сізге өмірімше құл боламын, әм балаларыма да солай бол деп тапсырамын. Бірақ менің өлтірмек болғанымды кешіңіз! – деп жалынды. Патса өзін өлтірмек болған дұспанымен арыздасқанына қатты қуанып: – Сен де кеш! Не нәрсеңді алған болсам, бәрін қайырам. Және саған қазір доктор-күтуші жіберіп, қалаға алғызамын, – деді де, тақуаға: – Менің үш сөзіме не айтасыз? – деп еді, тақуа: – Үш сөзіңізге де жауап берілді, – деді. – Ол қалайша? – дегенде, тақуа айтты: – Егер сен менің шаршағанымды біліп, маған болыспасаң, ерте қайтар едің де, мынау сені өлтіретін еді. Сондықтан ең жақсы мезгілін тауып істеген ісің – маған болысқан кезің. Онда саған ең керек кісі мен болдым. Онан соңғы ең керекті уақыт, ең керекті іс – мына жаралының жарасын байлап, қанын тыйған уақытың болды. Неге десең, сен үйтіп жәрдем қылмасаң, тірі қалса сенен кек алмай қоймайтын еді. Сондықтан ол кездегі ең жақсы іс – жарасын байлаған болып, ең керекті кісі – осы жаралы болды. Және ең керекті уақыт – осы уақыт. Неге десең, бәріміздің де қолымыз бос, ерік өзімізде. Қазір ең керек кісі – осы дұспаның болды. Неге десең, мұның жазылар, жазылмасы әзір неғайбыл. Егер жазылса, бұл-дағы біреуге жақсылық қылғанды жанындай жақсы көрер еді. Ең керек іс – қазір осыған қылған жақсылығың, неге десең, адамның мойнындағы шын міндеті – біреуге жәрдем ету еді... Адамшылық іздесең, бұл жолға түс, Алдау қылма біреуге, қиянат-күш! Жетілсең де жемтік жеп ел зарлатпа, Ар-ынсаптың сүйгені – таза жұмыс! 3. КРИЗ ПАТША Баяғы атақты Айса тумай тұрып, Криз деген хан болған дәурен сүріп. Өктемдікпен зорайтқан патсалығын, Маңдағы нашар елдің бәрін қырып. Байлығы, салтанаты жаннан асқан, Ешкімнің обалына қарамастан. Онан артық адам жоқ өз ойында, Аспандағы күнменен өр таласқан. Румда бір есті бар Салон атты, Данышпан, тура сөзді, инабатты. Сол келді деп есітіп хан шақыртып, Біраз ғана сөйлесіп жауап қатты. Криз хан сұлу еді, жүзі нұрлы, Кигені тым әдемі неше түрлі. Салонға айтты: «Дүниені араладың, Сұлу кісі көрдің бе өзім құрлы?». Ол айтты: «Сенен артық талай жан бар, Мәселен: әтеш, тоты, хайуандар. Қанша әдемі киініп қораздансаң, Сонан артық болмайсың, мұнымды аңғар!». Ішінен хан ыза болып ашуланды: «Есті деп неге айтты бұл есалаңды». Қазына, әскер, дәулетін аралатып, «Көрдің бе, – деді, – мендей бақты адамды?». Салон айтты: «Атнада бір кедей бар, Не қылсаң да болмайсың сен оған пар. Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл, Халқына қиянатсыз қызмет қылар». Шыдамай Криз айтты қатты ыза боп: «Кедейді бақты деудің қисыны жоқ. Қуарған сорлы жақсы бола ма екен? Онан менің емес пе тамағым тоқ!». Салон айтты: «Ол кедей балаларын Оқытып, зор ғылымды қылды бәрін. Таза, еңбекшіл кедейден артық емес, Мақтан үшін мал жиып тойған қарын». «Ей, Криз, сенен менің ойым бөлек, Бұл дүние шыр айналған бір дөңгелек. Өлімнің сағатына кірмей тұрып, Еш адам «мен – бақыттымын» демеу керек!». Салонды қоя берді өз жайына, Өзінің көнбеген соң ыңғайына. Аздан соң оның сөзін мұтып кетті, Басында батса-дағы шымбайына... *** Криздің бір баласы асқан мықты, Бір күні киік аулай аңға шықты. Қолындағы мылтығы қапы тиіп, Қаза жетіп өз оғы өзін жықты. Сол кезде парсы ханы атақты Кер, Жаннан беті қайтпаған шын қайратты ер. Криздің астанасын шабамын деп, Қамады «не соғыс» деп, «не алым бер!». Намыс қып соғысқанда әскер сайлап, Оқ жауды екі жақтан нажағайлап. Кер жеңіп, талқан қылып үй қазынасын, Криздің өзін ұстап алды байлап. «Өлтір!» деп жендеттерге Кер бұйырды, Қаланың ортасына алып жүрді. Кризді бәйтерекке байлап қойып, Астына отын үйіп от қойдырды. Қарады Криз сонда маңайына, Құлаған алтындаған сарайына. Таланған қазынасы мен өлген әскер, Тағы да көзі түсті талайына... Сонда айтты: «Қайран Салон, келмедің ғой! Сөзіңе бұрын ындын бермедім ғой, Данышпан, қасиетті жан екенсің, Аман бол! Енді менің өлгенім ғой!». Бұл сөзді Кер есітіп аң-таң қалды, Ағаштан, от сөндіріп, шешіп алды: «Әлгіде айтқан сөзіңнің жайын ұқтыр! Не себептен шақырдың Салон шалды?». Мәнісін Криз айтты бастан-аяқ, Бір сөзін қалдырмады некен-саяқ «Мен де осындай болмауым мүмкін бе?!» деп, Кер отырды ішінен Кризді аяп. Тыңдап болып Кер түсті терең ойға, Ұқсаған өлік жатыр қырған қойға. «Бүтін әлем біз үшін жаралып па? Бұл лайық емес екен, – деді, – бойға». Сол ойменен Кризді босаттырды, Екеуі бір-біріне кешу қылды. «Дос болып, шығыныңды төлеймін» деп, Амандасып еліне қайта жүрді. Мінеки! Нәпсіге еріп елді жеген, Зарлайды қарғыс айтып талай неген. Өлген кісі тіріліп бір сөзінен, Салонның күні бүгін аты өлмеген. Аты қалды деп оны мақтамаймын, Мен мақтанды артқыға сақтамаймын. «Өлі түгіл, тіріге мақтан – теріс», Оны түзу дегенді жақтамаймын. Салонның өзі өлсе де, сөзі дұрыс, Жастарды соны ұғуға қақпалаймын. Адамның зор кеселі осы мақтан, Бұл құрғырдан ешкімді ақтамаймын! 4. ПАН-ЖИ-ЗАН ХАН Ең бұрын қала болған қытай жұрты, Хақанын Аспанұлы дейді ғұрпы. Ертерек қолөнерге шебер болған, Қолайсыз көрінсе де бізге сырты. Аспанұлы Құдайға жақын деген, Сондықтан не қылса да мақұл деген. «Патса сөзі – тәңірінің бұйрығы» деп, Ол елде жол болмайды закон деген. Ғылымдының санына кірмесе де, Пароходы теңізде жүрмесе де, «Бар мұхитты билейміз» деп ойлайды, Өзге түгіл өз елін білмесе де. Пан-Жи-Зан хақан болған әділетті, Мейірімі өз халқына түгел жетті. Лақап атын Мүнсін деп атайды екен, Мағынасы «ел атасы – хақан» депті. Әділ деп тамам қытай нанады екен, Әр тарапқа құлағын салады екен. Бір жандарал қиянат қылды десе, Шақыртып басын кесіп алады екен. Орнына тағы біреу сайлайды екен, «Тез бар» деп облысына айдайды екен. «Ай сайын жақсы хабар жазып тұр» деп, Тапсырып қатты уағда байлайды екен. Сондықтан рапорт жазып жандаралдар, «Ел тыныш, егін мол» деп хақанды алдар. «Бидай, күріш, тарыға орын жоқ боп, Жерге көміп жатыр, – деп, – тамам жандар». Жан-жақтан күнде осындай хабар келіп, Қуанып жүрсе-дағы соған сеніп, Бір күні Пан-Жи-Занға ой түседі, «Осылар алдап жүр ме?!» деп сектеніп. Шақыртып жиып алды уәзірлерін, Ақылшы, ақсақалды кемеңгерін. Елден келген рапорттың бәрін оқып, «Осы сөз рас па, – деді,– пенделерім?». Олар айтты: «Бәрі рас мұныңыздың, Естуіміз осылай еді біздің. Аспандағы атаңыз жәрдем берген, Әділдік қасиетіңіз бұ да сіздің...». Хан айтты: «Енді бұған нетпек керек, Халқыма менен хабар жетпек керек. Астықты таза сақтап орындауға, Не қылса да бір себеп етпек керек. Осыған өзім айла таппақшымын, Бабаларым ісіне бақпақшымын. Ешбір адам келмесін соған шейін, Қырық күн тарих ақтарып жатпақшымын». Мұны естіп уәзірлер құлдық қылып, Бірталай күн бостандық барын біліп, «Ханымыздың бағы ассын» деп тарқады, Қуанып сауық салып, ойнап-күліп. *** Үйінде жалғыз қалып хан ойлады, Рапорттарды тексеру мән ойлады. Мың бір жүз алпыс жылдай бұрын өткен Син-Са-Син ханның ісін және ойлады. Син-Са-Син кезуші еді елді астыртын, Тексеріп ұлықтардың іс пен ғұрпын. Ел жылатқан ұлықтың басын кесіп, Зұлымдықтан сақтаған сүйтіп жұртын. Бұл да соның жолына кірмек болды, Танытпай халық аралап жүрмек болды. «Ел тоқ» деп жандаралдың жазғандарын Көзбен көріп, анықтап білмек болды. Қасына шын сенімді жолдас алып, Түн ішінде Пекиннен кетіп қалып, Қап салған қайыршы боп шекпен киіп, Пешелі облысына кірді барып. Кез келді келе жатып зор қышлаққа, Бір үйге барды қайыр сұрамаққа. «Ата-анаң аруағы үшін бір нан бер», – деп, Мұңайып келіп тұрды есік жаққа. Ол айтты: «Біз емеспіз тамаққа тоқ, Сен түгіл балаларға нанымыз жоқ. Жандарал, тамам ұлық астықты алып, Жатырмыз өзіміз де өлетін боп». Тіленіп екінші үйге тағы барды, «Аштан өлдік, нан бер», – деп айғай салды. «Бұл елдің наны жоғын білмеймісің, Мазақтамай кет!» – деген жауап алды. Онан соң барып еді үшінші үйге, Ол-дағы түскен екен аштық күйге. Нан бер деген сөзіне сөз қайырмай, Жылады «нан қайда, – деп, – ай, дүние!». Онан соң бір қалаға тағы келді, Нан жоқ болса, балаудан бер», – деп енді. «Балау деген ұлық па, хайуан ба, Оны біз білмейміз», – деп жауап берді. Хан талай ел қыдырды сөйтіп жүріп, Астық пен елдің жайын әбден біліп. Талай адам жиылған бір ақ үйге «Мұнда не бар екен?» – деп келді кіріп. Қараса, өңкей кедей, пақыр екен, Ол қала да астықтан тақыр екен. «А, Құдай, жандаралдың басын кескіз», – Деп жылап, дұға қылып жатыр екен. Оңаша бір шал отыр есік жақта, Хан соған жақын келді байқамаққа. Оның қылған дұғасы елден бөлек: «А, Құдай, жандаралды, – дейді, – сақта». «Жандарал жүз елуге келсін! – дейді, Жасартып тағы да өмір берсін, – дейді. Бұл өлгенмен келеді және біреу, Онан да осы-ақ ұлық болсын», – дейді. Хан айтады таң қалып мына сөзге: «Ақсақал! Ойың бөлек көрер көзге. Жандаралдан көріп пе ең бір жақсылық, Өлсін деп тілеп отыр сізден өзге». Шал айтты: «Кімге қылды ол жақсылық? Жандаралдан шықпайды ондай қылық. Алым алып, өзіне дүре соғып, Елге күнде қылады зұлымшылық». Хан айтты: «Жақтырмасаң қылған ісін, Неге өмірін тілейсің, айт мәнісін? Кей адамның болады жұлдызы ыстық, Сондықтан ұнаттың ба оның түсін?». Шал айтты: «Көрген емен өмірімде, Сексеннен асты жасым осы күнде. Бес жандарал өткіздім мұнан бұрын, Бірінен бірі антұрған болды мүлде. Бұл өлсе, біреу келер мұнан залым, Зарлатып тағы алады елден алым. Пекиннің жандаралы қасқырдан көп Екені баяғыдан маған мәлім. Анау жастар мұндайды сынамаған, Ел бар ма ұлығынан жыламаған. Онан-дағы осы өлмей тұрсын деймін, Тағы біреу келгенше мұнан жаман». Хан қайғырды: «Ел жайы бұл екен, – деп, – Әншейін бос әуре боп жүр екем, – деп. Кімді қойсам зарлатып елді жейді, Тамам жұрт кіші ұлықтың құлы екен», – деп. Қырық күнде хан үйіне қайта барды, «Келсін!» деп уәзірлерге хабар салды. Пекиндегі ақылшыл ұлықтарды Шақыртып өз қасына жиып алды. Хақанға ауыр тиді ұлық сынау, Елінің көрген күні күнде жылау. Жаны ашып кейісе де, ем таба алмай, Үміт үзіп сандалған сөзі мынау: «Ақтардым тауарықтың оқып бәрін, Бабамның ісі болды маған мәлім. Өзі өлгенше түспесін жандаралдар, Жамандап десе-дағы қанша залым. Түспесін олар түгіл ешбір ұлық, Десе де «ол қылып жүр бұзақылық». Менің сөзім – Аспанның сөзі емес не, Осы екен, ойлап тұрсам, құдайшылық». Мұны естіп тамам ұлық бас ұрыпты, Ол қайтіп қуанғанын жасырыпты? Олар түгіл дос, қайын, нағашысы Зұлымдықты жүз есе асырыпты. Көрдің бе, ел түзету қандай қиын, Шіріткен Пан-Жи-Занның есті миын. Басы патса, аяғы атшабарлар Қалтаңа қалдырды ма жалғыз тиын? 5. ҰЖДАН Қытай патсалығы – ең ескі патсалық. Отырықты өмірге ерте түскен қауым. Ескі заманда қытайлар рахатты өмірде болған. Бай, кедей өз әлінше бақытта еді, бірақ бір кезде олар таңқаларлық бір науқасқа ұшырады... Әркім ұйқысы қашып, тыныш ұйықтай алмайтын болды. Оның себебі – сол кезде Ұждан (совесть) туды, яғни періште келді. Бұл Ұждан періштесі бір нұрлы сұлу қыз суретіне түсіп, түн болғанда қытайларға көріне бастады, күндіз көрінбеуші еді. Әркім қызметі, саудасы болғандықтан, күндіз Ұжданмен сөйлесуге қолы тимеуші еді. Бірақ күн батып, күндіз қас қарайып, көктегі жұлдыз жылтылдаған соң, Ұждан шаһардың әр көшесін аралай бастаушы еді. Халық жұмыс, шаруасынан босап, тәтті ұйқыға кете бастағанда, Ұждан байлардың сарайына, кедейлердің балағанына кіріп, төсегіне жақын келіп: «Ей, кісі, маған қара!», – дейтін еді. Ол сасқалақтап қызды көрген соң: «Ей, қыз, саған не керек?», – дегенде, қыз ақырын ғана: «Сен бүгін не істедің? Соны анық тексеріп ойла», – деуші еді. «Мен не істеппін? Бөтен, бұзық еш нәрсе істегем жоқ», – десе, ол қыз: «Әбден түсініп, ақылыңды жиып ойла!», – деуші еді. Ол кісі ойланып, ойына түскен бір ісін: «Менің сүйткенімді айтамысың?», – дегенде, ол қыз көрінбей кетуші еді. Сондықтан ол кісінің көңілі алаң болып, тиышсызданып, түні бойы ұйықтай алмаушы еді. Ұждан қыз үй мен үйге қыдырып, әлденеше мыңдаған қытайларды ұйқысыздық дертіне ұшыратушы еді. Сол уақыттың дәрігерлері бұл ұйқысыздық оба науқасына қарсы неше түрлі дәрі жасап ем қылса да, не апиын, не наша, не көкнары сияқтылардың түк пайдасы болмады. Ол өлкенің ең ақылды адамы Син-Лу-Жи ақылды, әрі бай, жақсы кісі болса да, ол бұл науқасынан аман қалмады. Бұл байға әркім борышты болғандықтан, бірталай адам соған борыш төлеу үшін қызмет қылып кіруші еді. Егер борыштылардың бірі қарекет қылып төлемесе, не біраз бидайын ашыққандықтан ұрласа, Син-Лу-Жи бай оны мейлінше сабап қатты қинаушы еді. Әрине, оны басқаларға ғибрат (сабақ) болсын деп істетеді. Әрине, оларға бал жегізбейді, қамшы жегізеді... Бірақ түн болып, жалғыз жатқанда Син-Лу-Жибайдың ойына әлдене ойлар келуші еді. Мысалы: «– Пәленше неге ұрлық қылды? – Жейтін тамағы жоқтықтан. – Тамағы неге жоқ? – Бар бидайын аласым үшін мен алдым». Син-Лу-Жибай осындай ойларды ойлап жатып, кейде күліп те жіберуші еді: «Қызық-ау, ұрлықты ол қылады да, оның аш қалғанының обалы менде сияқты!» – деп. Сүйтіп Син-Лу-Жи байдың да ойы бөлініп, ұйықтай алмайтын болды. Қанша ойласа да, бұған ем таба алмай, бір күні Син-Лу-Жи қатын-бала, туысқандарын жиып алып, елден жиып алған малдарын, жерлерін өздеріне қайтарып, садақа беретінін айтты. Мұны есіткен соң қатын-бала, туысқандары зар жылап: «Ұйқысыздық дерті Син-Лу-Жи байды ақылынан адастырды», – деп, оны емдетуге қам қылысты. Дәрігерлерге, қала бастығына білдірген соң, «Син-Лу-Жи бай ұйқысыздық дертінен жынданып кетті» деген хабар әр жаққа жайылды. «Мен де ұйқысыздықтан өлетін болдым» деген бай, кедей тіпті көбейді. Қауым бұл науқастан қатты қорықты. Уақытындағы ұлықтар қызметін жөндеп, бұрынғыдай жолмен жүргізе алмай жаман састы. Ең қатты оба науқасы келгендей-ақ,қытай патшалығы жаман күйге ұшырады. Пекиннің уәзірлері, бақсы-балшылары көп кеңесіп, бұл науқас түнде келіп әркімді тынышсыздандыратын Ұждан деген қыздан екенін анықтап, амалын таба алмай отырғанда, Пекин қаласындағы өздерінше ең молда, ең зор бақсы, ақылды Ту-Ту-Син деген қариясы ойларына түсті. Ұлықтардан, қадірлі адамдардан соған бірталай адамдарды жіберді. Олар барып: «Ей, атамыз! Дүниенің бейісі – Пекин қаласы ойран болып барады! Бізге бір шара, жәрдем қыла көріңіз!» – деп, аяғына бас ұрып, хақанның жіберген сыйларын ұсынды. Ту-Ту-Син шал бұлардың сөзін әбден ұғып, біраз ойланып отырды да: «Қорықпа, балаларым! Мұның емі оңай. Ол қыздың жолын бөгеп, оны келтірмеу керек. Сонымен жұмыс бітеді», – деді. Шалдың бұл сөзінен олар үміттеніп, «мұнан кейін тыныш ұйықтаймыз» деп қуанып, қолдарын қусырып тұрды. Ту-Ту-Син тағы айтты: «Адамдардың ұйқысын қашқызып, сау ақылын шатастыратын Ұждан қыздың жолын әбден бекітіп, халықты ол пәледен құтқару керек дедім, оны ұқтыңдар ма?» – дегенде, олар айтты: «Ұқтық! Бірақ ол қыздың жолын қайтіп бекітеміз? Ол қыз бекітулі есіктен, биік қорғаннан, көпірсіз, өткелсіз сулардан қалай болса солай өтіп, үйге кіреді», – деген соң, Ту-Ту-Син айтты: «Оның амалы тіпті оңай! Заң, закондар жазып, оны баптарға бөліп, әркімнің не іс істейтінін, не істі істемейтінін ақ қағазға қара сиямен жазып, бекіту керек. Ол заңда әр адамның қылар ісін дайындап, соған қарап іс қылуға міндеттендіруге керек. Сөйтіп, әркім қылар міндетін, әм қылмайтын ісін біліп қоюы керек. Көп қауымға мұны сөйлеп, оқып отыруға басшыларға, заңшыларға ерік беру керек. Олар қауымға үйреткені үшін ақы алып, сонан соң бәрі сол заң бойынша іс қылып, рахат ұйықтайды», – деді. Сонда олар айтты: «Ей, тақсыр бабай! Сіздің ақылыңыз теңіздей. Бірақ біздің ақылымыз жетпейтін жері – заң (закон) жазғанмен, ол қыздың жолы қалайша болып бекітіледі?» –дегенде, бабай айтты: «Ей, балалар! Тіпті оңай нәрсені қалайша ұқпайсыздар? Келіңіз, әуелі закүн жазайық!». Тамам бақсы, қариялар, әлгі келген ұлықтар жабыла қаламға жабысып, әлденеше күндер заң жазып, зор-зор қырық кітапқа әлденеше жүз бапты закон жазды. Әр адамның бесіктен көрге шейін не істеп, нені істемейтінін, тіпті, нені ойлап, нені ойламайтынына шейін бөлек-бөлек (парағраф) қылып жазды да, Ту-Ту-Син айтты: «Мұнан былай ол Ұжданнан да, оның бір туысқан қарындасы Ынсаптан да тіпті қорықпаңыз! Енді түнде тынышсыздай алмайды. Күндіз де келе алмайды», – деді. Олар айтты: «Жақсы айтасыз! Бірақ түнде Ұждан қыз келе қалса қайтеміз?» Ту-Ту-Син айтты: «Жақсырақ тыңдаңыз! Бұл жазылған заңды әркім білмейді. Қытайдың қасиетті бақсылары, заңшыларына мұны білмегендер әрқашан келіп, қара жазуларды қаратып тұрсын! Сонда қандай істі қылуға мүмкін екенін біледі. Қырық кітап тегін ақтарылмайды, білім ақысы деп, немесе білмеу жазасы деп ақы төлейді. Онан кейін тыныш ұйықтайды... Сонан соң Ұждан қыз келсе, «сен не істедің» десе, оның сөзін тыңдамай: «Кет, жоғал! Мен не қылсам заң жолымен қылдым», – деп көрпені басыңа бүркеніп ұйықтай беруге керек!»... Ту-Ту-Синге келген қауым (комиссия) қырық түлек кітапты алып, әм оның айтқан насихатын айтып Пекинге келді. Ол заңынан әлденеше копия көшіріп, бақсыларға, заңшыларға, ұлықтарға таратты. Онан кейін бір түні Ұждан қыз Син-Лу-Жи байға келген соң, бай күлімсіреп: «Жақсы келдің, сұлу қыз, не айтасың?» – деді. «Не айтайын? Сен малыңды садақа қылып бейшараларға үлестіруге уағада етіп едің. Соны орындамайсың ба?» «Ол уақыттың өткенін білмедің бе, сұлу қыз? Енді менің мал үлестіруге еркім жоқ. Заңның он алтыншы кітабының сексен екінші бабының жүз бесінші бөлімінде не жазылғанын білемісің? Онда айтылған: «Мал, байлық аз-аздан азар ғана жиылады. Атадан балаға қалады, әр адам малды сақтауға міндетті, ысырап қылу заңға қарсылық болады; әркімнің малында қатын-бала, мирасқорлардың үлесі бар», – делінген. Егер малымды садақа беріп, кедейлерге үлестірсем, онда мирасқорларға қиянат қылған боламын. Ол заңға қарсы, естідің бе, қызым? Және заңның жүз алтыншы бөлімін тыңда: «Малын заң бойынша ұстамай ысырап қылған адамды тұтқынға алу керек, малына ие қою керек», – делінген. Кет, қызым! Мұнан былай маған келме! Мен заңға қарсылық қылмаймын», – деп, Син-Лу-Жи бай көрпесін бүркеніп, қозыша рахаттанып ұйқыға кетті. Ұждан қай үйге кіріп: «Ей кісі! Сен бүгін не істедің?», – десе, әркім кідірмей: «Заңсыз еш нәрсе қылғаным жоқ. Жылдам кет! Бақсылар мен заңшылардан сұра», – деп, көрпесін бүркеніп қорылдайтын болды. Сонан кейін Қытай өлкесі рахаттанып, ұйқысыздық ауруы жоғалды. Ұждан мұны көрген соң қара бұқараны қойып, заңшылар бастығы, Нанкин қаласының зор бақсысы Ту-Ту-Син бабайға барды. Түн ортасы кезінде ұйқыда жатқанда оны оятып: «Бабай! Маған қара», – деді. Ту-Ту-Син оянып, қызды көріп қатты ашуланып: «Мұның не? Есік қақпай рұқсатсыз неге кіресің? Ей, әдепсіз! Білесің бе, заңның бірінші кітабының үш жүз қырқыншы бөлімінде не жазылған? «...Түнде біреудің үйіне рұқсатсыз кірген адам ұры есептелініп, тұтқынға алынады», – деді. «Ей, тақсыр, бабай! Мен ұры емеспін. Менің атым – Ұждан! Не айтасың!» «Ұждан-мұжданыңды мен білмеймін, әлдекімсің? Бірақ түнде жалғыз қыдырған ұрғашы заң бойынша ойнасшы есептеледі». «Астапыралда! Ей, ақсақал! Не дейсің?» «Не десем де, сен заңға теріс жолда жүргенің анық. Рұқсатсыз үйіме кірдің», – деп, қоңырауды қағып еді, үйге бірталай қызметші кіріп келгенде, Ту-Ту-Син: «Мына қыздың қол-аяғын бекітіп, зынданның ең түбіне тастаңдар!» – деді. Қызметкерлер қызды зынданға тастады. Сонан кейін Қытай өлкесі Ұжданнан біржола босады... Бірақ ел арасында Ұжданның аты ұмытылмай қалғандықтан, кейбір әдепсіз надандар бақсылар мен заңшылардың зорлық ісіне шыдай алмай: «Ей, жаным, мұндай орынсыз істі не қыласың! Сізде ұждан жоқ екен», – дегенде, оларға жауап қайырғанда: «Ұждан сізде жоқ, бізде көптен бар! Бірақ қол-аяғы байлаулы, абақтыда жатыр», – дейтін еді. Сонан бері Қытай жұрты басын көтермей, тіпті, тәтті ұйықтайтын болды... Тегінде, ұждансыз жан өлікке есеп, Адамның кеселі жоқ мұнан кесек, Ар, ынсапсыз, мейірімсіз залымдарды Қате қылған болмаспыз хайуан десек. 6. ҚОЛШАТЫР БҰЙРЫҒЫ Көзге күңгірт, ойда бар өткен заман, Бізден бұрын өтіпті бірталай жан. Сол өткен көп заманның бір кезінде Қытайды билеп тұрған Сан-Хо-Жи хан. Көп болған өз жұртына шын мейірімі, Ел қамын ойлайды екен күндіз-түні. Өз басына келгендей есептейді, Халқына біраз ғана зияндыны. Жүргенде Мармар көлден балық алып, Қасында ақын қыздар әнге салып. Қөңіліне ел жайынан бір ой түссе, Қылады соның қамын қайта барып. Бойына лайық көрмей бос ойлауын, Қағады алтындаулы қоңырауын. Бас уәзірін шақырып жарлық айтып, Осыны қылсын дейді барша қауым: «Халқымда қысымшылық бар ма? – дейді. Немесе бір нәрсеге зар ма? – дейді. Мені алдасаң – Құдайды алдағаның, Жалған айтып жазада қалма?», – дейді. «Сізге өтірік айтқаным – қай қылғаным, Онда бас пен сақалдан айрылғаным. Осы күнде еліңде түк қайғы жоқ, Бұйрығыңмен бәрін де жай қылғамын». «Елді аяп әмірімді күнде айтамын, Орнына келтірмесең, ұлғайтамын. Ақылың жоқ болса да, жасың құрбы, Ойымды сен тұрғанда кімге айтамын». Қайтқан соң уәзірімен қалжыңдасып, Бақшада көгершінге жемін шашып, Екі қыз дағарадай қолшатырды Ұстап жүр хан басына жанталасып. Ол күні желсіз ыстық болды қатты, Қүйдіріп тиген жерін шыдатпапты. Қап-қара қолшатырдан өте шығып, Тақсырдың тақыр басын шыжылдатты. Сан-Хо-Жи мұны көріп көп ойлады, «Шатырсыздар қайтіп жүр» деп ойлады. Үйге келіп, уәзірін шақырып ап, Елді ыстықтан құтқару еп ойлады. «Ей, уәзір! Неткен ыстық бүгінгі күн, Көшеде не жаны жүр шатырсыздың! Бай өзі алсын, кедейге шатыр әпер, Қазынадан ұсталса да қанша жүз мың. Жандарал, қала басы, частнойларын, Тез барып шақырып ал түгел бәрін, Бәрінің де бастары кесіледі, Күн шыққанша бітпесе бұйрықтарым». Айтқан соң уәзір барып бұл бұйрықты, Ұлықтар қатты қорқып көп ұлықты. Аздан соң ақылдарын жиып алып, Кеңесіп, күңкілдесіп, сыбыр шықты. Қазынадан талай ақша алмақ болды, Ол ақша ұлықтарда қалмақ болды. Көшеде шатырсыздың бәрін ұстап, Апарып абақтыға салмақ болды. Ұлықтар осылайша айла тапты, Қазынадан неше мың сом ақшаны апты. Шатыр түгіл, киімсіз кедейлерді Ұстап алып, зынданға бәрін жапты. Ертең ерте патсаға бәрі кепті, «Ей, тақсыр! Көзіңізбен көрші, – депті. – Қалмады шатыры жоқ жалғыз адам, Қазынаның аз ақшаға несі кетті». Білу үшін шықса да хан көшеге, Шатырсыз бір кісіні көрсін неге. Баяғыдан ұлықтың қылығы осы, Бүгін сеніп бола ма дүниеге? Бұйрығын тез орындап ұлықтары, Мақтанып шен алғызған қылықтары. Абақтыда жылаған шатырсызша, Сорлы елдің тыңдала ма қылған зары. Ұлтшыл деп сөгеді қазақ жасын, Қорғау дұрыс емес деп әркім басын. Көштен қалған қаңғырып қазақ жаяу, Неге алдыңғы керуенге апармасын? Бірақ қазақ ұлығы тек тұра ма, Халқының кемшілігін толтыра ма? Біз көрген Николай ұлығындай, Онан әрі менен көп сөз сұрама!