Мақалалары

Әкемнің шығармалары жайында

Әдебиетіміздің тілін, мазмұнын,
көркемдік идеяларын, жанрдың түрлерін, құрылысын, шындықты көрсете білу
әдістерін байытып, жетілдіруде өскелең орыс әдебиеті үлгі, қалып есебінде
болды. Сөйтіп қазақ әдебиеті де көп салалы, сегіз қырлы дүниежүзілік әдебиет
қатарына қосылды.
Біз
жоғарыда әр елдің қоғамдық тұрмыс әрекетіне байланысты әдебиеттері де үздіксіз
өсіп отырады дедік. Олай болса, тарихи әдебиетте халық өміріне жанасып, сатылап
өсіп отырмақ. Осы жағынан алып қарағанда, біздің әдебиет тарихында олқылық
болып келді. Бұл жайында әдебиетіміздегі Абай мен Торайғыров аралығында ойық
орынның қалып қойғандығынан. Сондықтан сол ортада қазақ әдебиеті жоқ сияқты
болып көрінеді. Бізше, осы аралықтағы қазақ әдебиеті тарихына тиісті үлес
қосқан әдебиетшілеріміздің бірі – Шәкерім. Біз сол туралы айтпақпыз.
Шәкерім
11 июльде (жаңаша 24 июльде) 1858 жылы туып, 1931 жылы қайтыс болған. Сол
кездегі қазақ жазушыларының ішінде көп жазған адамның бірі. Шәкерім Абайдың
үлкен ағасы Құдайбердінің баласы, Абайға немере болып келеді. Құдайберді 37
жасында қайтыс болып, Шәкерім жеті жаста жетім қалады. Бес жасында оқуға
беріліп, жасында хатты толық танып шығады. Тоғыз жасына дейін молдадан оқып,
одан соң оқуды тастап, өз бетімен ізденіп, білімін толықтырады. Шешесі араб,
парсы, түрік тіліне, ою-кесте, ұсталыққа өте шебер болған адам.
Шәкерім
өнер, білім үйренуге, шеберлікке жасынан құмар болған. Сағат, машина жөндеуге,
пышақ соғуға, сурет салуға, ағаштан түрлі заттар жасауға, ою оюға, киім пішіп
тігуге, темірге қарала шабуға өте шебер адам болған. Оның өлең жазу қабілеті
ерте оянған. Шәкерім 7 жасынан өлең жаза бастаған.
Шәкерім
бір әңгімесінде былай дейді:
«Жазғытұрым әкем
өліп, ауылға ат қойып, келіп жатқан адамдар көп болды. Мен осы кезде есік
алдындағы төбешікте отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан құртты өлтіріп алып,
құртқа жаным ашып аяп, жылап отырып, құрт болып өлең айтқаным бар. Содан есте
қалғаны:
Өлтірдің, не таптың сен онан пайда?
Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.
Өлімнің қандайлығын көзің көрді,
Кешегі тірі жүрген әкең қайда?
Менің де жетім қалды балаларым,
Олар да жылайды іздеп аналарын.
Өзің жетім, жетімді аясаңшы,
Жоқ екен басыңда ми-саналарың!..
Осы өлеңімді
кешке шешелеріме оқып беріп, шешелерім жылап, «өлең жазба» дегені есімде.
Абайға өз шешем: «Мына Шәкерімнің өлеңін оқып көр. Өлеңді сен өзің ал,
Шәкерімге өлең жазба де», - дегенде Абай: «Жоқ жеңеше, Шәкерімге өлең жазба
демеңіз. Өлең жазсын, өзім үйретіп, тәрбиелеймін», - деді. Мені тәрбиеледі,
Абай болмағанда менің мұндай болуым неғайбыл еді»-дейтін. Демек Шәкерімді
жасынан Абайдың тәрбиелеуі анық. Бұған Шәкерімнің өз өлеңдері дәлел бола алады.
Көп өлеңдерінде Абайды мысалға келтіріп отырады. Абайды жоқтау өлеңінде:
Аяған сонан жаныңды кімге сақтар беруші ең?
Өзің кімнен көп едің, кім үшін уайым жеп едің.
Күдеріңді үздің бе, сүйенішім мықты дер едің, -
деп Абайдың өзіне сүйеніш, жәрдемші,
тәрбиеші болғанын айтады.
Және бір өлеңінде.
Кім жағады сендерге, тарттырған азап Абайға,
Соның да тілін алмадың, сабадың, сөктің, қарғадың,
Сендерден белгі нең қалар, жемтігін жеген жем қалар,
Ақылды дария Абайдан таусылмас қоры кен қалар, -
деп, Абайдың ақылы дария екендігін,
сарқылмас мол мұра қалатынын айтады.
Не қылсақ та, шыдады, білдірмеді.
Сол десеңші анық-ақ қазақ нары,-
деп қазақтың қараңғы түн, қанды
оқпында ауыр жүгін арқалаған нары еді,-дейді Абайды.
19 жасында
«Жастарға» деп жазған өлеңінде:
Абайдан үлгі
алалық... Бұл Абай сәудегер ғой ақыл сатқан. Тегін білсең аласың, бос береді.
Мынау Абай бір ғалым, жол шығарлық...
Кісі емес ескерусіз бос қаларлық...
Ақылымен жол табалық, ел бастарлық,-дейді.
Абайдан
үйренерлік, үлгі аларлық, кеңесін ұғалық. Бізде Абайдай елге еңбек етелік. Бір
сара жол шығатын ғалым адам. Ол ескерусіз қалмайтын адам,- деп Абайдың
адамгершілік, данышпандығына бас ұрады. Тағы осы өлеңнің бір жерінде:
Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін деп,
Қатты сөзбен қайырып қамалыпты.
Енді ойладым қайратқа мінейін деп,
Білімдінің қадырын білейін деп,-
дейді.
Кемшілігін
Абайдың батыра айтатынын, онысы ақыл екенін қайырусыз, қағусыз кетірмей,
тәрбиелеп өсірген Абай екендігін, білім жолына Абайдың ақылы, нұсқауы,
ұқтыруымен берілгенін айтады.
Абай қазақ
шежіресін жаз деп, Шәкерімнің 19 жасынан бастап қазақ шежіресін жинай бастағаны
анық. Абайдың ұқтыруы және ол кісінің ел-елге кісі жіберіп, хат жазып, жинатқан
мәліметтері де шежіреде бар дейтін. «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек»
поэмаларының да жазылуы тікелей Абайдың нұсқауы,-дейді Шәкерім. Абай қайтыс
болғанша Шәкерімнің жазған өлеңдері мен әңгімелері Абай сынынан өтіп,
тексеріліп отырған. Шәкерім араб, парсы, түрік, шағатай тілдеріне жүйрік болған
адам да, орыс тілін жақсы білген. Осы тілдерді жақсы меңгеру арқасында өз
заманындағы одан бұрын өткен әр елдің жазушы, ойшылдарының шығармаларымен
танысқан Шәкерімнің кітапханасында шығыс, батыс жазушыларының шығармаларымен
қоса, әр елдің ұлағаттары бар болатын. «Шет елден білім алып, басқа елдің ғалым
жазушыларымен танысуға, олардың кітаптарын оқуыма Абай себеп болды» дейді
Шәкерім.
Білім іздеуге
Абайдың себеп болғанын Шәкерім былай әңгіме ететін:
30 жасыма
дейін араб, парсы, түрік, шағатай, орыс тілдерін меңгеріп алдым. 37 жасымда ел
жайлауда, күнде барып тұратын Абайға келсем, үйде көп адамдар отыр екен. Мен
туралы сөз болып жатқан көрінеді. Мен келіп отырған соң Абай: – Шәкерім сен
шығыс тілін өте жақсы білетін болдың. Мыналарға сен жайында айтып отыр едім. 40
жаста адамның ой-санасы жетіліп толады. Сен 40 жасқа толғанда, бар жол
қаражатыңды өзім беріп, саған білім іздетем. Сол үш жылға дейін сен қалған
кемшілігіңді толтыр. Бар қаражат менен, білім іздеу сенен, осыған қолыңды
бер,-деп Абай қолын ұсынды. Мен күліп: - Бар қаражат Сізден болса, мен неге
білім алудан қашамын,-деп, қолымды бердім. Абай,-жарайды, деді де көпшілікке
қарап, мен етек басты болдым, енді Шәкерімге білім іздетемін,-деді.
Мен,-Абай
аға, қай жерден білім іздеуім керек,-дегенде, Абай,-ертедегі грек ғалымдарының
білімін Стамбулдан табасың, ертедегі араб білімін Мекке, Мединадан табасың.
Египеттегі Александр салдырған кітапханадан көп ғалымдардың шығармаларымен
танысасың, осы төрт жерге жіберемін,-деді. Абаймен уағдам 40 жасымда орындалмай
қалды. Себебі, Абай өте жақсы көретін менің ағам Шәке қайтыс болды. Абай
Шәкеннің зиратын өзі басында отырып салдырып, қырқын бергізді. Шәке 1901 жылы
қайтыс болды. Одан бұрын 1982 жылы Оспан қайтыс болды. 1904 жылы жайлауда
Мағауия қайтыс болды. Мағаштың қазасы Абайға өте қатты батты. Абай терең ойдан
айықпай, ауыр қайғыға оранды, қасынан шықпай күзетуде болдым. Елдің басты
адамдары жиналып, Мағауияның қырқын беруге дайындалдық. Ақыры берік қайратқа
жеңгізіп, Абай көппен бірге үй сыртындағы дөңге шықты. Әлден уақытта Абай көпке
қарап, маған қолымен нұсқап, мына Шәкерім бақытсыз екен. Бұған білім іздетем
деп мен де үмітте болып едім. Ол үмітім де орындалмады. Мұның бақытсыздығына үш
туысқанның қаза табуы тап келді,-деді кейін,-Абай аға. Сізге берген сертімді
қайткен күнде орындаймын,-дедім. Сонда Абай,-мен өліп қалсам қайтесің, деді.
Мен, -Сіз өлмеңіз, Сізге берген уағдамды орындауға міндеттімін,-дедім. Сол
жайлауда Мағауияның қырқында Абай қайтыс болды. Маған Абайға берген сертім
батып жүрді. Қазақтың өлген адамды үш жыл жоқтайтын ғұрпы бар ғой. Осы үш жылды
өткізу өте ауыр болды. Абайдың қайтыс болғанына бір жарым жыл толған соң,
ағайындарды жинап алып, Абайға берген сертімді орындауым керек екенін айттым.
Кей ағайындар «жақсы көретін ағасының үш жылын күтпеді» деп наразы да болды,
бірақ мен одан гөрі Абайға берген сертімді орындағанымды артық санап, сапарға
шығып кеттім. Меккеге барам деп шықтым, ары бара жатқанда Стамбулда 13 күн
болып, бері келе жатқанда 13 күн болып, қанша тарихты ақтарып, керек кітаптарды
почтамен үйге жіберіп отырдым. Меккенің де, Мединаның да тарихтарын ақтардым.
Бірақ жол қатынасы жайсыз болып, Египетке баруға рұхсат ала алмадым. Сол
кездері шығыс, батыс ғалымдарымен көп сөйлесіп, олардың ой-пікірлерімен, шығыс,
батыстың ертедегі ғалымдарының шығармаларымен танысып, оларды жаздырып алдым.
Александр салдырған кітапханада қызмет еткен ғалымдардан сұрап, керекті
кітаптарды жаздырып алдырдым. Абайдың ақыл кеңесі болмағанда мен ол
жерлерге бармаған да болар едім,-дейтін
Шәкерім.
Шыншылдық пен
адалдыққа да Шәкерімді тәрбиелеген Абай. Абай өз туысқандарына айтады екен,-
адалдықтардың Шәкерім мен Мағаштай болсын,- деп. Шәкерімнің қиянатсыз адалдығын
халық білген. Қазіргі көзі көрген қарт ата-аналар Шәкерімнің адалдығын әңгіме
етеді.
Абай
тәрбиесінде болып, үлгі алған ақын қазақтың жаман әдеттерін қатты сынап, міней отырып, білім, өнерге,
еңбекке шақырған. Ерте жазған бір өлеңінде:
Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
Анау-қу, мынау-пысық, мен-батыр,-деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа.
Ойда жоқ өнер біліп, мал табайын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс,
араздық күнде дайын,-
деп қазақтың өнер-білім ізденбей,
араздық, партия ұрыс, жанжалға салынғанын шенесе, тағы бір өлеңінде:
Аман бол ағайын, танысым, қимасым,
Надандық жаман ғой, оқыған адам ғой.
Ізденіп көріңіз, ғылымды заман ғой,
Насихат тегін ғой, салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе, араздық кегін ғой,
Ғылым бір кенің ғой ауырсаң емің ғой,
Мен қайғы едім ғой, қапы өттім дедім ғой,
Қазағым, қам ойлан, сен де адам едің ғой,-дейді.
Надандықтан
без, бірлік, береке қыл, ғылым үйрен, ерінбей еңбек ет, білім бәріңе жетеді,
білімге ұмтыл деген насихат айтып, халықты өнер-білімге, еңбекке шақырады.
Қазаққа
білімді елдерден өнер-білім үйрен, орыстың ойшыл, шыншыл, сыншыл адамдарынан,
ақындарынан өнеге ал, соларға ерсең айтқанын ұқсаң, ел боласың, алдампаз молда,
қуларға ерсең елдіктен айырылып азып тозасың деп ескертеді.
Орыстың жақсыларын білмес қазақ,
Болып жүр сондығынан көпке мазақ.
Өнерлі - білімді елден тағлым алмай,
Қуларға еріп момындар тартар азап.
Үйренсе білімі мен сан өнерін,
Білер еді-ау өнердің не берерін.
Таныса ақын, ойшыл адамдарын,
Табар еді-ау адамдық ар көмегін.
Білсе егер Салтыков пен Толстойын,
Сезсе олардың айтылған терең ойын.
Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса,
Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.
Лермонтов, Некрасовтай ақындарын,
Өнеге етсе олардың мақұлдарын.
Өзімшіл надандықтан көзі ашылып,
Аңғарар адал жолға жақындарын.
Сұрқия сопылардың алма тілін,
Беті тұнық, асты ылай, ол бір жылым.
Өнерсің өнеге алсаң, үлгілі елден,
Адамшылық, өнермен берер білім.
Алаяқ сұмдарға ерсең болмас жолың,
Қазағым-ау қаңғырып қайнар сорың.
Өнер-білім үйренсең еңбек етіп,
Мазақ болмай жетер елдікке қолың,-
деп халқын білім-өнерге шақырып, орыс
халқына, олардың ғалымдарының айтқанын ұғып, үлгі алсаң нұрға оранасың,
елдікке, адамгершілікке қолың жетеді. Сопы-молда, қуларға ерсең елдіктен
айырыласың, олар арам, алдамшы, жылым, оларға ерме,- деп үгіттейді.
Сергек,
сезімтал ақын қазақ халқының өнер-білімді орыс халқынан, орыс ғалымдарынан
алса, солардан үйренсе, бақытқа қолы жетер еді,-деген саналы қорытындыға
тоқтайды. «Насихат» деген өлеңінде:
Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ.
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегенді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті,
Білмегенді қыл шәкірт.
Үйренуге қылма намыс,
Үйретуге болма кер.
Өнеріңді құр шірітпе,
Орнына анық жұмсамай,
Өкініші кетпес оның,
Өз бойыңда босқа өлер.
Қай ғылымды білсеңіз де,
Қазір оны елге жай.
Құр ішінде кеткеніңше,
Пайдалансын өзгелер,-
деп ғылым іздеп талаптанған жастарға
білген өнерінің ең жақсысын істе, білмегенді білгеннен сұрап, қарастырып білуге
тырыс. Білген адамның шәкірті бол, үйренуге намыс қылма. Біреуге біліміңді
үйретуге кер болма. Өнеріңді сыртқа шығар, халыққа қызмет істеп, халық үшін
еңбек ет,-деген насихат айтады. Және:
Адамдық борышың халқыңа еңбек қыл,
Ақ жолдан айнымай ар сақта, оны біл.
Талаптан да ғылым мен өнер үйрен,
Ғылымсыз, өнерсіз болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба, мансаптық тағы үшін,
Нәпсіңе берілме басыңның қамы үшін.
Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап, жол көрсет келешек бағы үшін.
Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді тірлікке бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің,
Адамның
борышы халыққа адал еңбек ету, халыққа еңбек етіп үлгі аларлық із қалдырсаң
өлмейсің, халық игілігі үшін өміріңді сарп ет,-дейді.
Халқын сүйген
прогресшіл ақын өз тұсындағы «жақсы» деген атқамінерлердің ант ішіп, арын
сатып, халықтың көзін бояп, адал жолдан адастырып отырғанын көреді. Жас кезінде
жазған бір өлеңінде:
Бірін-бірі жалалап айламен құр,
Бірлік түгіл иман жоқ, наным кетсе.
Жаулық түгіл, жанжал да шықпас еді,
Ант етпей-ақ айтысқан сөзге жетсе.
Адалдық жолы болар заман бар ма?
Жем болдың шын жексұрын надандарға.
Адастың деп отырмын айғай салып,
Бар тапқаным сол болды, амал бар ма.
Атқа мінген жігіттер үмітім жоқ,
Сөзімді ұқса ойланар кейінгі жас...
дейді.
Үмітті алдағы
жастардан күтеді. Жексұрын сұмдарға жем болдың халқым, амалым бар ма.
Адастырды, алдандық дегеннен басқа қолымнан келмеді. Бұл халді, бұл жайды
кейінгі жастар ойланар, түзер деп келешектің жас буындарына сенім артады. Ел
қайғысын тартқан ақын жарық күнді алдан күтеді.
Ақын
жуандардың зорлығын, елге істеген қиянатын, рақымсыздығын, арам ойын,
жуандықпен қолы жетсе дүниеге қожа болсам деген қара ниетін, өзімшілдік пікірін
ашып береді.
Жуандар, елді билеп не қылмақсың?!
Өздеріңе айтқызса әділ-ақсың.
Мен қарасам сендердің бетің теріс,
Мықты жайын айтайын тыңдап қара,
Ел алып, жауды жеңіп, шықпақ, дара.
Партияның басшысы «батырың» сол,
Қайраты мол, ішкені ант, шашқан пара.
Мақсаты таман жанды өзі білмек,
Ол қашан өзгелерді көзіне ілмек.
Сатса мейлі, қонаққа сойса мейлі,
Халықты қой есепті айдап жүрмек.
Ақын өз
тұсындағы атқамінер қулардан тауы шағылып, олардың қылған, істеген әрекетінен,
зұлымдықтарынан жиреніп, айтқанын ұқтыра алмаған соң, олардан біржола безіп,
алдағы атар таңнын жаңа жастары үшін, барша адам баласы үшін өлгенше еңбек
ететінін, солар үшін мұра қалдырып кететінін, ол мұраларының жарамдысын
кейінгілердің қабылдап алатынын, кемшілігін келешек жастардың толықтыратынынан
айтады.
Адамдық борыш ары үшін,
Барша адамзат қамы үшін.
Серт берген еңбек етем деп,
Алдағы атар таңы үшін.
Сендермен де жүргемін,
Әр тесікке кіргемін
Жәдігөй арам салғаным,
Сырыңды түгел білгемін.
Өлгенімше ізденем,
Толтырар кеміп қалғаным.
Адам үшін еңбегім,
Өмірден барды тергенім.
Қалағанын қарап ал,
Мұрам сол жастар, бергенім,-дейді.
Партия
құмарларға, залым әкімдерге, әділетсіз билерге кектеніп назаланған ақын:
«Сендердің бар сырларың маған мәлім. Сендер елді іштей жейтін қылқұртсыңдар,
менен жасырын қылықтарың жоқ, арам ниет, арам ойларыңмен ұзаққа бара
алмайсыңдар, орындарыңа жаңа адам, таза жандар келеді. Сендер мені қамалап,
қаралап жамандап, күндегендеріңмен, келешек менің түзу ақылымды, дұрыс
сөздерімді алады. Мені ақтап алатын да солар болады»,- дейді.
Партия қуған өңкей қырт,
Жазылмайтын – ол қылқұрт.
Мен тартам ел қайғысын,
Әкімі залым, биі өңгірт.
Сұрқия тілін жалдайды,
Момын мен аңқауды алдайды,
Қанды қақпан бал құрған,
Түсірер болса қандайды.
Бар сырын білем қолма-қол,
Осынымды сезеді ол.
Айналама қазып ор.
Қалдырмай отыр маған жол.
Адамдық жоқ онда сән,
Құриды және шіріп тән.
Таусылмайды бұл өмір,
Орнына келер жаңа жан.
Көрмесе де көзімді.
Білмесе де өзімді,
Кейінгі жандар қабылдар,
Айтылған түзу сөзімді...
Түсірсең де азапқа,
Жандырсаң да дозаққа.
Әділ жандар алдында,
Қаларсың
қулар мазаққа,-
деп ел зарлатқан залымдардың сұрқия
тілін жалдап, момыншылықты алдап, аялап, қанды қақпанына түсіретінін батыл
сыншылдықпен, әділ шыншылдықпен ашып береді.
Жаман
қылықты, теріс істі біле тұра есті адам істемейді, есті адамды жаңылдыратын
айналасы өскен ортасы, сүрген өмірі. Жаман ортада өсіп, өмір сүрген адамның
кемшілігі болмай тұрмайды. Бірақ, олардың қатесін кейінгілер көреді
түзейді,-деп сенеді ақын.
Біле тұра кім айтар қате сөзін,
Білімдіге есептер әркім өзін.
Тұрған жері әдеті, туған елі,
Адастырар айтқызар байлап көзін.
Менің де көп жаралы жүрегім бар,
Надандықтан қираған сүйегім бар.
Күндемей, шын міндесең ризамын.
Қайта жастар сүйтсін деп тілегім бар.
Алдыңғының соқпағын артқы түзер,
Ғылым деген нәрсе емес, күдер үзер.
Мініп алып, міндіге мінсіз қосып,
Бұрынғыңды жаңартып жастар тізер,-
деп алдыңғының қатесін келешек түзеп,
кемшіліктің жетілуін алдан күтеді.
Ақын өзін
сынайтын келешек адамға,-менің барлық жайымды түсініп, ұғынып ал, мен қандай
уақытта, қандай халде өмір сүрдім, соны біліп, мені өз дәуіріңмен салыстырмай,
менің дәуіріммен сынап таны,-дейді.
Табиғи жол өткенді жаңа сынау,
Жаманынан жиреніп жақсыны ұнау.
Дәлелдеуге келген соң келмес тілім,
Тірлігімде айтайын сөзім мынау:
Сынау қиын біреудің жайын білмей,
Кетпе өмірін, ортасын көзіңе ілмей.
Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,
Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.
Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,
Қанды оқпын, қатты толқын қара түнде.
Заманым заманыңа сәйкес келмес.
Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.
Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.
Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,
Сонда анық білерсің кімдігімді,-
деп сыншыларға ескерту жасайды.
Ақын әйелдер теңдігі
жөнінде қазақтың ескі әдетінің, әйелдер туралы көзқарасының дұрыс еместігін
эпостық шығармалары: «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмаларында, «Әділ-Мария»
атты романында көрсетумен қатар, «Нартайлақ Айсұлу» атты поэмасының өзінде және
кіріспе сөзінде қос қатын алудың жөн еместігін, өз сүйгеніне бермей, әйелді
малға сатудың барып тұрған айуандық екенін ашып айтқан.
Қос қатын алу жаман салт екенін,
Күндестік-араздықтың, шарты екенін.
Қыз бермей сүйгеніне, малға сату,
Адамның ең рақымсыз анты екенін,-
деп әйел теңдігін қорғайды.
Әйел теңдігін қорғап
жақтау, сүйгеніне баруын қолдау жөнінде, сүйгеніне барам деген қыздың бас
бостандығын беріп, не мәнсапқа, не баққа, не жолдастарының көңіліне ажарына
қарап бұрылмай, адамгершілік, ар жолынан айнымай, әйел бостандығын жақтағаны,
халыққа әйгілі болған Белгібай қызына айтқан билігінен айқын көрінеді. Ол
туралы өзіне байкот жариялағанда, ызалы үнмен айтқаны мынау.
Болды десең не үшін,
Белгібайдың қызы үшін.
Көбіңіз естіп қанғансыз,
Айта алмайсың дұрысын,
Алаяқ бәрің ұрысың,
Арын сатып ел жеген,
Басшыларың құрысын.
Арымды сату – маған ар,
Бергендерің жөн байкот,-дейді.
Ақын өз тұсындағы
адамдардың жеке басында болатын жарамсыз қылықтарын, жайсыз мінездерін де
сынаған. Мысалы еңбек етпей, серілікке әуестеніп, орынсыз сәнқойлыққа салынғандарды
шенейді.
Шедірейіп шекиіп, қасын керіп кекиіп,
Қолдан пішіп жасаған, біреу келер секиіп.
Шырт түкіріп шынтақтап,
Жүз құбылып қылпақтап.
Сұлуын-ай шіркіннің,
Дегізбекші жұрт мақтап.
Осындай салғырт салыңыз,
Көтеріп аттан алыңыз.
Яки жерге анықтап,
Баса алмайды наныңыз.
Өзіне-өзі өң берген,
Пішінін түзеп өңделген.
Осындай «шебер» елде бар,
Өз қылығын жөн көрген.
Бояған пішін бола ма?
Осыны қылған оңа ма?
Ерте бастан айтқаным,
Сол пішінге жолама.
Сөйлегенде ыржыңдап,
аузын бұрап, орынсыз қылжақбастыққа салынған, сөзіне боқтық қосып,
әдепсіздікке, арсыздыққа түскендерді де шенеп, мінейді.
Жайдары, күлгіш қалқам,
Ұятсыз, әдепсіз салқам.
Күлгенім бір сенің арқаң,
Ыржақта, қылжақта әйдә.
Жолыққан кісіге соқтық,
Қалжыңға қосып айт боқтық.
Осы ғой сәулесі жоқтық,
Сен күлдің, мен білдің әйдә!
Сөзіңе күлгенді ұна,
Күлмесе, жалынып сұра.
Сөйлесең аузыңды бұра,
Жедің боқ, әдбен соқ әйдә.
Маймыл бол есерге сондай,
Арсылда адамға болмай.
Өтесің ит болып оңбай,
Жырқылда, тырқылда әйдә!
дейді.