Қыр баласы. Қалқаман-Мамыр (Шәкәрім Құдайбердіұлының кітабына)
Бұл кітап 1912-нші жылы басылған. 1914-інші жылдан бері ығланы
«Қазақта» басылып, оқушыларға білінді. Мұны шығарған «Қазақ һәм хандар»
шежіресін жазған Шәкәрім.
Шәкәрім Абайдың ағасы Хұдайберді
баласы. Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай көлеңкеде жүре
берген. 1900-інші жыл Шыңғыс елін жазған Иван Филипич Гусев Шәкәріммен
сөйлескен. Соған сонда айтты: «жұрттың бәрінің аузына алғаны Абай.
Шәкәрімнің білімі де қазақта жоқ екен», – деді. Гусев Шәкәрімнің тамырын
тауып ұстаса керек.
Осы 2–3 жыл ішінде Шәкәрім «Мұсылманшылық»,
«Қазақ айнасы», «Қазақ һәм ханлар шежіресі», «Жолсыз жаза» һәм
«Қалқаман-Мамыр» кітаптарын шығарды. Бұларды оқыған кісі «Гусев
адасыпты» дейтін емес.
Білімді жұрттың ақыны,
Біздің сөзі сынамас.
Жазушының жақыны,
Қазақ міні ұнамас.
Сынатарсың өзіңді,
Менің түгім құрымас.
Өстіп көпіру ақындық сипаты. Қанша кішірейем дегенмен Шәкәрімге мұны ақындық жырлатып отыр. Шын ақын бір көпірмей қоймайды.
Ескі бише отырмай бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Патша хұдай сыйындым, тура баста өзіңе,
Жау жағадан алғанда, жан көрінбес көзіме2.
Арғын, Найман жиылса, таңырқаған сөзіме,
Хайран сөзім қор болды тобықтының ізіне.
Өлеңді
ақын сынағаны жөн. Оқушы – жазушы, ақын болмаса да, ақын сөзінде болар
сынға санатында мүшелер болатын. Орыста Пушкин, Лермонтовты сынға салып,
жұртқа жайған Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді. Шәкәрім Пушкин
болмас, біз Белинский болмаспыз.
Жазушының жақыны,
Қазақ міні ұнамас,
Санатарсың өзіңді,
Менің түгім құрымас.
Болса-дағы «Қалқаман–Мамыр» туралы біраз сөз жазайын, бұл кітапты оқушыларға жаю үшін.
«Қалқаман-Мамыр»
ғашық болып, қосылып, бейшара болған сорлыларды өлең ғып жазған жыр.
Жігіт Қалқаман, қыз Мамыр 190 жыл бұрын болған адамдар.
«Қалқаман–Мамыр»
өлеңі орыс тілінде «Историческая хроника» аталады. Бұл сияқты тарихта
болғанды өлең қылған мәселе: Пушкин де «Царь Борис Годунов», Лермонтовта
«Песня о купце Калашникове». Бұл орыс өлеңдерінде өткен замандағы адамдардың мінезі, тұрмыс-салты
айнадағыдай көрінеді. Оқушыларға мұны тәржіме қылып көрсетуге,
ақындықтан аман боп, амал құрып тұр. Бұл айтылған Пушкин, Лермонтов
өлеңдері Абайдың мына мақтанына тура келеді:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл!
* * *
Оюын ойып,
Орындап қойып,
Түр салғандай өрнекке.
Қиыннан қиып,
Қиырдан жиып,
Құрап сөзді термекке
Еңбекке егіз тіл мен жақ,
Ерінбесең сөйлеп бақ!
«Қалқаман-Мамыр» өлеңі біздей ақын емес, надан сынына жақсы көрінеді. Мұны оқушылар төменде жазылатын мысалдардан байқар.
«Қалқаман–Мамыр»-да
бұрынғы қазақ жұртының салты, қазақ мінезі, қазақтың іс-қылығы әлгі
орыс өлеңдеріне қарағанда, тіпті аз. Шәкәрім жақыннан қайырып, ойдағыдай
толымды қылып жазбады. Жұрт көзін ашуға «Қалқаман–Мамыр» сияқты өлең
керек.
Рас, біздің қазаққа осы бойымен де «Қалқаман–Мамыр»
айтулы жақсы өлеңнің бірі болар. Бірақ «көп бергеннен көп сұралады»
деген. Мұны Шәкәрімнен көп сұрап жаздым.
Әке берсе қыз болмас кімге қатын,
Қайтейін сенде-ау еді махаббатым.
Алдыңа кешу сұрай келіп тұрмын,
Көзге тірі болсам да өліп тұрмын.
Қалқаман, осы саған хоштасқаным.
Денемді емес, жанымды беріп тұрмын.
Міні, қазақ қызының қашаннан болмысы, кестелі жазылған ғашықтық мінезі. Бұған Қалқаманның жауабы:
Ай Мамыр, бұл іс оңай алдамасаң,
Зорлық жоқ өзің сүйіп, таңдамасаң,
Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер,
Моллалардан естідім әлдеқашан.
Қалқаман
мұны айтқан жоқ. Қазақ қызына 190 жыл бұрын түгіл, осы күні еркімен
ерге тию болған жоқ. Шариғатта бұл болғанымен, мұны ол уақыт сөйлеген
жоқ. Бұл ақынның Қалқаманмен өтірік айтып, рәсімнің ыңғайына жайылатын
моллаға жапқан жаласы.
Қыз алған жоқ жақыннан тобықты әзір,
Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір.
Міні, заманына үйлесімді, жақсы жазылған қыздың мінезі. Бұған айтқан Қалқаманның (Шәкәрімнің) жаласы мынау:
Мамыр-ау, айтып тұрсың әлде нені,
Шариғат қосады екен немерені.
Дүнияда
адам баласы айналып өтпес екі-ақ көпір бар: бірі – өлім, бірі –
махаббат. Қалқаман мен Мамырдың махаббат емес пе еді? Сүйіскен екі ғашық
миллә айтты, шариғатта солай деп мыжи ма? Махаббат адамды байлағанда
шариғат бен милләға уақыт қала ма? Бұл жерде Шәкәрім ақындық жолынан
шыға шабылып, Пушкин, Лермонтов, Шекспир, Толстой қарауылына салсақ, зор
кінәға батып тұр.
Мінді де екі ғашық кетіп қалды...
Міні, шын ақын сөзі жаңа келді. Милласы түзу шариғат айтқан тобықты мінезі мынау:
Мәмбетей жатып алды арыз бермей,
Қалың мал ал, біт деген сөзге келмей.
Қалқаман мен Мамырды өлтірмесе,
Кетеміз деп бабаңды тіпті көрмей.
Көкенай тағы көнбей жатып алды,
Бітім болмай неше күн жұрт сандалды.
Қалқаман мен Мамырдың дауындай деп,
Осы елге мақал болып сонан қалды.
* * *
Ести сала садағын қолына алды,
Аулақ жүре деп Мамырдан айқай салды.
Ұялмай жүз қараның жүргенін деп,
Аямай дәл жүректен атып қалды.
Міні, бұрынғы заман тобықты мінезіне дәл жақсы айтылған өлең. Көкенайдың атып тастағаны Мамыр. Жазасы – ғашығымен қашқаны.
Әй жұртым, мен өлемін, сендер қалдың,
Орнына бауыздадың айтқан малдың,
Өз бауырын оққа байлап өлтірді деп,
Қалдыңдар обалына мына малдың.
Назасы нахақ жастың хата кетпес,
Деймісің қалмақ сені тентіретпес.
Мамырдан қалған жанның керегі не?
Ісім ақ, қосылармын ешнәрсе етпес.
Белгілі Мамырдан соң құр жүрмесім,
* * *
Аямай елім оққа байлаған соң,
Кетер ме өлгенімше ойдан зарым!
Қалқаманның садақпен атылуға байланғанда қоштасқаны.
Бұл
өлең, сырты сұлу болса де, ішінен ақаулы көрінеді. Қоштасқан зарлы адам
көңілге жалынушы еді. Мұнда ақыл жағы жығып тұр. «Деймісің,
қалмақ сені тентіретпес»-ті айтуға ол жерде Қалқаманның әлі не келе қойсын?!
Махабатты жарым жоқ, жәрдемшім жоқ,
Өлейін бе, қайтейін, кімге айтайын? – деді.
Қалқаман Мамырға
Қалқаманның мақсұдын Мамыр білді,
Аз ойланып, үндемей сабыр қылды.
Жылы жүрек өзіне жар тапқандай,
Тыншымады, тулады, жүз құбылды.
Қызарды, бір ағарды байдың қызы,
Бетке шаппай қоя ма жүрек ізі!
* * *
«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», –
деген өлең осы болар.
Шәкәрімнің
өлеңінің түрі жоғарыдағы өлеңдерінен белгілі болар. Өзге кітабына тағы
бір кезде айналармын. «Қобыланды»-ны аз уақытта талап алған біздің
жұртта оқушылар бар көрінеді. Бұл кітап та кешікпей өтер. Қайта басқанда
ана Ахмедтің «Маса»-сы форымына салып, «Қазақ» емлесімен басса жақсы
болар еді.