Мақалалары

Шәкәрім өлеңдерінің жанрлық сипаты

Шәкәрімнің өлеңдері жанрлық-көркемдік табиғаты
жағынан жан-жақты болып келеді. Ақын қазақ поэзиясының жанрлық түрін дамыта
жаңа бағыттар ашқан. Шәкәрім өлерінің жанрлық түрлерін атап айтсақ, мысалы
табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, әлеуметтік лирика, азаматтық лирика,
сондай-ақ, философиялық лирика болып бөлінеді. Ақынның өлеңдерін айқын бір
жанрға жатқызғанымызбен, онда басқа да жанрлық түрлердің көрініс табуы мүмкін.
Ол суреткердің қалам қарымын байқатады. Мысалы, Шәкәрімнің «Жаз ауысып, күз болды...» – деп басталатын бес шумақты
өлеңіне назар аударайық. Өлеңде күзгі мезгіл бейнеленген:
Жаз ауысып, күз болды,
Әлемді басты басқа түр.
Шөп қуарып, гүл солды,
Мұңайып, кейіп бұлбұл жүр.
Осы жолдар күздің келгенінен хабар беріп тұр.
Шәкәрім «Әлемді басты басқа түр» дейді. Сарғайды, немесе, тағы басқа деп
детальға тоқталмайды. Басқа түрге енді дейді, сол арқылы мың сан өзгерісті
жеткізіп тұр. Күз Шәкәрім лирикасында өзгеріске ғана назар аударылмаған, одан
терең мағына берген. Күзді тамашалау жоқ, оның артындағы қыстың ызғарын сездіру
бар. «Шөп қуарып, гүл солды» дейді. Тіршіліктің бір айналымы өз циклін
тоқтатқанын ескертеді. Бұлбұлдың «кейіп, мұңайуы» сонда жатыр. Таңғы мезгілде
оны гүлдің хош иісі қарсы алмайды. Ақын келесі шумақта ойын одан ары қарай
тереңдетіп әкетеді:
Жан-жануар жабығып,
Жердің жүзі өңсіз, сұр.
Қабағы түсіп, қамығып,
Бәрі өлімді күтіп тұр.
Күз осы өлеңде өмір мен өлімнің арасындағы аралық
кезең ретінде суреттелген. Өлең жанрлық табиғаты жағынан табиғат лирикасына
жатады. Дегенмен, философиялық сарын да жоқ емес. Сол сарынның түйіні үшінші
шумақта шешімін тапқан:
Мейлі жәндік, мейлі шөп,
Тіршіліктің бәрі бір,
Өмір үш-ақ буын боп:
Қуан – суал – көрге кір.
Табиғат лирикасындағы философиялық сарын дегенде
осы өмір мен өлім туралы мәселені айтып отырмыз. Сондықтан өмір сыры, табиғат
тылсымы құпиясы көп ерекше әлем, терең оймен тыңдамасаң оның мәнін ешқашан
түсінбейсің дегенге саяды. Осы ой келесі шумақтарда кең таратылып, анық
айтылған:
Мисыз құлақ тыңдаса,
Мылжыңдаған бұл бір жыр.
Ақылға салып шыңдаса,
Ашылды, міне, анық сыр.
Әлемнің сыры ашылса,
Асқақтамай бойың бұр,
Аптыққан жүрек басылса,
Араққа мас бол, жатпа, тұр!...
Ақын күздегі мезгілдің бейнесін ашу үшін тілдік
жағынан келгенде -ып, -іп жұрнақты көсемше тұлғасымен берген етістікті
тіркестер арқылы жұмсайды. Мысалы, жаз ауысып, шөп қуарып, бұлбұл мұңайып, жан-жануар жабығып,
қабағы түсіп, қамығып. Ақын мисыз құлақ, мылжыңдаған жыр тәрізді ауыспалы
мағынада келген зат есімді тіркестерді айтар ойына сәйкес қолданған. Сол сияқты ақылға салып шыңдау,
әлемнің сыры ашылу, аптыққан жүрек басылу тәрізді экспрессивтік бояуы қалың
нағыз ауыспалы мағынада жұмсалған етістік тіркестерді пайдаланған. Суреткер
өмірдің өзі үш-ақ буыннан тұратындығын беру үшін қуан – суал – көрге кір
түрінде келген етістіктің формаларын пайдаланған. Шәкәрімнің өлеңдерінің
жанрлық диапазоны кең екенін лириканың жанрлық түрлерінің барлығында қалам
тербегені көрсетеді. Мысалы, Шәкәрімнің «Дін» деген өлеңі бар. Ақынның осы
өлеңі «Жер жүзіне қарасам...» деген жолдармен басталады. Біз, бұл өлеңді
жанрлық табиғаты жағынан діни лирика деп танимыз.
Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар.
Дін, иманын санасам.
Мыңнан артық анық бар.
Жер бетінде діннің көптігі өлеңге
арқау болған. Өлең он бір шумақтан тұрады. Шәкәрім өлеңінде діннің көптігі,
оның Адам баласының өміріндегі орны туралы ой толғайды. Егер анық білмесе
адамзаттың адасатынын атап айтқан. Мәселен, Жаратушыны Жар деп алып оны танып
түсінудің қиын екенін өлеңмен жеткізген:
Жардың шашы сансыз көп,
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап ұстап жүр.
Міне соны
Шәкәрім көркем сөз өнері тілімен ерекше бейнелеп берген. Адамның, адамзаттың осы
жолдағы ізденісін «жас қозының» қимылына ұқсатып, дәл бейнелеген: «Жас қозыдай
болып тұр, Білсек мұның мысалы, Қолтық, шабын түртіп жүр, Анық соған ұқсады».
Жаратушының барлығы хақиқат, соған жету жолы тарамдалып кеткенін бейнелеген:
«Хақиқаттың тарауы, Түгел жетпей қалмайды. әртүрлі боп қарауы, Көбі анықтай
алмайды». Осы өлеңді Шәкәрімнің:
«Ақ жүректі ертерек, Ескер-дағы қыл әдет!», – деп терең түйінмен аяқтайды. Шәкәрімнің
«Талап деген бір жүйрік ат секілді», деген он үш шумақты өлеңі бар. Бұл
өлең жанрлық табиғаты жағынан философиялық лирикаға жатады. Өлеңге ақын «Талап
пен ақыл» деген тақырып қойған. Шәкәрім өлеңінде адамның көптеген қасиеттерін
осы талаптан өрістеткен. Ақын талаптың сипаты ақылмен астасқанда толық
ашылатынын бейнелеген. Ақылсыз талап бас білмес тұлпар сынды. Шәкәрім осы өлеңі:
Талап деген бір жүйрік
тұлпар сынды,
Бабын таппай мінгенді
қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды,
тасқа ұра ма,
Ал енді оған кісі қайтіп
мінді?
Құр талап аз екен, оған
бабын тауып мінген жөн. Енді талаптың бабын таппасаң «мінгеніңді қылар жынды»
дейді. Талап ақылдың айтқанымен жүрсе тауға да, тасқа да ұрынбасы анық.
Әйтпесе, «тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма» әйтеуір жынды қылары анық. Ал
жаңағы айтқан ақылға сүйенсе, онда талапқа алынбас қамал жоқ:
Талап шықса ақылға мініп
алып,
Жақсы, жаман – бәріне бірдей салып.
Анық ақыл адымын
аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас
жетпей қалып.
Талап шәкірт болса, ақыл
ұстаз, сенімді өмірлік серігі. Шәкәрім талапқа алты түрлі ноқта тағады:
Ынсап, рақым, ар, ұят,
сабыр, сақтық
Талапқа алты түрлі ноқта
тақтық.
Алтауының ішінде ынсап
әділ,
Өзгесінің тізгінін соған
ұстаттық.
Шәкәрім осы өлеңінде
ынсап, рақым, ар, ұят, сабыр, сақтық сияқты адам бойындағы ізгі қасиеттерге
сипаттама беріп шығады. Соның ішіндегі ең әділі Ынсап деп өзгесінің тізгінін
соған ұстататынын айтады. Сол ынсаптың болмысын былай бейнейледі:
Ынсап деген аспайды, кем
қалмайды,
Орнын таппай ол, сірә,
қозғалмайды.
Шәкәрім осы философиялық
лирикасында адамның адамдық қасиетін талап арқылы келіп ашқан. Адамның әрбір
асыл қасиетін поэтикалық тілмен бейнелеген. Мәселен, рақымнан қаттылық
шықпайды, ар деген – адамшылық дейді, одан намысты өрістетеді. Осылайша адамның
асыл қасиеттерін бейнелеген. Адамның адамдық бейнесін айқындайтын осы ізгі
қасиеттер екенін, олай болмағанда дүниенің бүлінетінін Шәкәрім өлеңнің түйін
шумағында қортындылап берген:
Сабыр, сақтық, ой, талап
болмаған жан,
Анық төмен болмай ма
хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят
табылмаса,
Өлген артық дүниені
былғағаннан!
Шәкәрімнің философиялық
лирикасының түйін үкімі осы. Шәкәрім көркем поэзияда адам бойындағы түрлі
қасиеттерін ұғым-бейнеге түрінде суреттеп, ұлттық сөз өнерінде философиялық
лирика жанрын жаңа өрістерге шығарды.