Мақалалары

Шәкәрім поэзиясы және дәуір тынысы

Шәкәрім өмір сүрген заман
саяси-әлеуметтік төңкерістерге бай болды. Ресейдегі ақ патша тақтан құлады.
Айналадағы адамдар «ақ» пен «қызылға» бөлінді. «Жаңа заман» деген ұғым пайда
болды. Зиялы қауым үшін ақиқат пен алдамшының ара-жігін ажырату аса қиынға
соқты. Адасушылық, аңтарушылық, қоғам дамуының аңысын аңдаушылық сияқты небір
сезімдер бой көтерді. Әйтсе де осынау аласапыран тұста Шәкәрім өзіне тән ерекше
сабырын сақтады. Айналасындағы жаңалықтарға елеңдеп, заманға үн қосу ниетінде
бірнеше өлеңдер жазғанымен, ол қуаныштан бөркін аспанға атпайды. Ақын жүрегі
қаншалықты сергек, әсершіл болса да, әліптің артын бағады. Әлдегене күдікті
екенін сездіреді. Шәкәрім ақын шығармаларында сол кезең әдебиетінде бірінші
қатарға шыққан ауылды советтендіру, колхоздастыру, азамат соғысы, төңкеріс
тақырыптары мүлде көтерілмейді десек болады. Сол себепті де ақын жырларында
төңкерістер тынысы мен 1916 жылғы дүрбелең тәрізді дәуір оқиғаларының дүмпуі
айқын сезіле бермейді. Бұл, сөз жоқ, даурықпа ұраннан бойын аулақ ұстауға,
қандай нәрсеге де ой жіберіп қарауға ұмтылған ақын Шәкәрімнің айрықша
сергектігі мен талғампаз қолтаңбасын дәл танытса керек.
Шәкәрім айналасында болып жатқан өмір құбылыстарын, заман
өзгерістерін осылайша көңіл сүзгісінен өткізіп, өз түйгендерін қашан да көркем
өлең жолдарымен кестелеп отырды. Ақынның лирикалық туындыларында өз заманының
сыр-сипаты, қоғамның өткені мен бүгіні, туған халқының арманы мен мұраты, ішкі
жан дүниесі, ойы мен мұңы зерделенген. Заман тақырыбын тебірене тұрып толғайтын
рухани күш-қуат, ширақ сезім, қуаныш пен мұң, күлкі мен күрсініс, балдай тәтті
жан ләззаты мен ырқына көндірмей қоймас көңіл серпілісі, таңғы шықтай, тау
бұлағының суындай мөлдір сезім мен сергек те сенгіш жүрек, өз заманының
кеселдері мен барша адамзат баласының басындағы проблемаларға деген күйзеліс,
сәбиге тән пәк көңіл мен қарияға лайық ақыл толқындары – бәрі-бәрі сол кездегі
Шәкәрім поэзиясының бойынан табылатын тамаша қасиеттер еді. Түйіп айтқанда,
Шәкәрімнің лирикасы сол заманның айнасы болды. Десек те, Шәкәрім өзінің
айналасындағы оқиғалар мен құбылыстарды жөнді-жөнсіз, ретсіз-талғаусыз тақырып
ете берген жоқ. Қандай мәселеге назар аударса да, ол соның астарына, оның өз
халқы үшін қаншалықты маңызды екеніне алдымен көңіл жүгіртті. Ақын бір
құбылысты сырттай ғана бақылап, құр сыдырта жырлап беруден аулақ болды. Ақынның
жүрегі жақсылыққа қуанды, кемшілікке күйзелді. Осы негізде Шәкәрімнің азаматтық
позициясы, ақындық үні қалыптасты. Ал азаматтық позиция ұғымы ең алдымен
ақынның биік адамгершілік болмысымен, иманды гуманистік көзқарасымен,
суреткерлік күш-қуатымен, ішкі ойлау мәдениетінің жоғарылығымен, қоғамдағы
белсенді іс-әрекетімен, дүниетанымының кеңдігімен әрі тереңдігімен, жан-жақты
парасаттылығымен, білім-білігінің молдығымен, тазалыққа, әділдік пен адалдыққа
құштарлығымен, халық мүддесіне етене жақындығымен, әлеуметтік
мұрат-мақсаттарының биік өресімен, ақиқатқа, шындыққа ұмтылуымен, жақсы мен
жаман, ақ пен қара ұғымдарына байланысты көзқарастарының айқындығымен өлшенсе
керек. Түптеп келгенде, ақынның азаматтық позициясы жоғарыда аталған
қасиеттердің ішкі бірлігінен, өзара тығыз сабақтастығынан көрінбек. Мұндай
қасиеттердің шын мәніндегі бірлігі жоқ жерде ақын қаламынан шынайы шығарма тууы
мүмкін емес.
Шәкәрімнің басты тақырыбы заман және оның шындығы болды
десек, осы шындықтың тұңғиығына үңілетін азаматтық лирикасының негізгі ұсынар
нысаналы идеясы заманды түзеу болғандығын тез-ақ аңғарар едік. Ақын өз
дәуірінің қандай шындығын айтса да, ол мейлі ащы, мейлі жақсы болсын, оны
біржақты сынаумен немесе жалаң мақтаумен шектелмеді. Сол шындықтың халық
бұқарасының өмірімен сабақтастығын, әлеуметке тигізер пайдасын, қоғамның
экономикалық және рухани жағынан өркендеуіне, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын
көтеруге қаншалықты қатысты екенін назарда ұстайды. Өмір шындығын бейнелеу
арқылы заманын түзеуді, өмірді жақсартуды ойлайды.
Білгенімді жазушы ем
Бекем буып белімді.
Мінін айтып қазушы ем
Түзетпек боп елімді.
Бұлдарлық ой менде жоқ
Бұған шыққан терімді.
Ұқтырарлық пенде жоқ,
Қате басқан жерімді, - деп «Ашу мен ынсап» атты өлеңінде
Шәкәрім ақын өзінің жүрегінде тұнған осы сырды аңғартқандай болады, бүкіл
ғұмырын өз заманын, туған елін түзеуге бағыттағанын айтады.
Қарап отырсақ, кей тұста Шәкәрім өзінің ұлы ұстазы Абай
секілді жалғыздығын сезінеді. Сөзін ұғар қауым жоқ, қол ұшын ұсынар жан
табылмайды. Айналасындағылар ақынның жан күйзелісін түсінудің орнына оның өзін
келеке, күлкі етуге әзір. Осыны көрген Шәкәрімнің жүрегі мейлінше сыздайды.
Кім жалғыз, бұл жалғанда – есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,
Қазақтан табылды ма соның пары?
Бұл Шәкәрімнің қиналған сәттегі Абай ағасын еске алуы
ғана емес, елін, заманын түзеу жолындағы өзінің жауапты міндетінің батпандай
салмағын сездіруі, айналасынан сүйеніш, тірек іздеген ниет-арманы. Қазақты
түзеу ісін барша парасатты қауым болып қолға алсақ деген ой. Сол қауымның ішінен
заман сөзін айтарлық, айтқан сөзді ұғарлық сәулелі жан іздейді. Сол арқылы
заманның бойына ізгілік, имандылық нәрін дарытсам деп армандайды.
Замандастарының бойынан мысқалдай болса да жақсылық нышанын көрсем дейді.
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар,
Әулиеден кем емес, - деп түйеді енді бірде ол «Ескіден
қалған сөз теріп» атты өлеңінде. Өлеңде қаншама терең астар жатыр!? Шәкәрім
жүрегі таза, жаны адал жандарды ғана емес, біреуге қиянат, зұлымдық жасамаған
надандардың өзін әулие қатарына қосады. Надан болса да өзгеге зиянын
тигізбейтіндеріне шүкіршілік жасағандай тосын тұжырымға келеді.
Заманды түзеу идеясын жүзеге асырудың жолдары әр алуан.
Шәкәрімнен бұрынғы ақын-жыраулар замананың азғанын айтып, өткен уақыттың
жақсылығын көбірек жырлауды дәстүрге айналдырса, олардан кейінгі ағартушылық
бағыттың өкілдері, Ыбырай, Абайлар өзгешелеу жолды лайық көрді. Олар өткенді
айтып өкіне бермей, алға ұмтылудың жолын нұсқады. Шәкәрім болса, заманды түзеу
мақсатындағы ойларын жүзеге асыру үшін соңғы дәстүрді оңтайлы көрді.
Адастың деп отырмын айғай салып,
Бар тапқаным сол болды амал бар ма, - деп туған жұртының
басындағы хал-ахуалды бейнелейді, өзінің «жартасқа барып, күнде айқай салған»
Абай ұстазы тәрізді амалсыздығын, шарасыздығын жеткізеді. Шәкәрімнің үнінде
жасығандық, жасықтық жоқ, қайта бұл тұстағы ақынның үні құдіретті.
Заманды түзеудің ең бірінші шарты – адамды түзеу. Осы
қағиданы терең зерделеген Шәкәрім заманға сын болып қадалар садағының жебесін ә
дегеннен-ақ замандастарына бағыттайды. Жеке адамның бойындағы қисық-қыңыр
мінездер, салақтық, жалқаулық, сауатсыздық, боскеуделік, мақтаншақтық, араздық
пен арамдық, алтыбақан алауыздық, көрсеқызарлық пен күншілдік сияқты толып
жатқан келеңсіз әдет-қылықтар ақынға надандықтың басы ғана емес, қоғамның артта
қалушылығының себепкері, заманның кеселі тәрізді көрінеді. Ол қазақ арасындағы
экономикалық, рухани артта қалушылықтың түп төркінін де толып жатқан осындай
ірілі-ұсақты мінез көріністерінен іздейді. Ақын алдымен адамда бар еріншектікті,
жалқаулықты, сәнқойлықты, салақтықты, жеңілтектікті, ынсапсыздықты,
мақтаншақтықты сынайды. Өзінің «Құмарлық», «Еріншек», «Өкінішті өмір»,
«Сәнқойлар», «Қалжыңшыл қылжақпас», «Бір салмойын сал келер», «Ызақорлар», «Бай
мен қонақ», «шаруа мен ысырап», «Ашу мен ынсап», т.б. сияқты көптеген
өлеңдерінде Шәкәрім аталған қасиеттерді санамалай келіп, олардың
бірімен-бірінің төркіндес екенін, астасып, сабақтасып жататынын әшкерелейді.
Заман шындығын бірінші кезекке қойған ақын Шәкәрімнің
поэзиясындағы ерекше көзге түсер тағы бір арна – адам мен қоғам арасындағы
бірлік пен байланыс. Ақынның лирикасында сол кездегі қазақ қоғамының шыншыл да
шынайы образы сомдалған.
Шәкәрім өлеңдерінің басым көпшілігі он тоғызыншы ғасырдың
екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың баскезіндегі қазақ қоғамындағы
рухани-әлеуметтік және экономиаклық жағдайды шыншылдықпен суреттеуге арналған.
Алайда ақын оны өзге озық елдердің өміріндегі жақсы нышандармен салыстыра,
сабақтастыра отырып суреттейді, болашақтың мүдделерімен астастыра жырлайды.
Мұнда реалист ақынның көрегендігі де, арман-тілегі де тоғысып жатады.
Шәкәрімнің лирикасында қоғам ұғымы жекелеген адамдар басындағы қасиеттерімен
органикалық байланыста ашылады. Шәкәрім ақын үшін «жеке», «жалпы» деген
категориялар, яки «адам», «қоғам» ұғымдары бірін-бірі алмастырып, бірінің мәнін
екіншісі толықтырып айқындап жатады. Бұл ақын лирикасындағы типтік образдардың
мол болуына ықпал еткен қуатты көркемдік-эстетикалық қасиет еді.
Қарап отырсақ, бұл өлеңде қоғамдық өмірдің барлық сипаты
ақынның назарына ілінген. Қазақ ішіндегі ең басты індет – алты бақан алауыздық,
ағайын арасының берекесіздігі. Татулық пен бірлік жоқ жерде береке қайдан
болсын?! Қазақ қоғамы бірігудің орнына партия-партияға бөлініп, жік-жікке
жарылып, әркім өз жыртысын жыртуда. Патшалық Ресейдің әкімшілік реформасынан
кейін қазақ арасында сайлауға түсіп, шарға ие болу, ұлық болуға ұмтылу әрекеті
тіпті күшейіп кетті. Ағайын іші ырың-жырың. Өзінің мінін сезінудің орнына «есі
шығып елерген» қоғамның ессіз бейнесі ақынның жүрегін қатты сыздатады. Осыдан
келіп Шәкәрім ел ішіндегі атқамінерлердің, пысықай белсенділердің образдарын
жасайды. Ел басқарушы әкімдерді сынайды.
Осы күнде қазақтың бәрі де мас,
Жақсылардың біріне-біреуі қас.
Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ,
Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас,-деген өлең
жолдарындағы ақынның «атқа мінген жігіті» еліне, қоғамға қызмет етіп жүрген
азаматтар сапынан емес, солардың санын ғана көбейтіп, құр сергелдеңмен жүрген
боскеуде пенде.
Өлеңдерінде кездесетін осындай атқамінерлердің, әкімдер
мен билердің жиынтық образы арқылы ақын өз заманының шындығын ашып береді.
Дәлірек айтқанда, ол заманның әлеуметтік, психологиялық образын сомдайды.
Ақынның көздегені - өз дәуірінің шын суретін мейлінше нанымды етіп көрсету, сол
арқылы қоғамды түзеу, имандылыққа тарту.
Шәкәрімнің поэзиялық шығармаларында осы кемшіліктердің
бәріне қарсы тұратын қуатты идея бар. Ол – адамгершілік идеясы, гуманизм. Өз
заманының озық ойлы азаматы, парасатты перзенті ретінде ой толғап отырып, ол
адамгершіліктің туын барынша биік ұстайды, адалдық пен әділдікті, ар тазалығын
бірінші қояды.
Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат
пен адалдық, ар үшін жи,-дейді ақын «Мал жимақ» атты өлеңінде. Осынау төрт
тармақтың ауқымына ақынның бүкіл адамгершілік идеясы, азаматтық нысанасы сыйып тұрғандай.
Адам болу үшін арыңды сатпай, еңбек етуді, адал болуды қажет деп санайды. «Ақын
- ең алдымен адам, содан кейін өз елінің азаматы, өз заманының ұлы. Халықтың
рухы, заманның рухы оған басқа адамнан кем әсер етуі мүмкін емес», - деп
В.Г.Белинский айтқандай, Шәкәрім бұл мәселелердің бәріне өз дәуірінің азаматы,
халқының перзенті тұрғысынан қарады. Адамгершіліктің асқақ идеясына жетудің
жолын іздеді. Ойға батты, толғанысқа түсті.
Шындықтың
көркем бейнесін жасау – Шәкәрім реализмінің негізгі белгілерінің бірі. Ал бұл
екінің қолынан келетін міндет емес еді. Абай дәстүрінің заңды жалғастырушысы
әрі дамытушысы Шәкәрім де қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализмнің өркен жаюы мен
ажырағысыз бірліктегі қаламгер болды. Абай тәрізді ол да өмір шындығын,
әлеуметтік әділетсіздікті жырлады. Абай бастаған сыншыл реализмнің
құдіреттілігі ақындардың жаңашыл таным-түсінігінен туындайтын ерекше көзқарасында,
яғни қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды көре білуінде еді. Ұлы
ұстазының ізін қуған Шәкәрім де қоғам мүшелерінің арасындағы теңсіздікті
шыншылдықпен бейнелеп берді.
Шәкәрім
айналасындағы болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер мен жаңғыруларға
сергек көзбен қарады. Қарай отырып, жүрегінен жарып шыққан әділ пікірін
топшылап, уақыт ағымына үн қосуға тырысты. Ақынның осындай азаматтық үні
әсіресе патша тақтан құлап, большевиктер төңкерісі жеңген тұста ерекше естілді.
Бірақ төңкерістер заманы, одан кейінгі саяси өмір Шәкәрімнің шығармашылығына
тереңдеп ене алмады. Оның бұл тақырыпты әр түрлі дәрежеде қозғайтын төрт-бес
қана өлеңі бар. «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап» деген тәрізді
қуаныш пен үмітке толы өлеңдері осының айғағы.
Бұл ғасыр
басындағы қазақ қаламгерлерінің бәріне ортақ тақырып еді. Олардың барлығы да
патшаның тақтан құлағанына қуанды. Күні кеше қазақты жайлы қоныс, жасыл
жайлауынан, мөлдір бұлағынан айырған, азаматтарын майданның қара жұмысына
айдаған ақ патшаға халықтың өкпесі қара қазандай еді. Міне, сол зұлмат бір-ақ
күнде жоқ болды. Ендігі жерде бостандық туып, тәуелсіздіктің мезгілі жеткендей
болды. Қазақ ақындары осыған шаттанды. Осы шаттықтың ішінде Шәкәрім де жүрді.
Қуана тұрып ол:
Бостандық
таңы атты,
Қазағым,
көріңдер.
Арға ие
басшының
Соңынан
еріңдер,-деп «Бостандық таңы атты» өлеңінде халқына жаңаша заманның таңы атып
келе жатқанын хабарлады, лирикалық қаһарманының үмітке толы қуанышын жария
етті. Бір қарағанда, ұран іспетті көрінетін бұл өлеңде жалаң қуаныш, көтеріңкі
сезім ғана емес, Шәкәрімнің реалистік лирикасына тән терең философиялық ой,
үлкен үміт пен сенім бар.
Өзінің
Ресей патшасын тақтан тайдырған төңкерістен кейінгі алғашқы әсерлерін
айналасына қуана хабарлай отырып, ақын ә дегеннен-ақ бұл жаңалықтан салмақты ой
түюге тырысады. Теңдіктің, азаттықтың ұранын көтерген большевиктер жеңіске
жетті, ақ патша тақтан тайдырылды, еңбекші қауымның күні туғандай болды. Сонда
да болса Шәкәрімді қазақ даласының бұдан былайғы өмірі көбірек мазалайды.
Ақынның пайымдауынша, ендігі жерде адамдар еріншектік пен жалқаулықтан, арамдық
пен өсекқұмарлық кеселдерінен арылып, бірлесе, талаптана алға ұмтылуы керек.
Заман адал мен әділдікі, еңбек етіп, тер төккен жандардікі болуға тиіс.
Шәкәрімдердің армандағандары да осы еді ғой.
Арамдық, аразды түбімен жойыңдар.
Өтірік, өсекті біржола қойыңдар.
Намыс, жігер бойыңа жиып қайрат,
Қажымай адалдық жағында болыңдар.
Бірлік
пен талапты еңбекке салыңдар.
Өнерлі
елдерден өнеге алыңдар.
Күндестіктің
өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып ерікті
ел болып қалыңдар,-дейді Шәкәрім аласапыран шақтың аптығын көреген оймен баса
тұрып.
Ақын айналасындағы елеулі саяси оқиғаларға, төңкерістер
дүмпуіне, одан кейінгі өмір көріністеріне айрықша сабырлылықпен қарады. Осы
орайда белгілі абайтанушы философ Ғ.Есімнің: «Абай социалистік, коммунистік
идеяларды кезінде естіген, білген, бірақ қабылдамаған. Ақынның бірде-бір
шығармасында социализм идеясына деген іштарту жоқ», - деген бір пікірі ойға
оралады. Ал Шәкәрім болса, осы идеяларды естіп, біліп қана қойған жоқ, оның
жүзеге асу барысын көзімен көрді, оған араласып та байқады. Бірақ ол Абай
ұстазының тәлімімен жүрді, аталған идеяларды, өзгерістерді өзінің
шығармаларында насихаттап, саяси өлеңдер жазған жоқ. Ақынның насихаттайтыны –
адамның да, қоғамның да адамгершілік мұраттары. Қоғамда болып жатқан
құбылыстарға қуанса да, күйзелсе де, ең алдымен халқының тағдырын ойлады,
олардың қазақ жұртына не беретінін, елдің тұрмысына қаншалықты пайдалы
болатынын ойлады. Осынау өзгерістерді қабылдауға қазақ қоғамы дайын ба? Міне,
осы сауал мазалайды ақынды. Сондықтан да болар, жоғарыдағы өлеңінде Шәкәрім
төңкерістің хабарын жеткізе отырып, халқына насихат айтады, ескерту жасайды,
сақтандырады. Өлеңінің өне бойында ақын елдің бірлігіне, ар мәселесіне, ардың
тазалығына айрықша мән береді, гуманизмін танытады.
Шәкәрімнің ақындық позициясы мен азаматтық үнін танытатын
әрі большевиктер төңкерісінің жеңісінен кейінгі қазақ арасындағы
қоғамдық-әлеуметтік жағдай мен халықтық психологияны суреттеуде ерекше маңызы
бар шығармаларының бірі «Бостандық туы жарқырап» өлеңі болды. Мұнда ақын заман
шындығын, нақты болмысты бүкпесіз бейнелейді. Айналасында болып жатқан
аласапыран өзгерістер туған халқына түптің түбінде жақсылық әкеледі-ау деген
үміт те болғанымен, бастапқы кезде көңілі күдіктен де арылмады.
Енді өмір не болар,
Күн туа ма оңалар, - деген толғаныс осынау күдікті
сезімнің жемісі еді. Дәл осындай жағдай жиырмасыншы ғасырдың басындағы күрделі
саяси-әлеуметтік оқиғалар тұсында өмір сүрген қазақ ақындарының қай-қайсысының
да басында болды. Бірақ, Шәкәрімнің бұл тұстағы күдігі, айналасындағы
өзгерістерге деген сенімсіздігі үстірт сезімнің көрінісі емес. Ақын оқырманын
терең ойлантады, әрбір құбылысты жақсы сараптай біледі. Өзінің саяси өмірден
сауаттылығын, болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға көзінің ашық екенін сездіреді.
Аталмыш өлеңіне тағы бір үңіліп көрелік:
Еркін тиіп қонысы,
Кеңір ме екен өрісі,
Не болады орысы,
Соны ойлайық бағалап.
Патсалық
енді тірілмес,
Бұлайша билеп жүрілмес,
Николай ісі білінбес,
Айтқаным емес табалап.
Орыс әзір
тына алмас,
Орнығып жұмыс қыла алмас,
Болмас па екен тайталас,
Бірін-бірі сабалап.
...Бола берсе таласы,
Екі нардың арасы,-
Шыбындай ғой шамасы,
Өлмей ме қазақ алдалап.
Өлең жолдарынан ақынның саяси-әлеуметтік өзгерістерді
жетік түсінгенін аңғарамыз. Патшалық биліктің қайтып оралмайтынын, Ресейде
жақын уақыттарда тыныштық орнай қоймайтынын, ондағы арпалыс аласапыранының
қазаққа да зияны тиетінін сезеді. Еркіндікке жету үшін қазақтың өзін түзеу
керектігін, билікқұмарлық, күншілдік қасиеттердің қазақтың аяғына тұсау
болатынын айтады.
Шәкәрімнің бір ерекшелігі – қай кезеңде де болашаққа
үмітпен, сеніммен қарады. Оның өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның бойында
беймаза абдыраушылықтан гөрі сабырлы оптимизм басым болды.
Шәкәрімнің 1917 жылғы оқиғалар мен одан кейінгі уақыт
жөніндегі ойларында өзіне ғана тән ерекшелік бар. Бір қарағанда, ақын өзін осы
жағдайлардан аулақ ұстаған тәрізді көрінеді. Бәлкім, солай да шығар? Әйтсе де,
Шәкәрім өлеңдерінде сол кезеңдегі тарихи шындыққа, қоғамдық өмірге баға беретін
ой ұшқындары біршама көрініп жатады. Заманға, қоғамды билеген партияға,
адамдарға беретін ақынның өз бағасы бар. «Мұтылғанның өмірі» деп аталатын
шығармасында ол сол кезеңдегі қазақ елінің, өзі өмір сүрген аймақтың саяси-әлеуметтік
тыныс-тіршілігін айқын бейнелеп береді. Ақтар мен қызылдардың алма-кезек
жеңісі, Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары, тағы басқа оқиғалардың қай-қайсысы
да ақын жүрегінің сүзгісінен өтеді. Ол бәріне әділ бағасын айтады. Мәселен,
өлеңінің бір тұсында ақын:
Алашорда бір бөлек,
Қауымның ойы өзгерек,-десе, ондағысы Алаш ұранының жалпы
қазаққа жақпағанын емес, оның большевиктер қауымына ұнамағанын тұспалдағаны деп
ойлау керек.
Ақын айналада болып жатқан жағдайды сынаудан да құр емес:
Партия – соры көп елдің,
Айта алмай соны бөгелдім,-
деп, сол кезеңде өмір сүрген
ақындардың ешқайсысы да айта алмаған. Шәкәрім біраз «бөгелсе» де, міне, осындай
батылдыққа барады. Ақынның қаламынан туған бұл жолдар оның бір сәттік
көңіл-күйінің ұшқынынан тұтанған көрініс емес. Ақын шығармаларының бүгінгі
күнге соншалықты үлкен трагедиялық жолдың ауыр азабын көріп барып жеткенін,
қаншама жөнсіз сұрыптауды басынан өткергенін және осы жолда жоғалтқан бізге
белгісіз мұраларының әлі де болуы мүмкін екенін еске алатын болсақ, онда бұл
сипаттағы туындылардың саны мұнымен шектелмейтінін де анық болжауға болар деп
ойлаймыз.
Қазақ топырағына келген өзгешелеу заманды, оның тарихи
шындығын Шәкәрім осылай түсінді. Өзі түсінумен ғана шектеліп қалған жоқ, өзінің
ұғымын бұқараға мейлінше ашық әрі ұғынықты түрде жеткізе жырлады. Ендігі
заманның мәні адал еңбек пен ынтымақты бірлікте екенін түсіндіруге күш салды.