Шәкәрім поэзиясының текстологиясы хақында
Текстология
(мәтінтану) – қазақ әдебиетін зерттейтін ғылымда кенже қалып келе жатқан сала.
Мәтінмен шұғылдану тонналаған руданың ішінен бірнеше грамм алтын іздейтін
кеншілердің жанкешті еңбегін еске түсіреді. Текстология – қаламгердің
жинақтарын баспаға дайындауға ең сенімді, ең алғашқы, түпнұсқалық мәтінді табу
міндетін қояды. Текстология ғылымы жазушының төл қолжазбасына сүйенуді талап
етеді. Бұл жағдайдың қазақ әдебиетін зерттейтін ғылымды тығырыққа тірейтін
қиыншылығы бар. Оның басты себебі қазақ әдебиетінің ертеректегі тарихын былай
қоя тұрып, ХҮІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген қаламгерлеріміздің өз қолымен жазған
(автограф) шығармаларының бізге жетпеуі.
Шәкәрім
Құдайбердіұлы қолжазбаларының аумалы-төкпелі заманда өртеніп, жоғалып мұрагер
ұрпақтың қолына тимеуі трагедияның үлкені. Төңкеріс заманы, одан бергі саяси
қуғын, жаппай қырғын, репрессия Шәкәрім мұрасын сақтауға мүмкіндік бермеді. Бұл
– мәтінтанудағы, әсіресе Шәкәрім мұрасын жариялаудағы басты кедергі, ойсыраған
олқылық. Қолжазба мұраларының бүгінгі күнге жетпеуі жүйелі, тиянақты
ізденістерге қолбайлау болып келе жатқандығы
мәтінтанудың көсегесі көгермеуіне басты себеп. Олай дейтініміз,
мәтінтану үнемі қағаберіс қалуда. 1959 жылы жарық көрген Қайым Мұхаметхановтың
«Абай шығармаларының текстологиясы жайында» монографиясынан кейін бірде-бір
монографиялық зерттеудің жазылмауын қалай түсіндіреміз? Ауыз әдебиетінің,
айтыстың текстологиясына қатысты ұжымдық еңбектер баспа көрді, әр кездері, әр
жылдарда жазылған мақалаларды да жоққа шығара алмаймыз, керекті, қажетті
дүниелер. Бұрынғы тарихты қазбаламай-ақ, соңғы отыз жылдың бедерінде
мәтінтануға арналған Республикалық ғылыми-теориялық конференцияның өтпеуі де
қатты ойлантады. Жоғары оқу орындарында мәтінтану мамандығы бойынша магистранттар мен бакалаврларды дайындау
ісінің жолға қойылмауы да мәселенің көкейкестілігін айқындай түседі.
Ш.Құдайбердіұлы
шығармаларының мәтіндік проблемалары төңірегінде ой өрбітпес бұрын Шәкәрім
есімінің жазылуы хақында бірер сөз. Қазақ тұрмысында азан шақырылып қойылған
есім мен ауыл-аймақ, ел-жұрт арасында берілген, қалыптасқан есімнің егізқатар
жүруі «қағазсыз заңдастырылған» ғадеттер қатарында. Ешқандай оғаштығы жоқ,
әдепкі жағдай іспетті. Бұған дәлел – ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен ұлыларымыз Абай
(азан шақырып қойылған есімі Ибраһим) Құнанбаев, Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин,
Шоқан (Мұхамед-Ханафия) Уәлиханов есімдерінің халық аузында, кейініректе жазба
деректерде сіңісіп кетуі. Осы үрдіс Шәкәрім антропониміне де қатысты. Ғұлама
Шәкәрім төл есімінің мән-мағынасын түсінген, жете білген. Көзі тірісінде баспа
көрген кітаптарында, газет-журналдарда жарияланған дүниелерінде бадырайтып
«Шаһкәрім» деп көрсеткен. Орыс харпімен жазғанда «Шахкарим» деуден танбаған.
Ұстазым, марқұм Қ.Мұхаметханұлы тек қана «Шаһкәрім» үлгісін қолданса, қазақтың
көрнекті жазушысы Р.Сейсенбаев та «Шаһкәрім» вариантына тегіннен тегін
«жабысып» қалмаған. Тек кейінгі ұрпақ араб әліпбиін ескермегендіктен түрліше
жазып жүр. Жазушы Дәулет Сейсенұлы «Егемен Қазақстанда» [1] жанайқайын
білдіріп, Шәкәрім есімінің түрліше бұрмаланып жазылып жүргендігін дер кезінде
мәселе етіп көтерген-ді. Марғау қалпымыздан өзгерген жоқпыз.
Барша
деректер бір арнаға құяды. Ақынның азан шақырып қойған есімі – Шаһкәрім. «Шаһ»
сөзі парсы тілінде «патша», «сұлтан» лауазымдарын білдіреді. «Карим» (Алла
тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі «әл-Карим» - А.Е.) – араб тілінен
аударғанда жомарт, ақ көңіл, шарапатты,
сыпайы, қымбатты ұғымдарын береді. «Шаһкәрім» толық күйінде «кең
пейілділіктің, жомарттықтың, сыпайылықтың патшасы, иесі» мағынасын жеткізеді.
Ендеше бұл аса қастерлі есім. Шәкәрім қолданыста жүре беруге хұқылы. Бірақ
ресми қолданыста «Шәкәрім (азан шақырып қойған аты Шаһкәрім) Құдайбердіұлы» деп
жазсақ қателеспейміз.
Шәкәрім
текстологиясын сөз етуде алдымен назар аударатын мәселелеріміз. Бірінші
Ш.Құдайбердіұлының көзі тірісінде жарық көрген кітаптары: «Мұсылмандық кітабы»,
«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Жолсыз жаза», «Қазақ айнасы»,
«Қалқаман-Мамыр», «Дубровский» [2]. Сондай-ақ көзі тірісінде газет-журналдарда
[3] шыққан туындылары. Ақын қолжазбаларынан бізге жеткені С.Мұқановқа жолданған
хаты [4] және фотосуреті сыртындағы жазу. Басқасы жойылған, өртелген, қолды
болған.
Шәкәрім
қолжазбалары Қытайдағы қандастарымыздың қолында болуы ғажап емес. Зият
Шәкәрімұлы Қытайға өткенде өзімен бірге әкесінің қолжазбаларын ала кеткен. Ол
қолжазбалардың тағдыры әзірге белгісіз. Мұрағаттанушы марқұм Б.Байғалиев
қолжазбалар негізінде «Иманым» [5] кітабын жариялады. Қолжазба деректерді
жинастыру, ғылыми құндылығын анықтау, салыстыру, айналымға енгізу
мәтінтанушылар атқармақ кезек күттірмес зәру мәселелерден саналады. Көрнекті
шәкәрімтанушы, академик З.Ахметов: «Түгелдей алғанда Абай шығармаларын
текстологиялық тұрғыдан зерттеуде айтарлықтай табысқа қол жетті, академиялық
толық жинақтағы шығармалардың текстері дәйекті түрде анықталды дей аламыз. Ал
енді нақтылап айтсақ, қолжазбалардың ең негізгісі, толығы – 1905, 1907, 1910
жылғы Мүрсейіт Бікеұлының жазбалары. Санкт-Петербургта басылған Абай
шығармаларының тұңғыш жинағындағы текстерді де түпнұсқа ретінде қараған орынды»
[6, 259],-деген ұсыныс жасайды. Көшірмеші Мүрсейіт пен ақын дүниеден өткеннен
кейін ұрпақтарының жинақтап, құрастыруымен шыққан кітапты түпнұсқа есебінде
қабылдасақ, Шәкәрімнің көзі тірісінде өз қолымен баспаға тапсырған кітаптары
мен газет-журналдардағы материалдарды канондық мәтін деңгейінде айналымға
түсірудің әбестігі жоқ. Ең соңында, есте ұстайтын жайт Ахат Шәкәрімұлы
қолжазбаларының құндылығы, пайдалылығы. Құрқұдықта көмусіз қалған әке қасіреті
текті тұяқ Ахатты қатты ойландырса керек. Бар мақсаты – әке мұрасын кейінгі
ұрпаққа шашау шығармай жеткізу. Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қорына, Ғылым
академиясының Орталық ғылыми кітапханасына, Семейдегі Абай мұражайына көшірме
жасап, тапсыруын басқаша түсіндіру мүмкін емес. «Біздің байқауымызша, дәл
бүгінгі күні ғылымға белгілі көшірмелердің ішіндегі айрықша құндысы – ақынның
бел баласы Ахат 1936 жылы Республикалық көпшілік кітапханасының сирек кітаптар
мен қолжазбалар қорына тапсырған екі томдық жинағы (№ 188, № 210). Және Абайдың
Мүрсейіт қолынан шыққан көшірмелері сияқты, Шәкәрім мұрасының ең сенімді, ең
деректі нұсқасы деп танылуға тиіс» [7, 248],-деп келетін М.Мағауин тұжырымы
академик З.Ахметов пікірін дәлелдей, күшейте түскен. Зерттеушілердің бағдарда
ұстамақ қымбатты қазынасы Ахат қолжазбасы екендігін естен шығармаған абзал.
Шәкәрім
текстологиясын зерттеу объектісіне айналдырғанда төмендегі ойларды назарда
ұстаған жөн. Қандай да болмасын қаламгердің мұрасын тану мәтінтанудан басталмақ
керек. Неге десеңіз бір қаріптің өзгеруі шығарманың көркемдік құны мен айтпақ
ойына, образдар жүйесіне зор нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Мәтіннің бұзылуы,
жариялаудағы ұқыпсыздық қауіп-қатердің орасан зоры екендігін ұққан айқын.
Шаһкәрімнің
өзін сөйлетейік:
«Қазақ тілі»
газетінің басқармасына өтініш.
Төменгі
сөзіме газетіңізден орын берсеңіз екен.
Баяғы
түріктің атақты ақыны (поэт) Физули өлеңінің басында айтқан: «А, құдай! Менің
өлеңімді үш түрлі антұрғаннан сақта. Бірінші, әннің ретін білмейтін кісіден
сақта, себебі ондай кісіге айтқан жақсы өлең де жаман көрініп байыбына бара
алмайды. Екінші, күншілден сақта, оның себебі жақсы өлеңімді жамандап, теріс
мағыналап, халықтың жүрегіне азғыру салады. Үшінші, қате жазушыдан сақта, оның
себебі менің «көз» деп жазғанымды «көр» деп жазып, ашық көзімді соқыр
көрсетеді»,-деген. Сол айтқандайын Ташкенттегі «Шолпан» журналы менің өлең
қылған «Ләйлі-Мәжнүн» әңгімесін соншалық көп қате қылып басыпты. Оны түзеу
қайтадан бір кітап жазғаннан қиын.
Кей
өлең мүлде жоқ, кейінің жартысы жоқ, әріп қатесі есепсіз көп. Өлеңімді соқыр,
ақсақ, шолақ қол қылыпты. Өлеңнен хабары бар кісі оқыса, ол менің кемшілігім
емесін білер» [8].
Ұстазы
Абайдың «іші алтын, сырты күміс сөз сарасын» жалықпай іздеудегі өнегесін
ыждаһатпен қабылдаған. Сөздің құдіреті мен қасиетін қапысыз таныған.
Шәкәрім
жинақтарында орын тепкен: «Ту тіккен Тобықтының қос басшысы, Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі»,-деген жолдарды қалай
түсінуге болады? Және «қос басшысы» 1988 жылы М.Мағауин түзген жинақтан
басқасының баршасынан орын алса, бармағыңды шайнағаннан басқа не шараң қалды?!
«Қос басшы» Жуантаяқ пен Тоқтамыс болғаны ма? «Қос басшы» емес «қолбасшысы»
сөзінің тарихи танымға сәйкестігі қалай ескерілмеген? Ендеше текстология
арқалар салмақ шектен тыс ауырлығын ұғыну шарт.
1988
жылдан Ш.Құдайбердіұлы жинақтары бірнеше рет басылып шығып жатыр. Қуанышты.
Саннан сапаға көшер уақыт жетті. Шығып жатқан жинақтарға оқырман да, маман
ғалымдар да лебіздерін білдірді. Қ.Мұхаметхановтың «Біздің міндет» [9],
«Шәкәрім шығармалары» жинағы жайында» [10], «Құдай» деген сөзден құдай
сақтасын...» [11], Ғ.Сапаевтың «Ескеретін бір жай» [12], Ж.Құжиманованың «Анық
та танық болсын» [13], Ғ.Қабышевтің «Шәкәрім «атеист» күйінде қала берсін бе?
[14], «Ақын атамыз Шәкәрімнің аруағына хат» [15] мақалалары, басқа да аталмаған
еңбектер мәтінтануда ойсырап тұрған кемшіліктердің орын алғандығын айқындап
береді. Өкініштісі өзгерген ештеңе жоқ.
«Баяғы жартас, бір жартас». Осыншама енжар, бейжай қарау құптай қоярлық жағдай
емес. Мәтінтанушының міндеті – бір қаріп қатесі болса да іздеп тауып, дәлелдеп,
кәдеге асыру. Одан артық бақытты да, ләзатты да таппайсыз.
Шәкәрім
мемлекеттік университетінің Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы ректордың
мұрындық болуымен «Шәкәрім шығармаларының текстологиясы» жобасына кірісе
бастадық. Алдыда ұлан-ғайыр жұмыс. Тек нәтижесі болғай. Түпкі мақсат –
Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының көптомдығын шығаруға дайындық. Жұмыс жоспарына
сәйкес ақынның Семейде шыққан кітаптарының («Қалқаман-Мамыр», «Қазақ айнасы»,
«Жолсыз жаза») факсимилдік нұсқасын жасауды қолға алдық. Үшеуі де дайын.
Факсимилдік басылымға қойылатын талаптар бойынша ешбір түсініктер мен қосымша
аппараттарға жол бермеуіміз керек. 1912 жылғы басылымда қалай сол мәтін
сақталуы керек.
Ендігі
кезекте бірінші басылымды негізге ала отырып текстологиялық ізденістер
жүргізудеміз. Бұл жерде істелмек дүние жетіп артылады. Бір ғана
«Қалқаман-Мамыр» поэмасына тоқталайық. 1912 жылы «Жәрдем» баспаханасынан жарық
көргенде «Қазақ тіліндегі тарихи хикая» деп атаған автор. «Мұтылған»
псевдонимімен жариялаған. Алғаш жарнамасын жасаған «Айқап» журналы: «Мұтылған.
«Қалқаман-Мамыр» - қазақ тілінде тарихи хикая. Шығарушысы һәм бастырушысы
Шаһкәрім Хұдайберді-ұғлы. Бұл кітапта қазақта мұнан 190 жыл бұрын болып өткен
бір оқиғаны қисса қылып өлеңмен жазылған. Оқушыларға әсерлі көркем кітап.
Алушыларға Семипалатта «Ярдам» кітапханасынан алдыруға болады» [16].
Поэманы
ұнатып, жылы сыни лебіз білдіруші «Қыр баласы» [Ә.Бөкейханов – А.Е.]. «Мұны
шығарған «Қазақ һәм хандар» шежіресін жазған Шаһкәрім. Шаһкәрім Абайдың ағасы
Хұдайберді баласы. Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай, көлеңкеде
жүре берген. 1900 жылы Шыңғыс елін жазған Иван Филиппович Гусев Шаһкәріммен
сөйлескен. Маған сонда айтты: «Жұрттың бәрінің аузына алғаны Абай. Шаһкәрімнің
білімі де қазақта жоқ екен» [17],-деген жоғары баға шығарманың құндылығына ғана
нұсқап қоймай, Шәкәрімнің биік парасат иесі екендігін дәлелдеп береді.
Назарымызды
текстологиялық ізденістерге аударайық. 1912 жылы Шәкәрім өз қолымен баспаханаға
тапсырған жинақ алғашқы нұсқа есебінде. Тап-тұйнақтай. Небәрі 376 жол. Ахат
Шәкәрімұлының Семейдегі Абай мұражайы қорына тапсырған қолжазбадан да
айырмашылық көп емес. Дегенмен бар. Жекелеме сөздердің жазылуында, сондай-ақ
типография қызметкерлерінің баспаға дайындауында бірен-саран өзгерістер
ұшырайды. Біздің міндетіміз, мүмкіндігінше, шағын болса да кездесетін айырмашылықтарды
түзету.
Осы
жерде ірі мәтінтанушы ғалым Зәки Ахметов естелігін келтіру артықтық етпес.
М.О.Әуезов Абайдың 1957 жылғы екі томдығын дайындауда алты ай бойы үзіліссіз
қолжазбалар мен түрлі басылымдарды салыстыруға уақыт тапқандығы, оған Ә.Марғұлан,
І.Кеңесбаев сияқты дара тұлғаларды қатыстыруын тамсана еске алады. Асқан
жауапкершілікпен әр сөзге мән беруі - есте сақтарлық өнеге.
«Әлекең
(Марғұлан) Құдашевтің қолжазбасы деп аталған өзі Ленинград архивінен тапқан
Абайдың бір топ өлеңдерінің тексі туралы айтып, «Қан сонарда бүркітші шығады
аңға» деген өлеңіндегі «Тастан түлкі табылар аңдығанға» деген сөздер «Таудан
түлкі табылар аңдығанға» деп жазылған екен, анық дерегі бар сөз ғой, кітапқа
солай берілгені жөн деген еді. Сонда Мұқаң үлкен білгірлік танытатын пікір толғады. «Тастан түлкі табылар» деген барлық
кітаптарда және қолжазбаларда бар, әбден қалыптасқан, ел білетін орнықты сөз.
Оны өзгертуге бір көшірме қолжазба, нақтылы дерек-ау дегенмен жеткілікті дәлел
бола алмайды» деді. Қырдың түлкісі болады, далада жүреді, ол да қысталаңда бой
тасалайтын жерін сағалай жүреді. Таудың түлкісі болады, тастың арасында жүреді.
«Тас» деген сөздің өзінде «Тау» деген ұғым және бар. Бірақ «тау» деген
жалпылама сөз, «тас» деген сөзде поэзияға тән нақтылық бар. Абайдың сөзді дәл
тауып, айтқанын көзге елестетерліктей етіп көрсетуге жүйріктігі осы бір
сөзінен-ақ байқалып тұр деді. Бірақ ана «таудан түлкі табылар» деген де бар
екенін комментарий (түсініктеме) бергенде айтса болар еді. Басқалар түгел осы
пікірді құптады [6,268],- деп қуанышы қойнына сыймайды. Сөздің қасиетін
осылайша ұғынуға ұмтылсақ қандай ғанибет.
Ш.Құдайбердіұлының
1988 («Жазушы»), 1990, 2006 жылғы кітаптарында «Қалқаман-Мамырдың» кіріспесі
алынып тасталған. Ол мынау: «Бұл әңгіме 1722 жылы біздің Орта жүз қазағы
Сырдария бойында жүргенде болған анық іс. Біздің қазақ қалмақтан жеңіліп,
«Ақтабан шұбырынды» болғаннан бір-ақ жыл бұрын, Қалқаман-Мамырдың ісіне ескі
қазақтар теріс көзімен қараса да, осы күнгі көңілінің көзі ашықтар жазасыз
екенін біліп, дұға қылса керек. Өлгенді тірілтпесем де, өшкенді жандырғандай
болсын деп биыл жүз тоқсан жыл болып, ұмытылған істі алдыңызға қойдым. Бұл
әңгіме ақсақал аузынан да қалып бара жатыр. Сол асықтардың өзі кетсе де, ізі
жоғалмасын дедім. Біздің ізіміз жоғалатұғынын ойлап...
Шәкәрім».
Көлемі
шағын демесеңіз шығармада айтылмақ өзекті ойды қалтқысыз жеткізген. Бұлжымас
дерек, өткенге барлау, адамгершілікті жол етіп ізгілікке ұмтылу авторлық
позицияны ұғынуға жетелейді. Келесі басылымдарда авторлық аңдатпаның міндетті
түрде жинақтан орын алуын қадағалауымыз керек.
Барлығымыз
мақтап жүрген 1988 жылғы кітапта [7,160]:
Көкенай,
қарғамаймын, сөзіме бақ,
Ісім
жөн, бір құдайға көңілім хақ.
Мойныңа
менің қаным халал болсын,
Болма
енді Қалқаманның қанына ортақ,-
деп келетін
жолдардан кейінгі бір шумақ мүлдем түсіп қалған.
Кешікпей
мен өлемін сен тірісің,
Іс
емес құдай кешер қылған ісің.
Өлтіртпе,
тілегім сол, Қалқаманды,
Барасың
тәңір алдына білемісің?-
деген [18,9]
шумақты қосып оқысақ, ой жүйесі қалпына келіп, мазмұн ашыла түспек. Қазақы
әдет-ғұрыпты берік ұстанған тасбауыр жандарға Мамырдың соңғы тілегі тұтас
күйінде жетер еді.
Мәтінде
ұшырасатын «жоғалатұғынын» - «жоғалатынын», «ғашық болса» - «асық болса»,
«махабатлы» - «махабатты», «теңі жоқ» - «тегі жоқ», «әйтсе де» - «айтса да»,
«көнбеді» - «көнбейді» сияқты көптеген өзгеріске ұшыраған сөздерді түзеуге
болар.
Соны
айтып қамшы басты күрең атқа,
Қуса
да жеткізбеді жәмиғатқа.
Ұлы
жүз Елібайда нағашысы,
Жөнелді
соған қарай Бұхар жаққа [18, 11],-
деп қара
саннан садақтың оғы өтіп, қансыраған Қалқаманның нағашы жұртына бет түзеген
бейдауа шағын суреттейтін шумақты жай әншейін әріп қатесіне қосу қиын. «Ұлы жүз
Елібайда нағашысы» тармағының
көпшілік жинақтарда «Еділбайда нағашысына» айналуы әрі
күлерлік, әрі қиналарлық жайт. Елібай аталатын іргелі рудың «Еділбайға»
ауыстырылуы баспагерлердің қазақ тарихы мен шежіресінен мағлұматы аздығын
көрсетеді.
Ш.Құдайбердіұлы
баспаға әзірлеген кітабына «Қалқаман-Мамырдан» басқа сегіз өлеңін қосқан. Олар:
«Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Ер қоспақпен сөз
сөйлемек», «Махаббат пен құмарлық», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс»,
«Міндеу мен күндеу». Бұл өлеңдерден де түрліше оқылған, әріп қателігіне
үшыраған сөздерді кездестіріп қаласыз.
1988
жылғы жинақты түзген үлкен ғалым М.Мағауиннің қолжазбаға сүйендік деген
ескертуімен таныс едік. Бірақ аталған жинақтан 1912 жылғы басылымға енген
«Шаруа мен ысырап», «Дүние мен өмір», «Міндеу мен күндеу» өлеңдерін таба
алмадық. Қолжазбаларды ақтара түсу қажеттілігі туындайды.
«Ашу
мен ынсап» өлеңінің 2008 жылғы жарияланымында [19] бірінші шумақ түсіп қалған.
Алғашқы басылымдағы шумаққа назар аударайық [18, 13]:
Білгенімді
жазушы ем,
Бекем
буып белімді.
Мінін
айтып қазушы ем,
Түзетпек
боп елімді.
Өзін
қатал сын тезінен өткізуден қаймықпайтын қайсар ақын мінезі бірден бой
көрсетеді. Үшінші тармаққа: «Мінін айтып қазушы
ем» деп нақтылай түседі. Барлық басылымдарда, мұның ішінде Ахат
Шәкәрімұлының қолжазбасында да «қазушы
ем» «қалушы емге» айналып
кеткен. Логикалық, мазмұндық жағынан да «қазушы
ем» нұсқасы жүрекке жақын, көңілге қонымды сияқты.
Осы
ретте тағы да бір мәнді мәселені көтергім келіп тұр. Ол – ақын өлеңдерінің
жазылған уақытын анықтау. Мәтінтанушыларға, әдебиетші қауымға өте-мөте қажет
дерек. Жай әншейін долбарға көнбейді. Иландыратын факт қажет. Дәл осындай
қиыншылыққа кездескенде Ахат Шәкәрімұлының жазба-сызбалары қол ұшын созары хақ.
Бұрын ғылыми айналымға түскен қолжазбаларынан басқа облыстық, аудандық
газеттерде жарияланған «Әкемнің шығармалары жайында» аталатын көлемді
материалдар белгілі. Сонда қай шығармасының қашан, қандай жағдайларға
байланысты жазылғанын жан-жақты әңгімелейді. Аталған дүниелерді және Ахат
қолжазбаларының жариялауды күтіп жатқандарын баспаға ұсыну арқылы іздегенімізді
жолықтырудан үміттіміз.
Мәтінтану
- әрекідік соғып өтуге алғызбайтын, тереңіне бойлатпайтын ғылым саласы. Жүйелі,
табанды зерттеулермен ғана мақсатымызға жетеміз. Сонда ғана сапалы, пайдалы,
қазыналы көп томдық сүйікті оқырманын табады.
Әдебиет
1 Сейсенұлы
Д. Шәкәрім бе, Шәкерім бе? - «Егемен Қазақстан», 2003, 29 қаңтар.
2 «Мұсылмандық
кітабы», Орынбор, 1911; «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі», Орынбор,
1911; «Жолсыз жаза яки кез болған іс», Семей, 1912; «Қазақ айнасы», Семей,
1912; «Қалқаман-Мамыр», Семей, 1912; «Дубровский», Семей, 1924.
3 Шәкәрімнің
көзі тірісінде «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Абай»,
«Қазақ тілі», «Шолпан», «Таң» газет-журналдарында шығармалары басылған.
4 «Егемен
Қазақстан», 2006, 22 наурыз.
5 «Иманым».
Құрастырған: Б.Байғалиев, Е.Қасейінұлы.- Алматы: Арыс, 2000. - 321 б.
6 Ахметов
З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 272 б.
7 Шәкәрім.
Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жалын, 1988. – 256 б.
8 «Қазақ
тілі», 1924, 31 январь, №13 (412).
9 «Қазақ
әдебиеті», 1988, 24 маусым.
10 «Семей
таңы», 1989, 21 ақпан.
11 «Қазақ
әдебиеті», 1989, 17 наурыз.
12 «Семей
таңы», 1990, 12 қаңтар.
13 «Егемен
Қазақстан», 2004, 28 сәуір.
14 «Қазақ
әдебиеті», 2008, 7 наурыз.
15 «Жас
Алаш», 2008, 25 қараша.
16 «Айқап»,
1912, №14, 298-б.
17 «Қазақ»,
1915, 22 апрель.
18 «Қалқаман-Мамыр»,
Семей, «Жәрдем», 1912. -24 б.
19 Шаһкәрім.
Өкінішті ғұмыр. ІІ-т. Жидебай, 2008. – 428 б.